Спорт • 18 Ақпан, 2019

Көкшетауда тоғызқұмалақтан ел чемпионаты өтіп жатыр

135 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сайысқа еліміздің 3 қаласы мен 12 облысынан жиналған спортшылар қатысып, бақ сынасуда.

Көкшетауда тоғызқұмалақтан ел чемпионаты өтіп жатыр

Қалыптасу кезеңі 4 мыңжылдық уақытты қамтитын түркі халықтарына ортақ мұра тоғызқұмалақ ойыны соңғы жылдары тек Азияда ғана емес, төрткүл дүниеде қарқынды дамып келеді.

– 6 күнге созылатын жарыс еліміздегі тоғызқұмалақ ойынының дамып жатқандығының көрінісі. Қазіргі уақытта әлемнің 27 мемлекеті осы спорт түрімен айналысады. Әсіресе, түркі халықтарында ойын жақсы дамыған. Жақында Анталия қаласында әлем біріншілігі өтеді. Біздің спортшылар әлем алдында ел намысын асқақтатады деген сенім басым,– дейді бас төреші Батырхан Әбілбеков.

Жарыс екі кезеңнен тұрады. Командалар  екі топқа бөлініп іріктеу ойындарын ойнайды. Әр топтан сурылып алға шыққан командалар ақтық мәреде ой жарыстыратын болады. Шымкент қаласынан келген Салтанат Сапарбекова ұлттық ойынның бұл түрімен 6 жасынан бастап айналысады екен. Спортшы қыз 25 жылда толағай табыстарымен қазақ елінің рухын асқақтатып жүрген жан.

–Тоғызқұмалаққа қызығушылығым әкемнің арқасында пайда болды. Қазіргі уақытта түрлі дәрежедегі сайыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүрмін. Өткізіліп жатқан жарыстың бірінші айналымында жеңіске жеттік. Осы қарқынды соңына дейін сақтауға тырысамыз,–дейді тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Салтанат Сапарбекова.

Республикалық чемпионатта халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері көп. Дәстүрлі түрде өткізілетін жарыс жеңімпаздары тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының құрамасына еніп, келер жылы ұйымдастырылатын халықаралық додаларда ел намысын қорғайтын болады.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы

Соңғы жаңалықтар