Геоглифтанушы мамандар бұл геоглифтер осыдан 10-12 мың жыл бұрын пайда болуы мүмкін деген болжам айтады. Тіпті кейбір зерттеушілер басқадай дереккөздерін пайдалана отырып, жоғарыдағы қазақ даласынан табылған мұраларды Маханджар мәдениетімен шамалас б.з.д. 9-6 мың жылдары көлемінде тұрғызылған деген де пікір айтуда.
Қалай десек те, бұл белгі-бейнелер жер бетіндегі көне мәдениеттің ізі екені анық. Сол себепті, геоглифтер қазір жалпыұлттық деңгейлі қасиетті нысандар қатарына алынып, болашақта бұл өлкені тарихи-мәдени туристік орынға айналдыру мүмкіндігі мол деген пайым жасалуда.
Аталған тақырып бойынша ізденіп, геоглифтердің тарихымен шұғылданып жүрген зерттеуші Кеңесбек Мәулітұлы, мұндай символдарды дүние жүзінің кез келген бұрышынан: құрылыстардан, киімдерден, құралдардан, т.б. кездестіруге болады. Бірақ еш жерде мұндай дүниелер Торғайдағыдай жер бетінде, алып құрылыс кешендері түрінде кездеспейді дейді. Сондай-ақ зерттеуші геоглифтердің иесі – Торғай бұғазы ойпатында Атбасар мәдениетін жасаушы прототүрік бабалар деген тың пайым ұсыныпты.
Соңғы жылдары жаңадан табылып жатқан белгі-символдарды қосқанда қазір барлық геоглиф саны он шақты. Олардың ішіндегі ірілері: Төрттаған (Үштоғай төрттағаны); Свастика (Торғай свастикасы); Екідің және Ащытас крестері.
Үштоғай төрттағаны Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Үштоғай кентінің шығысында 15 шақырым жерде орналасса, Торғай свастикасы Амангелді ауданы Үрпек кентінің маңында. Нысандар бейнесі төртбұрышты сарай тәрізді барлық тарабында тепе-тең үйінді кеңістігі орналасқан.
«Болашақта жоғарыдағы объектілерді зерделеу арқылы Торғай даласының жаңа тарихы, өлкені мекендеушілердің ежелгі өмірі мен мәдениеті туралы материалдық һәм рухани жаңа ақпармен қанық боламыз», дейді ғалымдар.
Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»