Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асхат Букатов Ақпарат және коммуникациялар министрлігі өңірге сапалы интернет жеткізу үшін тиісті жұмыстарды екі кезең бойынша бастап кеткенін жеткізді. Бірінші бағыт бойынша Шығыс Қазақстанда 2019-2020 жылдары тұрғындары 500-ден асатын 190 мың халқы бар 111 елді мекенге (2019 жылы 82 ауылға (тұрғын саны 138 800), 2020 жылы 29 ауылға (тұрғын саны 51 322) талшықты-оптикалық байланыс желісі орнатылмақ.
Екінші бағыт бойынша 2022 жылға дейін тұрғындары 50-ден асатын 685 елді мекенге кең жолақты интернет орнату жоспарланып отыр. Аталған министрліктің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда 111 елді мекеннен бөлек 124 мектепке, 106 емханаға, 99 жергілікті әкімдікке, 70 полиция ғимаратына, жалпы саны 402 нысанға кең жолақты интернет жеткізілетінін айтты.
Азамат ҚАСЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
Шығыс Қазақстан облысы