Бағдарлама өз жемісін бере бастады
Бейсенбі, 26 қаңтар 2012 6:45
Мемлекетімізде елімізді өркендету мақсатында түрлі бағдарламалар мен жоспарлар жасалынып жатады. Соның ішінде «Саламатты Қазақстан» атты денсаулық сақтау саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жөні бір бөлек.
Бұл бағдарламаның нәтижесі де өз жемісін бере бастады. Ең бастысы, қазақстандықтар бұрынғыға қарағанда денсаулық қамын көбірек күйттейтін болды десек, бұрнағы жылмен салыстырғанда, өткен жылы ВИЧ, яғни адамның иммунтапшылығы вирусына тексерушілердің саны 10 пайызға өскені де біраз жайтты айтып тұрғаны анық.

СПИД-тің алдын алу мен күресу жөніндегі республикалық орталығы мамандарының зерттеуінше, елімізде 2011 жылдың 11 айында ВИЧ инфекциясына тест тапсырғандар саны – 2048202 болса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 1940980 адамды құраған екен.
Қазақстанда ВИЧ инфекциясына тексерілу ерікті және тегін түрде жүргізіледі. Донорлар ғана міндетті түрде осы дерттен аман екендігін айғақтап отыруы қажет. Ал аяғы ауыр әйелдер ВИЧ инфекциясына жүктілік мерзімінде екі рет тексеріледі. Бұл аталмыш дертті дер кезінде анықтап, оны асқындырмаудың кешенді шаралары жасалуы үшін қажет.
– Бүгінгі таңда ВИЧ жұқпалы ауруының таралуы 15-49 жастағы топтар арасында 0,2 пайызға дейін азайды. Бұған Қазақстан Республикасындағы денсаулықты сақтау мемлекеттік бағдарламасы айтарлықтай оң ықпалын тигізуде. ДСҰ сарапшыларының бағалауынша, Қазақстан қазір эпидемияның концентрацияланған кезеңінде тұр, соған сәйкес тұрғындар арасында ВИЧ-тің таралуы 0,18 пайыздан аспайды. Бұл Шығыс Еуропа елдері және Орталық Азиядағы көрсеткіштен бірнеше есе төмен. ВИЧ-тің алдын алу шаралары жоғарыда аталған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сай жүргізіліп отыр, – дейді СПИД-тің алдын алу мен күресу жөніндегі республикалық орталығының директоры Марат Түкеев.
ВИЧ-ке тест тапсырудың нәтижесі сапалы әрі сенімді болуы үшін еліміздегі барлық СПИД орталықтары ең заманауи диагностикалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
– Мемлекетіміз ВИЧ инфекциясының бастапқы кезеңінде-ақ тиімді емдеуге көп назар аударады. Диагноз қойылып, кешенді емдеу шараларын жүргізу үшін СПИД орталықтары лабораториялық зерттеулерді қайта тиянақтайды. Ал лабораториялық құралдар «Саламатты Қазақстан» шаралары жоспарының 102-104-пункттеріне сәйкес сатып алынған, – дейді Марат Түкеев.
Сол сияқты аталмыш бағдарлама аясында ВИЧ-пен өмір сүріп жатқан адамдарға республикалық бюджет есебінен тегін дәрі-дәрмектер берілетіндігін де айта кету керек. Өткен жылы осы мақсатқа бөлінген қаражат 1,5 пайызға ұлғайып, 400,8 миллион теңге жұмсалған.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.