Қазақстан • 18 Ақпан, 2019

«Қиын бала» – қоғамдық мәселе

533 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бала тәрбиесі, оның бос уақытын тиімді пайдалануы күн тәртібінен түспеген мәселе. Дегенмен соңғы кездері орын алған келеңсіз оқиғалар бұл мәселеге айрықша назар аударуды қажет ететінін аңғартты. Осы орайда Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» іс- шарасы өтуде.

«Қиын бала» – қоғамдық мәселе

Ай басынан басталған іс-шара барысында тәртіп сақшы­лары әртүрлі құқық бұзу­шылыққа қатысты 400-ден астам жасөспірімді ішкі істер бөлімдеріне жеткізген. Бала­ларын тәрбиелеу жөнін­­дегі міндеттерін орын­да­ма­ғаны үшін 10 ата-ана, түнгі уақытта кәмелетке толма­ған­дар­дың ойын-сау­ық орындарында болуына жол берген 14 ойын-сауық иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ ювеналды полиция қызметкерлері түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 20 жасөспірім және түнде заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде жүрген 345 кәмелетке толмағандарды анықтады. Құқық бұзушылыққа бей­ім 45 жасөспірім және 43 қолай­сыз от­ба­сы есеп­ке алын­­ған. Жас­­өс­пірім­дер қыл­мысын азай­­­ту және кә­ме­­летке тол­ма­ған­­­­дар ара­сын­­да құқық­ бұзу­шы­лық­тар­ды бол­дыр­­маудың алдын алу мақсатында, облыс әкімінің бастама­сымен әрі қолдауымен мектептерде бейне­камералар пайдаланылатын қанатқақты жоба қолға алынды. Мысалы, Түркістан қаласындағы №23 орта мектеп ғимаратына және ауласына полиция депар­таментінің жедел бас­қару орталығымен ин­тегра­цияланған 5 бейне­­бақы­лау камерасы орна­тыл­­ған. Қазір тәртіп сақ­шы­лары бала­лардың қа­уіп­­­сіздігін және мектеп оқушы­ларының ортасын­дағы қандай да болма­сын құқық бұзушылықтар әре­кетін бақылай алады. Мұндай бейнебақылау камераларын бүгінгі таңда 39 мыңнан астам бала білім алатын Түркістан қаласының барлық мектебінде орнату жоспарлануда. 

Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары Мақта­арал ауданында да күшей­тілуде. Бұл орайда ата-аналарға арналған кон­ферен­­ция өткізіліп, аудан әкімі Б.Асанов балалар мен жас­өспірімдер арасындағы құқық бұзу­шыл­ықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. «Бүгінгі таңда мектеп жасындағы балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ауданның барлық мектебінде «сенім жәшіктері» орнатылды. Білім беру мекемелеріндегі ата-аналар жиналысының күн тәртібіне «қиын» балалармен жұмысты қолға алу және оқу жылы барысында оларды осы категориядан шығару мәселесі қойылды. Әдістемелік кеңестер беріл­ді. Бұл күндері әрбір мек­теп­­тегі «қиын» балаларды есепке алып, олардың жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, сабақ үлгерімін бақылап, дер кезінде педагогикалық-психологиялық көмек беру үшін мектептегі психолог, тәлімгерлер мен директордың орынбасарлары бекітіліп, арнайы бағдарлама бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұдан бөлек, әкімшілік бекіткен арнайы кесте бойынша ішкі саясат, аудандық ішкі істер бөлімі мен аудандық білім бөлімі, БАҚ өкілдері және мектеп мұғалімдерімен бірі­гіп, кешкі мезгілде рейд жүргізуде. Беймезгіл уақытта жүргендерді анықтап, ескерту жасауда», деді аудан әкі­мі. Сондай-ақ конференция барысында жарыссөзге шыққандар өз ұсыныстарын білдірді. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы