Мәселен, Димаш Құдайберген есімін төрткүл дүниеге мәшһүр еткен Қытайдың әйгілі «I am a singer» жобасы кезіндегі журналист Ертай Нүсіпжанов пен әншінің бұрынғы продюсері Алпамыс Шәрімовтің арасындағы шиеленісті жағдай көптің есінен ұмытыла қойған жоқ. Сол секілді Канн кинофестиваліне дейін есімі ауызға алынбаған актриса Самал Еслямованың да «Үздік актриса» атанғаннан кейінгі қолпаштаушылары мен атағына өзін қатысты санайтындардың қатары күрт артты. Оны айтасыз, тіпті кейбір еті тірі ұйымдастырушылар оңтайына келген объектісінің жеңіс тұғырына көтерілгенге дейінгі өмірбаян, жүріп өткен соқпағымен таныс болмаса да, өзін сол өнерпаздың «продюсері», «жолын ашқан ұстазымын» деп батыл таныстыра беретін жағдайлар да жас таланттардың қоғамдағы қорғансыз күйін әшкерелеп беріп тұрғандай. Тура осындай жайт 2019 жылдың 6 ақпанында «Қазақстан» ҰТА-ның «Таңшолпан» бағдарламасына қонақ ретінде қатысқан жас пианист Нұрсұлтан Омарғазин мен өзін музыканттың продюсерімін деп таныстырған композитор Ержан Арзықұловтың ортасындағы түсінбеушіліктен де айқын көрінді. Тікелей эфирден кейін жағдайдың мән-жайын ұқпай аңтарылып қалған Нұрсұлтанның анасы Кербез Омарғазина мен А.Жұбанов атындағы музыкалық мектептегі ұстаздарының осы орайда айтар уәжі жетерлік.
– Қызметім Астана қаласында болғандықтан, екі балам да Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінің интернатында жатып оқиды. Тұңғышым Нұрсұлтан «Фортепиано» бойынша маманданып жатса, кіші ұлым «Скрипка» сыныбында тәлім алуда. Жас та болса Нұрсұлтанның музыка саласындағы жетістігі жетерлік. Халықаралық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы.
Өткен жылы Санкт-Петербург қаласында өткен VI Халықаралық мәдени форумның салтанатты ашылуында Ресей президенті Владимир Путиннің алдында өнер көрсетті. Тәуелсіздік күніне арналған концертте Елбасы да Нұрсұлтанның өнерін жоғары бағалап, кейін журналистерге берген сұхбатында арнайы тоқталып өтті. Осыдан кейін баламмен бірлесе жұмыс істеуге ниетті адамдардың қатары көбейе түсті. Соның бірі – Ержан Арзықұлов. Мектепке барып, ұстаздарға өзін «Таңшолпан» бағдарламасының журналисімін деп таныстырған ол, Нұрсұлтанмен бірге Дастан Серікболұлы деген домбырашыны да бағдарламаға ертіп апарады. Ал эфирге барғанда жүргізушілер Ержанды балалардың продюсері деп таныстырады. Ал ол болса айтылған ақпаратты жоққа шығармай, керісінше жігіттерді жастайынан өзі баптап, баулығандай әңгіме айтып, журналистер қойған сұраққа да аса сенімді жауап беріпті.
Продюсер адам өз өнімінің барлық шығынын мойнына алып, ірі жобаларды жүзеге асырса керек-ті. Бірақ жеке өз басым бұл адамды эфирден алғаш рет көрдім. Мен білетін Нұрсұлтанның бір-ақ ұстазы бар. Ол жасы 70-тен асқан кәсіби мықты маман – Галина Мелькова деген кісі. 5 жыл бойы тыңғылықты түрде ұлымды фортепианоға баулыған ұстаздың еңбегін жауып қойып, «дайын асқа – тік қасық» болған Ержан Арзықұловтың әрекетін еш құптай алмаймын», – дейді Нұрсұлтанның анасы.
Кербез Нұранбайқызының сөзіне сенсек, Нұрсұлтан да, өзі де эфирде жарқ еткен су жаңа продюсерін жіті танымайтын болып отыр. Нұрсұлтанға қатысты талай шығармашылық шаруаны жүзге асырғаны жайлы жаңалықты жаһанға жасқанбай жария еткен Ержан Арзықұлов та үнсіз қалмады. Продюсер әрі композитор өз әрекетін былай түсіндірді:
– Осыдан бір жыл бұрын «Kazakh classical folklore group» деген музыкалық орталық құрдым. Ондағы мақсатым – өнерге бейім талантты жастардың жолын ашып, сапалы музыка жазып, түрлі деңгейдегі конкурстарға қатысуына барынша қол- ұшымды беру болатын. Сондықтан да А.Жұбанов атындағы музыка мектебі директорының музыка саласы бойынша орынбасары және тағы да басқа ұстаздармен ақылдаса отырып, Нұрсұлтан секілді бірнеше талантты жасты орталығымызға қабылдап, қамқорлығымызды көрсеткіміз келген. Алайда эфирдегі уақыттың тым келте қайырылуы, ойымыздың шорт кесілуі осындай түсінбестікке алып келіп отыр деп ойлаймын», – деді композитор.
Бәрі де мүмкін. Бірақ мұрағатта сақталған сұхбаттан ондай олқылықты байқай қоймадық. Бәрі де ап-айқын, түсінікті жеткізілген. Сұхбатты тыңдаушы әңгіме төркінін тура ұғады. Онда Ержан мырзаның ұзақ жылдан бері Нұрсұлтанның музыкалық білім алу, репертуар таңдау мәселесімен айналысып, халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысуына да тікелей мұрындық болып келе жатқаны анық айтылған. Сонда кімнің сөзі рас, кімдікі жалған?
Жалпы, соңғы кезде тым жиі орын алып жүрген кәсіби түйткілдердің бірі – ақпараттың растығына толыққанды көз жеткізілмей, тексерілмей тұрып, сүзгісіз ұлттық арна эфиріне өтіп кетуі немесе газет-журнал, интернет порталдарына жариялануы халықты адасушылыққа ұрындырып келеді. Одан бөлек, қазіргі сапаны емес, әуелі пайданы көксеп, табысқа кенелтетін жобалардың маңайын торуылдап жүрген той ұйымдастыру деңгейінен аспаған жалған продюсерлік орталықтардың жұмысын өнердің көсегесін көгертіп жатыр дей аламыз ба? Біз білетін продюсерлік жұмыс негізінен маңдайтер еңбек пен қыруар қаржыға және ең бастысы өзіндік өрнегі мен ерекшелігі қалыптасқан өнімге, жалпы сапаға негізделсе керек-ті.
Дәл осы тұста мынадай сауал туады? Жалпы, продюсер дегеніміз кім? Оның міндеті не? Ел продюсер деп тануы үшін нағыз маман өзін қалай көрсетуі керек?
Продюсер ағылшын тілінен аударғанда «өндіруші» деген мағынаны білдіреді. Яғни, қарапайым әншіні немесе өзге де шығармашылықпен байланысты өнер түрлерін жаһанға жария етіп, жұлдызын жағушы. Дайын дүниеден пайда табушы емес, продюсер – жасаған өнімінің авторы яки иесі. Продюсер қолға алынған жобасының қаржылық жағдайдан бастап, әрбір ұсақ-түйек деталіне дейін жауапты. Сол арқылы ол өз есімін қалыптастырады. Бірақ, өкінішке қарай, қоғамда керісінше жағдай белең алып кетті. Өнер әлемінде, әсіресе бүгінгі отандық эстрада кеңістігінде продюсерліктің қызмет аясы тарылып, ұйымдастырушылық деңгейге түскеніне де жиі куә болып жүрміз. Продюсерлік ету әншілерді тойға шығаруды ұйымдастырумен немесе жоғарыдағы мысалдай көлденеңнен қосылып, төр менікі дейтіндермен өлшеніп жүр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Димаш Құдайбергеннің қытайлық жобаға қатысуына орай туындаған даудың да төркіні негізінен осы түйткіл төңірегінен тарқатылады. Ертай Нүсіпжановтың сөзінен түсінгеніміздей, Димаштың «I am a singer» жобасына қатысқанға дейінгі барлық келісім, ұйымдастыру жұмыстарымен айналысқанына қарамастан, журналист жасаған машақаты көп жұмыстың бар абырой мен атағы кейін жоба кезінде өзін әншінің продюсерімін деп таныстырған Алпамыс Шәрімовке көшіп кеткені. Әрине, бұл жерде кімнің көп, кімнің аз еңбек сіңіргенін анықтау, қай тараптың уәжі дұрыс екенін дәлелдеп шығу мүмкін емес. Әрқайсының өз шындығы бар. Екеуі де өзінің хал-қадерінше қазаққа ортақ таланттың үлкен сахнаға шығуына септескісі келді деп ұқтық. Десек те, айналасында ушығып жатқан мұндай дау-дамайлар әншіге тіпті де абырой әпермесі анық.
Сондай-ақ продюсерліктің негізі іскерлікке ғана емес, ұстаздыққа да негізделеді дейтін пікірді де жиі естиміз. Мұндайда қос талантты шәкіртін ертіп сахнаға көтерілген әнші, композитор Алтынбек Қоразбаевтың тау тұлғасы келеді көз алдымызға. Өзі жастайынан баптап, үлкен сахнадағы жолын ашқан шәкірттері – Мейрамбек Бесбаев пен Тоқтар Серіков бастаған таланттар шоғыры бүгінде қазақ эстрадасының өнердегі өз өрнегін қалыптастырған айтулы тұлғаларына айналды. Сол секілді бұл қатарға ұзақ жылдан бері тыңғылықты да жүйелі түрде «Kesh you» тобы, Айлан, «Саз әлемі», «Қазақ аруы» сынды бірнеше жобаға кәсіби түрде продюсерлік етіп келе жатқан Баян Алагөзова, Ұлықпан Жолдасов сияқты іскер ұйымдастырушыларды да қосып қоюға болады.
Иә, өнерге әркімнің-ақ бар таласы. Өнерімен тыңдаушысын табындырмақ мақсатта алып шаһарға арман қуып жеткен талай жастың қиялына қанат бітіріп, арманын ақиқатқа айналдыруда, сөзсіз, продюсердің еңбегі ересен. Оны жоққа шығармаймыз. Әйтсе де, өзгенің еңбегін пайдаланып, оңай табысқа кенелуді көздейтін кейбір жалған «қамқоршылар» өнерді өміріне балаған кейбір таланттың жолын түбегейлі өзгертіп жатады. Сондайлардан абай болса екен қазақтың өнерлі өрендері.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»