Армиядағы арулар
Сейсенбі, 3 сәуір 2012 8:01
«Отан отбасынан басталады», десек, сол отбасының ортаймас ырысқа, шапағат-шуаққа бөленуіне бүкіл ғұмырын сарп ететін жалғыз ғана жан бар. Ол – әрине, Ана. «Жәннат – әйелдің аяғының астында», депті Қасиетті кітабымыз. Отанына, отбасына, аналық міндетіне адал әйел затының ұлылығына бұдан артық балама табу мүмкін бе! Егер ұлттың рухани деңгейі оның әйелге деген көзқарасымен өлшенеді десек, үнемі Ананы ардақтап, қызды қастерлеп, аруды аялап өскен біздің халқымыздың даналығына бас игендейсің.
Сейсенбі, 3 сәуір 2012 8:01
«Отан отбасынан басталады», десек, сол отбасының ортаймас ырысқа, шапағат-шуаққа бөленуіне бүкіл ғұмырын сарп ететін жалғыз ғана жан бар. Ол – әрине, Ана. «Жәннат – әйелдің аяғының астында», депті Қасиетті кітабымыз. Отанына, отбасына, аналық міндетіне адал әйел затының ұлылығына бұдан артық балама табу мүмкін бе! Егер ұлттың рухани деңгейі оның әйелге деген көзқарасымен өлшенеді десек, үнемі Ананы ардақтап, қызды қастерлеп, аруды аялап өскен біздің халқымыздың даналығына бас игендейсің.
Қазақ халқы қыз баланы әрқашан әлпештеп өсірген. Төріне отырғызып, төбесіне көтерген. Анаға, әйелге ерекше құрмет көрсеткен. Біз жаһандану заманында осынау жақсы салт-дәстүрімізден тамырымызды үзіп, ажырап қалмауымыз керек.
Тарихқа көз жіберсек, ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де ақ жаулықты аналарымыздың арасынан шыққан. Ел басына күн туғанда қос бұрымын дулығаның астына жасырып, ақша жүзін күн қақтырып, атқа қонған аруларымыз аз емес.
Ежелгі түркі дүниесінде дүйім елге бес ана билік айтқан кездер де болған. Біздің қазіргі тілімізде қалыптасқан «Бесенеден белгілі» деген тіркес сол бір ықылым замандардан қалған.
Біздің Отанымыз қиын-қыстау сәттерде ел үшін ер-азаматтармен бір қатарда тұруға қашанда әзір нәзік жандылар алдында тағзым етеді. Мыңдаған қыз-келіншектер Ұлы Отан соғысындағы майдан даласында батылдық пен батырлық танытып, жаумен арпалысты. Тылда миллиондаған әйелдер, соның ішінде Қазақстан арулары елімізді қорғауда жүрек жылулары, сенімдері мен махаббаттары арқылы сарбаздардың жауынгерлік рухын көтеріп, Ұлы Жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты. Ұрпақтан-ұрпаққа берілетін ерлік дәстүрі Ұлы Отан соғысы жылдарында да елдің рухын көтерді. Екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы жарық жұлдыздар – Шығыстың қос шынары – Әлия мен Мәншүк, ұшқыш Хиуаз Доспанова ерлермен тізе қосып, қаһармандық көрсетті. Отандастарымыз олардың есімдерін ешқашанда ұмытпақ емес.
Алдыңғы буынның асыл қасиеттерін бүгінгі аруларымыз өз бойларына сіңіріп, жүзеге асырып жүргендігі белгілі. Жоғары азаматтық пен патриоттық эстафетасын лайықты жалғастырушы замандастарымыз еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету ісіне қомақты үлестерін қосуда. Погон таққан қыз-келіншектеріміздің қайсарлығы, жоғары жауапкершілігі мен кәсібилігі арқасында қазіргі әскери құрылыстың маңызды да күрделі тапсырмалары ойдағыдай жүзеге асырылуда.
Талай ғасырлардан бері әйелдер сезімталдықтың, нәзіктік пен мейірімділіктің таңғаларлық қайталанбас бейнесіне айналды. Отбасының жылуы мен жарасымы, туған үйдің тыныштығы, махаббат пен сенім сияқты баға жетпес құндылықтар Ана есімімен тығыз байланысты.
Соңғы жылдары елімізде «гендерлік саясат» ұғымы ішкі саясаттың бір құрылымы ретінде қалыптасып отыр. 2000 жылғы қыркүйек айында өткен Мыңжылдық саммитiнде әлемнiң көптеген елдерiнiң лидерлepi Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Мыңжылдық декларациясын қабылдаған болатын. Осы құжаттағы негізгі сегiз мақсаттың бiрi ретінде гендерлiк теңдiктi қолдау айқындалды. Сонымен қатар, бұл мәселеге Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы өзінің ХХІІІ сессиясын арнады. Осы жиынға қатысушы мемлекеттерге әйелдердiң өмiрдiң барлық салалары мен барлық деңгейлерiне тең қол жеткiзуiн және толық ауқымда қатысуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдауды ұсынды. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 27 қарашадағы қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы гендерлiк саясат тұжырымдамасы» қабылданды. Бұл құжат Қазақстандағы гендерлiк саясаттың негiзгi қағидаттарын, басымдықтары мен мiндеттерiн айқындап берді. Осындай ізгі қадамға бару арқылы Қазақстан әлемдегі гендерлік теңдікті мұрат тұтқан мемлекеттердің біріне айналды.
Гендерлiк саясаттың негiзгi қағидаттары мемлекеттің Ата Заңымен кепiлдiк берiлген әйелдер мен ерлердiң тең құқығы мен еркiндiгiн белгiлейдi. Қазақстандағы гендерлiк саясаттың мiндеттерiне әйелдер мен ерлердiң билiк құрылымдарында тең қол жеткiзуі, экономикалық тәуелсiздiктiң барлық тең мүмкiндiктерiн қамтамасыз ету, өз бизнесiн дамыту және қызмет бабында iлгерiлеу, отбасылық құқықтар мен мiндеттердi тең жүзеге асыру үшiн жағдайлар жасау жатқызылатыны белгілі.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік жылдары гендерлік саясатты дамытуда үлкен жұмыстар атқарды. 1998 жылы Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссия құрылды. Осы комиссияның ұйытқы болуымен 2011 жылғы 5 наурызда Қазақстан әйелдерінің тұңғыш съезі болып өткені мәлім. Съезге қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ер мен елге қиын болған кезеңде әйел-аналар отбасы мен қоғам жүгін қайыспай қатар көтере білгендігін атап өтті. Сол жиында Мемлекет басшысы әйелдердің өмірлік маңызды салаларда жұмыс істей алатындықтарына кеңінен тоқталды.
Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясында мемлекеттік басқару органдары арасындағы әйелдердің өкілеттілігін 30 пайызға дейін көтеру міндеті қойылды. Осы мақсатта бүгінде орталық мемлекеттік органдарда нақты жұмыстар жүргізіліп келеді.
Қазақстанның Қарулы Күштері де қоғамның ажырамас бөлігі. Мемлекетте болып жатқан саяси-экономикалық іс-шаралар армияны айналып өтпейді. Ер адамдармен қатар әскери қызметші әйелдерге мамандық таңдау, қызметі бойынша жоғарылау, қызметтік өсуін қамтамасыз ету кезінде азаматтық құқықтары мен бостандықтарын іске асыруда үлкен мүмкіндіктер берілген. Әйелдерді әлеуметтік қорғау, олардың өмірін сақтау, ана мен баланы қорғау жөніндегі іс-шаралар жүргізілуде. 2011 жылы басшылық лауазымдардағы әскери қызметші қыз-келіншектердің саны 11%-ға өсті.
Жыл басынан бастап шешімдер қабылдау деңгейіндегі мемлекеттік әкімшілік лауазымдарды атқаратын әйелдердің үлесі 18%-ға артты.
Барлық әкімшілік мемлекеттік қызметшілер тұрақты негізде тең дәрежеде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы бекіткен кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау жоспар-кестесіне сәйкес біліктілігін арттыру семинарларынан, қайта даярлау курстарынан өтеді.
2011 жылы заңгер әйелдерді тарта отырып, 15-тен астам нормативтік-құқықтық актілерге гендерлік сараптама жүргізілді.
Қазіргі уақытта Қарулы Күштер қатарында ерлермен бірге әйелдер де қызмет атқарып жүр. Олар үлгілі әскери қызметтерімен еліміздің қорғаныс қабілетін күшейтуге өз үлестерін қосып келеді.
Бұрымдылар өз міндеттерін медицина қызметкері, әскери бөлімдер мен мекемелердің психологі, қаржы маманы, байланысшы, парашюттен секіруші, тіпті мерген лауазымдарында абыроймен атқарып жүр.
Қазақстан армиясындағы қыз-келіншектер негізінен келісім-шарт бойынша қызмет атқарады. Шалғайдағы гарнизондарда ерлермен бірге тізе қоса жүріп, офицерге сүйген жар бола білген бұрымдыларымыз да жетіп артылады.
Әскери қызметші қыз-келіншектер өздеріне жүктелген жұмыстарды атқаруда кәсібиліктері мен тиянақтылықтарын көрсетіп, өз қызметтік міндеттеріне адалдықтарын танытып, әріптестеріне үлгі болып жүр. Бөлімдер мен мекемелердің қоғамдық өміріне, мәдени-демалыс шараларына, жеке құрамның оқу-тәрбиелік үдерісіне белсене араласып келеді. Мысалы, жас жауынгердің бейімделу кезеңінде әрбір әскери қызметші әйел жас сарбаздың қасынан табылып, оның қаз тұрып, қадам басуына көмек көрсетеді. Әскери қызметші әйелдердің арасында полковник, подполковник, майор сынды аға офицерлер де бар. Сондай-ақ, олар – жеке құрам арасындағы әскери тәртіпті күшейтудегі командирлер мен бастықтардың сенімді серігі.
Қорғаныс министрлігінің басшылығы әйелдерді әлеуметтік жағынан қорғауға, олардың өмірін сақтауға, ана мен бала денсаулығын қорғауға барынша көңіл аударып келеді. Әскери қызметшілер мен қызметкерлердің бұл категориясы Қазақстан Республикасының заң актілерінде қарастырылған жеңілдіктердің барлық түрімен қамтамасыз етілген. Ал, гендерлiк саясат қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында ерлер мен әйелдердiң теңдiгiне қол жеткiзуге бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық қызмет.
Бағдат МАЙКЕЕВ, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары.