Жиында сөз алған Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариевтың айтуынша, екі жыл бұрын Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банк Жастар корпусын дамыту жобасын іске асырды. Жоба осал топтағы жастарды қоғамға сәтті бейімдеу және нәтижелі еңбекпен қамту үшін өмірлік маңызы бар дағдыларды дамыту арқылы әлеуметтік пайдалы қызметке тартуға бағытталған. Жобаға қатысушыларға қойылатын негізгі талап – тұрақты, өнімді, қоғамның қажетіне жарайтын, сұранысқа ие саланы жандандыру.
̶ Былтыр гранттық қаржыландыру бойынша тіл үйрету, компьютерлік, ғылыми-техникалық және тағы да басқа 250-ге жуық білім беру курсы іске қосылды. Бұдан өзге 200 жоба ауыл шаруашылығы саласын жандандыру аясында іске асты. Жас кәсіпкерлер сүт өнімдерін шығаратын шағын өндіріс орындарын ашса, енді бірі құс өнімдерін дамытуды қолға алды. Сонымен қатар ұлттық нақыштағы киімдерді нарыққа бейімдеп, саудалау ісі де қарқынмен дамып келеді. Бұл ретте 125 жоба би, ән, шеберлік үйірмелеріне арналған шығармашылықты дамытуға бағытталған болса, 61 жоба тамақ өнімдеріне, 86 жоба тігін өндірісіне арналып отыр, − деді А.Өрсариев.
Жастар корпусын дамыту жобасы өңірлердегі жастардың біліктілігіктерін шыңдауға басымдық береді. Былтыр Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Қостанай облыстарындағы жас кәсіпкерлер өз ісін бастауға мүмкіндік алған. Форумда Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браун жас кәсіпкерлерге мүмкіндік беру, қолдау көрсету арқылы ел экономикасы тұрақталатынын жеткізді.
̶ Дүниежүзілік банк 25 жыл ішінде Қазақстандағы жобаларды қаржыландыруға 8 млрд доллар қаражат бөлді. Транзиттік-логистикалық ірі жобалардан бөлек, республикадағы өз кәсібін бастауға мұқтаж жандарды қолдауға да көңіл бөліп отырмыз. Себебі, әлемдегі кез келген дамыған елді алсаңыз, ондағы байлық минералды ресурстармен өлшенбейді. Керісінше, адами ресурстың маңыздылығын аңғарамыз. Жастардың ой-санасындағы тың бастамаларды, қажыр-қайратты елдің дамуына жұмылдыру арқылы көш ілгері дамуға болады. Оның үстіне жастар корпусын дамыту жобасы Қазақстанның барлық аумағын қамтиды. Сонымен де құнды, − деді ол.
Қызылорда облысынан келген қатысушы Гүлмира Әлиева тоқыма тоқумен айналысады. Оның «Zhas project» жобасы аясында көптен ойға алған арманы орындалып, өз кәсібін ашуға қол жеткізді. Шеберханасында 5-6 адам жұмыс істейді. Қазіргі уақытта әлеуметтік жағынан аз қамтылған балаларға арнап жейделер тоқумен айналысады.
̶ Мемлекет тарапынан көрсетілген көмек арқылы жаңа техникалармен тоқыма шеберханасын жабдықтадым. Алдағы уақытта нарыққа бейімделген өнімдерді қолжетімді бағамен ұсынуды жоспарлап отырмын. Жастар жылында жас кәсіпкерлердің ойға алған армандарын орындауға мүмкіндік бар, – деді «Нұралы» тігін шеберханасының жетекшісі.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»