Атап айтқанда, 2018 жылдың шілде айының өзінде-ақ турфирмалар тарапынан алаяқтықтың 4 фактісі тіркелген. Мысалы, Алматыдағы туристік компания 30 қазақстандық туристі Түркияға жолдамаларды арзан бағамен сатып, 19 млн теңге сомасында шығынға батырған. Зардап шеккендердің айтуынша, олар қонақүйде бронь расталмағаннан кейін өздерінің алданғандарын түсінген. Тура сол айда Алматыда турфирманың алаяқтық іс-әрекеттерінен тағы 10 адам 10 млн теңгеге зардап шеккен.
Келесі алаяқтық оқиғасы 2018 жылдың маусымында Қарағандыда тіркелген. Тиісті уақытында демалуға бара алмаған 18 адам полицияға арызданып, турфирма директорына іздеу салған. Келтірілген шығын сомасы 30 млн теңгені құрады. Кейіннен директорға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал қыркүйекте Өскеменде 60-тан астам адам туркомпаниялардың іс-әрекеттерінен зардап шекті.
Қазан айында Оңтүстік Кореяға саяхаттамақ болған 50 адам тағы да алаяқ компанияның құрбаны болды. Зиян шеккен туристер тез арада тиісті арыздарымен полицияға жүгінген. Оңтүстік Кореяда демаламыз деп ойлаған 50 турист ақыр аяғында 17 млн теңге көлемінде шығынға ұшыраған. Сонымен қатар 2018 жылдың желтоқсан айында Ақтөбеде турфирма менеджері 56 млн теңгені жымқырып, қашып кеткен. Сотта өкіл хабарлағандай, бұл жағдайда компанияның кінәсі жоқ. Турфирманың өзі зардап шегуші жақ болып, менеджерді халықаралық іздеуге салған.
Алаяқ турфирмалардың арбауына тек қазақстандықтар ғана емес, шетелдік туристер де ілінген. Қазақстанға келмек болған 47 үндістандық азамат құжаттарды ресімдеу міндетін алған қазақстандық фирмаға 5 млн теңге төлеген. Кейін анықталғандай, фирма оларға визаны ресімдемеген және қаржыларын қайтармай, ұшты-күйлі жоғалған.
«Туристік Қамқор» корпоративтік қорының ақпараты бойынша, 2018 жылғы туристік маусымда қазақстандық туристердің басым бөлігі, яғни 148 мың адам Түркияға барып демалуды жөн санаған. Екінші орында Мысыр (104 мың) болса, үшінші орында – Біріккен Араб Әмірлігі (33,5 мың). Төртінші сатыны Қытай мен Таиланд өзара бөлісіп отыр (18 мың). Бесінші орында – Вьетнам (4,5 мың), алтыншы орында – Үндістан (2,7 мың), жетінші орында – Чехия (2,4 мың), сегізінші орында – Доминикан (2,1 мың), тоғызыншы орында – Грекия (2 мың) және ондықты Грузия мемлекеті түйіндеді (1,4 мың).
Қуаныштысы, 2018 жылы шетелге шыққан бірде-бір қазақстандық сақтандыру полисін пайдаланбаған. Туындаған кішігірім мәселелер жедел түрде сол жерде шешіліп отырған. Сондай-ақ бірде-бір қазақстандық туроператордың кінәсінен шетелден шұғыл шығарылған жоқ.
Бүгінгі таңда «Туристік Қамқор» тізімінде 56 туроператор бар, олармен fondkamkor.kz сайтында танысуға болады. Бұл ретте, жалпы Қазақстанда нақты туроператорлық қызметті жүзеге асыратын шамамен 140 компания жұмыс істейді. «Туристік Қамқор» ауа райы жағдайларын негізге ала отырып ақпан және наурыз айларында қазақстандықтардың демалысы үшін Таиланд, Египет, Куба, Үндістан, Шри-Ланка, Доминикан, Филиппин және Танзания елдері қолайлы әрі қауіпсіз деп есептейді.
Әли БИТӨРЕ,
«Egemen Qazaqstan»