Шаһарға қосылған ауыл тұрғындарының басындағы әлеуметтік түйткілдің түйіні әлі күнге дейін тарқатылар емес. Әкімдікке қарасты басқармалардың есігін тоздырған ағайынның айтатыны – газ, су, жарық, жол, қоғамдық көлік мәселесі. Еститіндері нақты атқарылған жұмыстан гөрі цифрға құрылған есептер ғана. Халық алдындағы есеп біткенше үйді аралап, «шешеміз» деп үйіп-төгіп уәде беретін шенділерге тұрғындар сенуден қалған.
Міне, сондай ауылдың бірі Абай ауданына қарасты Қызылжар тұрғын алабы. Онда әлі күнге ауыз су жүйесі тартылмаған. Құдық суына күндері қарап отырған жұрт қарашаның соңынан наурыздың ортасына дейін жерасты суының қатуы мен тартылуы салдарынан оның өзін таппай отыр. Жуырда ғана Абай ауданы әкімінің есепті кездесуінде қызылжарлық тұрғын Мұратбек Сатыбалдыұлы ауылдағы құдық суларының ластанып жатқандығын айтып, дабыл қақты.
«Анығында, Қызылжар тұрғын алабында 4 балабақша, 1 мектеп бар. Одан шығатын әжетхана мен шайынды суы арнайы тазалау жабдықтары жоқ үлкен шұңқырға құйылып жатыр. Ойпаңнан басқа бағытқа ағып кете алмаған су жер астына сіңіп кетуде. Демек, жерасты сулары ластануда. 500-ге тарта шаңырақ сол шұңқырдан 50-100 метр қашықтықтағы құдықтан су ішіп отыр», дейді ауыл тұрғыны.
Ал аудан басшысы мәселенің мән-жайын анықтап, ретке келтіруге уәде берді. Алайда, әкімнің жауабына қанағаттанбаған ауыл тұрғындары жылдамдатып ауыз су жүйесін тартып, су тазалау жабдықтарын орнатып беруін сұрады.
Сонымен Қызылжарға қашан таза ауыз су құбыры тартылады деген сұраққа аудан әкімінің жауабы төмендегідей.
«Қызылжар, Тәуелсіздікке 20 жыл, Жаңаталап, Игілік, Көкбұлақ тұрғын алаптарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су құбырын тарту бойынша 448 млн 852 мың теңгеге жобалық құжаттары дайындалып, сараптама қорытындысы алынды. Құрылыс жұмыстарын бастауға бюджеттен қаржы бөлу үшін қалалық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына ұсыныс жолданды. Аталған 5 тұрғын алабының ішкі ауыз су жүйелерін тартуға «Улмад» ЖШС тарапынан жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, сараптама қорытындысы алынды. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттен қаржы қарастыруға ұсыныс дайындалуда», дейді аудан әкімі.
Демек, қызылжарлықтар осы қыста да амалдың жоқтығынан қар ерітіп, Бадам өзенінің суын тұндырып ішуге мәжбүр. Сайрам ауданынан қосылған елді мекен тұрғындары тіпті кір-қоңын жуу үшін лай аралас суды пайдаланып отыр. Ал Бадам өзені жағалауындағы зауыттардың сарқынды сулары өзенге құйылатынын ескерсек, ойыңды үрей билейді.
Ауыл ақсақалдары Қызылжар қаланың санатында болғанымен, әкімдік көп мойын бұра бермейді дейді. «Әйтпесе іргедегі Игілік ауылы мен Құс фабрикасында таза ауыз су бар. Ал мұнда жоқ. Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының жаттанды жауабы су жүйесін тартуға жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр дегеннен аспайды», деп кейістік танытты.
Қалаға қосылған елді мекендерде тіршілік нәрінен тапшылық көрген тек қызылжарлықтар ғана емес. Ынтымақ-2, Солтүстік-саяжай халқы да ауыз судың азабын тартып отыр. Тіпті бұл ауылдарда инфрақұрылым мәселесі де күйіп тұрған тақырыптардың бірі...
Келер жылы Шымқала ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесін алады. Қала мәдениеті қалыптасуы үшін алдымен тұрғындардың әлеуметтік проблемасы шешілуі қажет. Әйтпесе жарығы мен газы жиі сөніп, қоғамдық көлігі бір тоқтап, бір қатынайтын елді мекендерде әлеуметтік теңсіздік салтанат құрып, түрлі қылмыстың өрши түспесіне кім кепіл?..
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»
ШЫМКЕНТ