Қазақстан • 14 Ақпан, 2019

Гроссмейстрлер тоғысатын чемпионат

389 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алдағы күндері Астанада тағы бір аса жауапты жарыстың жалауы желбірейді. Атап айтсақ, 4-15 наурыз аралығында республикамыздың бас қаласында шахматтан ерлер мен әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионаты өтеді.

Гроссмейстрлер тоғысатын чемпионат

Шахматтан командалық әлем чемпионаты 1985 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Әу баста айтулы жарыс тек ерлер арасында ғана өткен еді. Алғашқы төрт бәсекені Швейцарияның ең көрікті қалаларының бірі – Люцерн қабылдады.  Тұсаукесер турнирде құрамында Анатолий Карпов, Артур Юсупов, Рафаэль Ваганян, Андрей Соколов, Александр Белявский, Василий Смыслов, Александр Чернин және Лев Полугаевский сынды хас шеберлері бар КСРО құрамасы қарсылас шақ келтірмесе, екінші және үшінші орынға Венгрия мен Англияның шахматшылары ие болды. 

Кеңес Одағының ойыншылары 1988 жылы да алдарына жан салмай, бас жүлдені олжалады. Одан кейінгі екі орынды Югославия мен Англия иеленді. 1993 жылы АҚШ-тың айдарынан жел ессе, Украина мен Ресей күміс пен қола медальды еншіледі. 1997 жылы Ресей озса, АҚШ пен Армения жүлдегерлер қатарына қосылды. 

2001 жылғы әлем чемпионатын Арменияның астанасы – Ереван қабылдады. Бұл тартыс Украинаның жеңісімен аяқталды. Ресей мен Армения жүлделі орындарды иемденді. 2005 жылы Израильдің Беер-Шева және Түркияның Бурса қаласында жалауы желбіреген жарыстарда Ресейге тең келер команда табылмады. 2011 жылы Қытайдың Нинбо шаһарында Арменияның асығы алшысынан түссе, екінші және үшінші орындарды Қытай мен Украина өзара бөлісті. 2013 жылы Анталияда Ресей қайта алтын тұғырға көтерілсе, 2015 жылы Қытайдың қарқыны күшті болды.  

* * * 

Соңғы командалық әлем чемпионаты Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында өтті. Ерлер арасында атақты Петр Свидлер мен Ян Непомнящий бастаған жарыс қожайындары басты фаворит саналғанымен, шешуші тұста Қытайдың өрендері оларды басып озды. Құрамында Дин Лижэн, Юй Янъи, Вэй И, Ли Чао және Вэн Ян сынды сайдың тасындай жігіттері бар Қытай елі айды аспанға бір-ақ шығарды. Ресей екінші орында қалып қойса, Польша үшінші сатыға тұрақтады.  

Есесіне әйелдер сайысында Ресейдің қыздары топ жарды. Айтулы команда сапында Александра Костенюк, Екатерина Лагно, Валентина Гунина, Александра Горячкина және Ольга Гиря сынды арулар өнер көрсетті. Күміс медальды Қытай олжаласа, қола жүлдені Грузия еншіледі. 

* * * 

Биыл Астанада жалауы желбірейтін жарысқа әлем және құрлық чемпиондарынан бөлек, ФИДЕ рейтингінде ең жоғары орындарды иеленіп отырған тағы алты мемлекеттің мықтылары қатысады. Барлығы – 20 команда (10 ерлер+10 әйелдер). Тарқатып айтсақ, ерлер сайысында Қазақстан, Қытай, Әзербайжан, Иран, АҚШ, Мысыр, Ресей, Польша, Англия және Үндістан құрамалары күш сынасады. Әйелдер бәсекесінде Қазақстан, Ресей, Қытай, АҚШ, Мысыр, Украина, Грузия, Венгрия, Армения және Үндістан командалары шеберлік байқасады. 

Бәсекелер айналмалы жүйе бойынша өтіп, барлығы 9 кезеңді құрайды. Ерлер бәсекесінде Қазақстанның туы астында Ринат Жұмабаев, Мұртас Қажығалиев, Әнуар Исмағамбетов, Денис Махнев және Петр Костенко өнер көрсетсе, әйелдер сайысында Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік, Гүлісхан Нақбаева, Гүлмира Дәулетова және Мадина Дәулетбаева ел намысын қорғайды. 

Тағы бір айта кетерлік жайт, осы жарысты тамашалау үшін Найджел Шорт (Ұлыбритания), Юдит Полгар (Венгрия), Фабиано Каруана (АҚШ), Сергей Карякин (Ресей) және тағы басқа шахмат жұлдыздары Қазақстанға келеді деп күтілуде.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»