Туған жердің тартылыс күші
Сейсенбі, 6 наурыз 2012 8:27
Ақтөбе өңірінде жүзге жуық ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Осыншама халықты бауырына басқан құйқалы топырақта туып-өскендер осы жердің өздеріне ерекше ыстық екенін ешқашан жасырған емес. Германияға қоныс аударған бір танысымыз елге демалысқа келгенде дархан даланың кеңдігіндей қазақтың кең пейілін сағынғанын көзіне жас ала отырып әңгімелегені бар-ды.
Сейсенбі, 6 наурыз 2012 8:27
Ақтөбе өңірінде жүзге жуық ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Осыншама халықты бауырына басқан құйқалы топырақта туып-өскендер осы жердің өздеріне ерекше ыстық екенін ешқашан жасырған емес. Германияға қоныс аударған бір танысымыз елге демалысқа келгенде дархан даланың кеңдігіндей қазақтың кең пейілін сағынғанын көзіне жас ала отырып әңгімелегені бар-ды.
Еліміз егемендік алғаннан соң тарихи отандарына үдере көшкен ұлттардың кейіннен туған топырағына қайта оралғандары да жоқ емес. Шыны керек, әркімнің өміріне қолайлы жер іздеуі заңды. Алайда, қазақ топырағында дүниеге келіп, қазақтармен қоян-қолтық өскен өзге ұлттардың бәрі бірдей барған жеріне сіңісіп кете алмағаны да рас. Солардың бірі облыс орталығындағы №2 балалар музыка мектебінің мұғалімі Ольга Савина болатын.
– Мен – чех қызымын. Әкем Владимир Украинаның Запорожье облысында дүниеге келген, бес ағайынды болыпты. Бәрі де немістер жаулап алғанда, Чехияға, Германияға еріксіз айдалып кеткен. Соғыс біткеннен кейін әкемді Қазақстанға жібереді. Он алты-он жеті жасар жасөспірім бауырларынан осылай көз жазып қалады. Осында келгеннен кейін анам Людмила Петровнамен танысып, отбасын құрады. Анамның әкесі Петр Дойчевтің ұлты болгар, Кеңес өкіметіне қарсы шпиондық жасадың деген сылтаумен Челябі облысының Тройцк қаласына жер аударылады. Кейін әкем Владимир полк баласы ретінде әскери қызмет атқарған ағасы Викторды, Балтийск қаласына тұрақтаған інісі Михаилді Қызыл крест қоғамы арқылы тауып, араласып тұрды. Ең үлкен ағасы мен қарындасын таба алмады. Тәуелсіздіктің таңы атысымен, өзге ұлттардың тарихи отанына оралуына жол ашылды. Чехия үкіметі осындағы чехтардың атамекеніне қайтуына барлық жағдайды жасады, арнайы ұшақ жіберіп, отандастарын алдырғаны да есімде. Мен ол кезде жылы орнымды суытуды ойлаған емеспін. 2006 жылы Чехияға қоныс аударуды шештім, қыздарым Юля мен Златаны алып, осы елдің Новая места над Надметуя қаласына көшіп бардым. Өзім Бедржих Сметана атындағы өнер мектебіне жұмысқа тұрдым. Өнер мектебінің басшылары кәсіби шеберлігімді бағалап, ешқандай сынақсыз қабылдады. Алайда, балаларым жерсінбеді, жаңа ортаға үйрене алмады. Қыздарым мама, сіздің жұмысыңыз бар, осында қалыңыз, біз туған жеріміз – Қазақстанға, Ақтөбеге қайтамыз деп қыңқылдап қоймады. Ананың бар тілегі мен үміті балаларының үстінде жүрмей ме. Сөйтіп, араға жыл салып, туған қаламыз Ақтөбеге атбасын тіредік, – дейді Ольга Владимировна.
Сол жақта сатып алған жеңіл автокөлігімен 6 күн жүргенде ешқандай да көңілдерінде бөтен ой болған емес, мұнда өздерін құшақ жая қарсы алатын достары мен әріптестері бар екеніне сенімді болды. Ел шетіне кіргендегі қыздарының қалай қуанғанын Ольга Владимировна айтып жеткізе алар емес. Чехияда болған бір жылда үлкен қызы Юля Прагадағы Карлов университетінің чех тілі курсында оқып, тіл үйреніп алған. Юляны бұрынғы жұмыс істеген жері – «Лад» ЖШС сөзге келмей қайта қабылдады. Ол сондай-ақ «Мұғалім» жеке мектебінде чех тілінен сабақ береді. Юля кезінде осы №2 балалар музыка мектебінде фортепиано класы бойынша білім алып, «Супер Стар» байқауына қатысып, ән айтып, облыстық байқаудың бірінші турынан өткені бар. Ал, Златасы «Шаңырақ» жеке мектебінде 8 сыныпта оқиды. Ол музыкадан гөрі компьютерге құмар, кітап оқуға ынталы.
Өзін бұрынғы еңбек ұжымы – №2 балалар музыка мектебі құшақ жая қарсы алды. Бірде-бір әріптесі жер іздеп кетіп едің ғой, деп бетіне басқан емес, қайта орталарына оралғанына қуанды барлығы.
Ольга Владимировна осы қаладағы Тұрғындар қалашығы ауданында туып-өсті. Осы №2 музыка мектебін фортепиано класы бойынша тәмамдады. Қаладағы музыкалық училищені бітіріп, Мәртөк ауданындағы музыка мектебінде еңбек жолын бастады. Бір жылдан кейін осы №2 музыка мектебіне ауысты. Кезінде Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының орыс тілі және әдебиеті факультетін бітіріп алған. Мұның балалармен тіл табысуға, өзінің ұстаздық кәсіби біліктілігін арттыруға көп көмегі болды. Жалпы, Ольга Владимировна әрқашан білімін толықтырып, біліктілігін арттырып отырудан жалықпайды. Міне, арадағы бірер жылды қоспағанда, отыз жылдан астам осы мектепте фортепианодан сабақ беріп келеді. Шәкірттерінің алды осы мектепте ұстаздық етуде. Қазір оның қол астында 13 бала фортепианода ойнау шеберлігін жетілдіруде.
Ольга Владимировна чех этномәдени бірлестігінің жұмысына да белсене араласады. Әзірге бірлестікте 15 ересек адам бар. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы ұйымдастырған көпшілік-мәдени шаралардан сырт қалмайды. Орталыққа «Достық» үйінен бір бөлме бөлінген. Чех этномәдени бірлестігі осындағы өзге этностық бірлестіктермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Өткен жылы тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналып өткізілген этномәдени бірлестіктер арасындағы фестивальда мектептің домбырашылар ансамблі чехтың «Аннушка» әнін орындап бірінші орын алса, қаладағы музыка мектептері арасында өткізілген байқауда Валерий Антонов пен Бақтияр Төрежанов фортепианода дуэт болып орындап, Гран-При жеңімпазы болды. Қазіргі таңда өз кәсіби жолын қуып, музыка саласында ұстаздық етіп жүрген шәкірттері де баршылық. «Музыка адам жанына адамгершілік пен ізгілік сәулесін құяды. Музыка әліппесін үйренген адамның мінез-құлқы қалыпты, жұмсақ болатыны да сондықтан», – дейді Ольга Владимировна сөз арасында.
Оның айтуынша, адамның кіндік қаны тамған топырақтан ыстық жер жоқ. Қыздарының Чехияға бауыр баса алмауын осы жағынан түсінеді ол. Туған жердің тартылыс күшіне таңданысын жасыра алмайды.
– Біз, тіпті, қоныс аудармадық десе де болады. Отанымызға қайта оралғанда туған Қазақстанымызды сағынып қалғанымызды аңғардық, арайлы Ақтөбеміздің ауасын кеудемізді кере жұтып, көкірегіміз кеңіп сала берді. Туған жерден бір жыл болса да жырақта тұру оның бізге қаншалықты қымбат екенін бұрынғыдан гөрі сездіре түсті, – дейді Ольга Владимировна.
№2 балалар музыка мектебінің директоры Гүлжан Кшаева да әріптесі туралы жылы пікір білдірді. Мектептегі сегіз бөлімде 230 бала фортепианодан, домбырадан, баяннан, скрипкадан, аккордеоннан, гитарадан, қобыздан, вокалдан сабақ алады. Соның ішінде фортепиано класында 96 бала дәріс алады екен.
– Ольга Владимировна Савина Чехияға қоныс аударғанмен, өз Қазақстанын, өз қаласын, өз ұжымын қимай қайта оралды. Ол – өте білікті ұстаз. Ата-аналар мен балалар алдында беделді де сыйлы. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Ұжымның еңбек ардагері десе де болғандай, кейінгілерге ісімен де, мінез-құлқымен де өнеге болып жүреді, – деді Гүлжан Мақсотқызы әріптесі туралы.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.