Спорт • 18 Ақпан, 2019

Әсем Орынбай: Стенд атудан Азия чемпионатында Олимпиада жолдамасын иеленгім келеді

306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Стенд атудан Кувейтте өткен Гран-при кезеңінде Қазақстан құрамасының мүшесі Әсем Орынбай 4-ші орыннан көрінді. Біздің спортшыға жүлде алу үшін бар болғаны бір ұпай жетпей қалған еді. Olympic.kz сайтына сұхбат берген Әсем алдағы басты жоспарларымен бөлісіп, Кувейттегі турнирді қорытындылады. 

Әсем Орынбай: Стенд атудан Азия чемпионатында Олимпиада жолдамасын иеленгім келеді

- Гран-при кезеңінен медаль алу үшін бір ұпайым кем болды. Мен скитте шеберлігімді шыңдап жүрмін, бұл Олимпиада ойындарының бағдарламасына енеді. Кувейтте барлығы жақсы ұйымдастырылды. Тек финалда қатты жел соғып, кері әсерін тигізді. Әйтпесе, жүлдеге таласудың реті келген еді. 

Кез-келген спортшы секілді, менің де Олимпиада ойындарына қатысқым келеді. Төртжылдық ойындарына жолдама алу қиын болса да, тырысып бағамын. Біздің спортта лицензия әлем және Азия чемпионаты, сондай-ақ, әлем кубогі кезеңдерінде сарапқа салынады. Өз басым сары құрлық чемпионатында осы мақсатымды орындасам деген ойдамын. Алайда, оңай болмасы сөзсіз. Өйткені. Азия чемпионатында бір ғана жолдама ойнатылады. Азияда біздің басты қарсыластарымыз Қытай, Кувейт, Таиланд,Катар, Оңтүстік Корея спортшылары болмақ. 

Стенд ату спорты елімізде үлкен танымалдыққа ие емес. Өзім Алматы облысы, Іле ауданы, Ынтымақ ауылында туып өстім. Стенд ататын алаңқай біздің үйге жақын орналасқан. Алғашқы әскери дайындық сабағынан беретін ұстазымыз стенд атуды үйретті де, менің қызығушылығым оянды. 2015 жылдан бері ұлттық құрама сапында түрлі жарыстарға қатысып жүрмін. Кувейттегі Гран-при додасымен бірге оқу-жаттығу жиындары да аяқталды. Енді жоспар бойынша келесі турнирге дайындаламыз, - дейді Әсем Орынбай. 

Еске сала кетейік, Кувейттегі Гран-при турнирінде қазақстандық Ольга Панарина қола медаль жеңіп алды.