Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде тұрмысы төмен 100 отбасыға баспана сатып алу құқығынсыз жалға берілмек. Былтыр ааталған жоба арқылы 260 солтүстікқазақстандыққа пәтердің кілті табыс етілген болатын. Солардың бірі көпбалалы ана Бархат Нағыметова баспана кезегіне 12 жыл бойы тұрып келген. Кең де жарық 3 бөлмелі үйге қол жеткізілгелі тұрмысы түзеліп, жағдайы жақсарып қалыпты.
Баспаналар белгілі бір тәртіп бойынша үлестірілетін болады. Петропавл қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі коммуналдық және ипотекалық тұрғын үйді есепке алу және бөлу секторы меңгерушісінің міндетін атқарушы Эльмира Смағұлованың айтуынша, бірінші кезекте ҰОС ардагерлеріне, жетім балаларға және өзге ел аумағында әскери іс-әрекеттерге қатысқан жандарға беріледі. Одан кейін 9 санаттан тұратын халықтың әлеуметтік әлжуаз тобы үміт арта алады. Яғни, үйлер толық емес отбасы мүшелеріне, көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлерге, мүгедектерге, оралмандарға үлестіріледі.
Айта кеткен жөн, отбасы түгеліменбасқа жаққа көшетін болса үй қайтарылып алынады. Сөйтіп, нысан жалпы кезектегі келесі жанға беріледі.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы