Аймақтар • 12 Ақпан, 2019

Сот жүйесінің стратегиялық коммуникациясы талқыланды

468 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облыстық сотында аудандық және оған теңестірілген соттардың БАҚ-пен байланысын үйлестіруші судьяларының қатысуымен «Сот жүйесінің стратегиялық коммуникациясы. Ақпарат таратудың жаңа қырлары» атты тақырыпта семинар өткізілді.

Сот жүйесінің стратегиялық коммуникациясы талқыланды

Семинар барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 21 қаңтардағы Заңын насихаттау, түсіндіру және ақпараттық қолдау көрсету жұмыстары талқыланды. Бұл заң жобаларын түсіндіру және насихаттау жұмыстарын сот ғимараттарынан тыс жерлерде, атап айтқанда, еңбек ұжымдарында, мекеме, кәсіпорындарда, жеке ұжымдар арасында насихаттау жұмыстарын қолға алу барысы пысықталды.

Маңғыстау облыстық сотының судьясы, БАҚ-пен байланысты үйлестіруші судья Айжан Молбаева осы жұмыстарды жүргізу мақсатында бекітілген медиа-жоспардың орындалуына ерекше тоқталды. Аталған заңның басты мақсаты – халықты әуре-сарсаңға салмай, жедел әрі сапалы түрде мәселелерін шешу және судьялардың күрделі дауларды егжей-тегжейлі қарауына мүмкіндік жасау екені айтылды.

- Соттар заң үстемдігі мен әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуі керек. Осы орайда халықтың сотқа деген сенімін арттыруға баршамыз үлес қосуға тиіспіз. Бұл ауқымды міндетті орындау сіз бен бізге тікелей байланысты, - деді А.Молбаева.

Қатысушылар заңдағы өзгерістерді түсіндіру жұмыстары бойынша өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Осы мақсатта билбордтар дайындап, көпшілік орындарға ілу, теле-радио бағдарламалар арқылы түсінік беру және мекеме мен ұйымдардың еңбек ұжымдарына барып, кездесулер, басқосулар өткізу туралы нақты ұсыныстар айтылды.

Одан әрі қатысушыларға сот жүйесін одан әрі ақпараттандыру, әлеуметтік желідегі жұмыстарды күшейту, ақпаратқа қолжетімділікті арттыру, желі арқылы түскен сұрақтар мен шағымдарға уақытылы жауап беру жұмыстары түсіндірілді.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Маңғыстау облысы