Қазақстан • 14 Ақпан, 2019

Құлыптың «қасиеті» қандай?

423 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Құлыптың «қасиеті» қандай?

Әуелде әйел мен ердің күші бірдей болса керек, екеуі бірін-бірі еш жеңе алмай қойыпты. Содан әбден зәрезап болған еркек бір күні Құдайға жалбарынып, өзін әйелден әлдеқайда күштірек етуін сұрайды. Тілегі қабыл болған ол үйіне дереу жүгіріп кепті де, әйеліне мақтаныпты. Әйел ашуланып, бұлқан-талқан болып, ол да Жаратушыдан соны тілейді. 

Әйтсе де Жаратқан иеміз әділ ғой, еркектің әйелден күшті болсам деген дұғасын қабыл еткен соң, әйелдің бұл тілегін орындамай қояды. Содан әйел мұңайып отырса, жанына әзәзіл жетіп келіпті де, құлағына сыбырлап, Құдайдан үш құлып сұрауға кеңес береді:

Біріншісі – асүйдің құлпы. Асүйдің есігін тарс жауып ал да, еркек қанша ұрса да ашпа. Аш қалсын, сонда көреміз.

Екінші – жатын бөлмені де жауып ал. Қасыңа жолатпа. 

Үшінші – балалар бөл­месі. Еркек ұрпағына байлаулы. Осы үш есікті қажет кезде құлыптап алсаң бітті, еркек сенің құлың болады. Қалағаныңша жұмсай бер, айтқаныңды екі етпейді.

Мұңайып отырған әйел­дің көзі жарқ ете қалады да, әзәзіл қалай айтса, тура солай бұлжытпай орындапты. Нәтижесінде, еркек байғұс құлыптаулы есікті қанша ұрса да, аша алмай қойыпты. Міне, содан бері олар әйелімен тату тұру үшін өзінің күшін тежеуге мәңгілік мәжбүр болыпты деседі...