Аймақтар • 13 Ақпан, 2019

Қаражал қаласы сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді

986 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қаражал қаласында тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жанданып келеді. Сонымен қатар, өңірде мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, елді мекендерді абаттандыру сынды қат-қабат шаруалар да қолға қызу алынған.

Қаражал қаласы сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді

Бұл турасында қала әкімі Тілектес Досаев тұрғындар алдында есеп берген жиында айтып берді.

– «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша өткен жылы «Жәйрем-Қаражал» топтық су тартқышын қайта қалыпқа келтіру жұмыстары аяқталды. Қосымша жаңа ұңғымалар орнатылды. Жабдықтар ауыстырылды. Қаражалға дейін екінші желі созылды. Сондай-ақ, Жәйремде су таратқыштың тозығы жеткен желілері толықтай ауыстырылды. Бүгін Қаражал мен Жәйрем кенті тәулік бойы сумен қамтамасыз етілген, – деді Тілектес Досаев.

Сонымен қатар, қала маңындағы Шалғы кенті мен Ақтай шағын ауданында су құбырын қайта құру және салу бойынша тағы екі жобаны іске асыру жоспарда бар.

Әкімнің айтуынша, биыл Қаражалдағы кәріз желілерін қайта жаңарту басталады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 100 млн теңге бөлінген.

Сондай-ақ, биыл Шығыс Қаражал кен орнының темір-марганец кендерін игеру жұмыстары басталады. Инвестиция көлемі 6 млрд теңгеден асады, бұл ірі жоба іске асқанда қалада, қалада 170 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы