Қазақстан • 18 Ақпан, 2019

Есіл өзенін ластаған кәсіпорынға 30 млн теңге айыппұл салынды

267 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстікқазақстандықтар үшін  тіршілік нәрінің бірден-бір көзі–Есіл өзені. «Есіл су» мемлекеттік  мекемесі  елді мекендерге сапалы ауыз суды осы өзеннен жеткізеді.

Есіл өзенін ластаған кәсіпорынға 30 млн теңге айыппұл салынды

Алайда соңғы жылдары өзеннің суы лайланып, тартылып бара жатқаны алаңдатпай қоймайды. Бұған ортақ су көзін ластаушылар қатарының көбейіп бара жатқанын қоссақ, жедел шешімін табатын мәселелердің аз еместігі анық аңғарылады.  Жұртшылық тарапынан дабылдар жиі қағылып жататыны да сондықтан. Өңірлік экология департаментіне қала тұрғынынан кәсіпорындардың бірі Есіл өзеніне лас суды төгіп жатыр деген ақпарат түсіп, тексеріс барысында толығымен расталды. Эколог мамандар қалалық “Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш ғимараттар” мекемесінің қалдық суды өзенге ағызып жібергенін  анықтады.

Департамент басшысының орынбасары Азамат Бектасовтың айтуынша, қысқы уақытта қалдық суды төгуге қатаң тыйым салынғанына қарамастан аталмыш кәсіпорын заң талаптарын  өрескел бұзған. Елімізде бірінші кезекте адам денсаулығын сақтау, нұқсан келтірмеу жайын ескермеу салдарынан Есіл арнасына 153 мың текше метр ағынды су түскен.

«Департамент мамандары тексеріс жүргізді. Факт расталды. Заңбұзушылыққа жол беріп, қоршаған ортаға тигізген залалы үшін 30 миллион теңге айыппұл салынды», дейді  экология департаменті басшысының орынбасары Азамат Бектасов.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы