Жеті қазынасы түгел Жетікөл деген ауылда дүниеге келген Алтын бала жасынан-ақ өнермен сусындаған жан. Әкесі Иманбай кәнігі күйші еді. Аттың жанына жиде талынан жасалған қара домбырасын байлап, ауыл-ауылдыаралайтын. Кешқұрым құс жастықты жауырынына тастап, қос ішекті құйқылжыта шерткенде кішкентай Алтын домбыраның құлағын құшырлана тістеп отыратын. Әкесі мен қызының «концертіне» кейде «әу» деп отанасы Ибагүлдің де қосылып кететіні бар. Осындай отбасы балаларының бәрі өнерлі болып өсті.
Көзіне маржан шағылғандай болып тұратын сол қараторы қызды ән-күй пәнінің мұғалімі Әділхан Дүйсебеков мектепте құрылған вокальды аспаптар ансамблініңқұрамына алып, «бұлақтың көзін ашқандай» шыңдады. Тұлымшағы желбіреген қыздың орындауындағы «Бір бала», «Дедімай-ау» әндерін ауылдастары үлкен әншілер келіп қалғандай, ұйып тыңдап, орнынан тұрып қол соғатын.
Ұстазының өзіне артқан сенімін ақтамақ болған Алтын мектептен соң Жезқазған мәдени-ағарту училищесіне оқуға түсті. Бойдағы талабы оқумен ұштасып, дарыны ашыла түскен талапты жастың өз жанынан шыққан алғашқы әнін он сегіз жасында жазыпты. Бұл әннің туынды есебіндегі өмірі жарқын болмаса да, тұла бойында бұлқынған ерекше сезім барын көрсетті. Болмысқа дарыған дарын өз иесіне де тыным бермейді екен.
Еңбек жолын Қызылорда облыстық филармониясының әншісі болып бастаған ол қызмет ете жүріп, сырттай оқып білімін көтерді. Сол жылдары жан дүниесінде әлдебір ішкі күйзелістің барын жиі байқайтын. Түн ішінде беймәлім біреу түртіп оятып, қайтып кірпігі ілінбейтін. Ұйқы көрмеген көзіндей болып қызарып күн шыққанда көкірегі де арайланып кететін. Сосын ән туатын. Бұл тума дарындардың бәрі бастан кешетін құбылыс. «Мен өлең шығармаймын, оны менің құлағыма біреу сыбырлайды, тек соны көшіруші ғанамын» деген Мұқағалидың «Күнделік» деп аталатын кітабындағы сөзін еске түсірсеңіз де мұның мәнін түсінгендей боласыз.
Алтынның толғаныспен жазылған «Елес» деп аталатын әні талай жердің бәйгесін алды. Сөзін Асқар Дүйсенбиев жазған бұл ән 2009 жылы өткен республикалық байқауда бас жүлде иеленді. Осы жылы Кентау қаласында өткен Сейдолла Байтерековтің «Әлия» республикалық әнші-композиторлар байқауында да «Елес» ең озық ән аталды. Қызылордадағы композитор Р.Тайманов атындағы ән байқауының да бас бәйгесі осы әннің еншісіне тиді. Бұл ән тек қазаққа ғана емес, креоль тілінде сөйлейтін ән-бидің отаны саналған доминакандықтарға да ұнап қалыпты. Пунта-Канода өткен халықаралық әлем балаларының ән байқауында шырқалған туынды арнайы таспаға жазылып, сол елде қалдырылды. Қазір ол Доминакан әншілерінің репертуарына енген.
Алтын екеуміздің жақын араласуымыз 2008 жылы Астананың 10 жылдығы тұсында басталды. Ол менен жаңа әніне сөз жазып беруімді өтінді. Жазып бердім. «Нұр Астана» аталған осы ән әлі күнге сахнадан түскен жоқ. Алғашқы кезде оны жас әнші Сәния Ғаниқызы орындаған, өткен жылы елорда тойы қарсаңында жаңа бейнебаян түсіріліп, қайта жаңғыртылды. Астанада білім алып жүрген – А.Бөлебай, Н.Сағынтай, М.Аманжолов, А.Жұмабек секілді талантты қызылордалық әншілер шырқаған «Нұр Астана» республикалық телеарналарда көрсетілді.
Алтын шығармашылығы арқылы – Ұлпан Әбдікәрімова, Индира Ахметова, Ақмарал Құланбаева сияқты жергілікті әншілердің бағы жанды. Олар Алтынның шығарған әнін айтқан жерден жүлдесіз оралмады.
Композитордың отаншылдық әндері тыңдарманына айрықша әсер етіп, көңіл нұрландырар көркем шығармаларға айналды. «Елбасына арнау», «Қазақстан», «Сыр – Алаштың анасы» секілді туындылары асқақ жігер, айрықша үнмен шырқалады. Тыңдаушысын да, орындаушысын да тапқан Алтынның «Абзал аға», «Илья – чемпион» деп аталатын әндері Сыр елінің ғана емес, қазақтың даңқын асырған Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ерәлиев пен атақты зілтемірші Илья Ильинге арналған. Ұлттық рухты көтеретін бұл екі әнді әр тыңдаған сайын бір түлегендей боласың.
Әншінің құрметі, Алтынның қадірі халық ішінде. Оны білетін жұрт «Алтынның жаны да алтын, әні де алтын» деп құрметтейді.
Біз де осындай бір ізет көрсетуді көздедік.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
журналист
Қызылорда