«Өздеріңіз көріп отырсыздар, Елбасының Жастар форумында берген тапсырмаларының бәрі де аса маңызды және олар өз деңгейінде орындалатын болады. Осы тұста, мына жайтқа да тоқталғым келеді. Бұл - ауыл жастарының мәселесі. Шыны керек, осы жерде отырған көбіміз ауылдан шықтық. Ауыл - Қазақстанның алтын бесігі, біз үшін сакралды туған жер. Жастар жылында біз ауыл жастары мәселесін жан-жақты шешудің жолдарын қарастырып жатырмыз.
Оның ішінде, Елбасы айтқандай, «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы арқылы ауылға барған жастардың алғашқы жәрдемақысы 100 айлық есептік көрсеткішке өсіп отыр», - деді министр. Оның сөзіне қарағанда, ведомство ауылға баратын жас мамандар үшін арнайы кәсіпорындарда квотаның санын ұлғайту, білім гранттарын көбейту мәселесін қарастырып жатыр. «Ауылдық жердегі инфрақұрылымды жаңарту, жаңа жұмыс орындарын, медициналық-мәдени ошақтардың құрылысын салу Аумақтық даму жоспарларына нақты енгізілуі қажет деп есептейміз.
Сондай-ақ, «Серпін», «Жас маман», «Жас кәсіпкер» бағдарламаларының мақсаты бір - ауыл жастарының ахуалын жақсарту. Әрине, бүгінгідей урбанизациялық, цифрлық, жоғары технологиялық дәуірде ешкімді ауылға байлап отыра алмайсың. Алайда, тым болмағанда, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы қаламен теңесе бастайтын болса, ауылдың оты ешқашан өшпейді деп ойлаймын!», - деді Дархан Кәлетаев.