19 Ақпан, 2019

Ләззат атанған Лидия

535 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осы бір айдай өңді, шырайлы, күлімдеген көкшіл көзді келіншекпен алғаш кездесіп, тілдескенім әлі есімде. Екіндіге таяу ауыл сыртында жайылып жүрген қойларымнан көз жазып қалып, алақтап төңірекке көз салып тұрғанмын. Анадай жерде жиырма шақты қойды қайырып жүрген әйелді көзім шалды. Жылдамырақ басып жақындап келіп «Не видели чужих овцов?» дегенімде «Жоқ, аға, бөтен қойлар көзіме түспеді», деп сыпайы жауап берді. Орыс әйелінің қазақша жатық сөйлегеніне аң-таң қалдым. Жөпелдемеде жөн сұрасудың ретін таба алмадым әрі күн де кешкіріп бара жатқан-ды.

Ләззат атанған Лидия

Кейін бірер апта өткен соң ауыл сыртында қой жайып жүр­ген бейтаныс жігітпен жолығып амандық-саулық білісіп, жөн сұрадым. Есімінің Жолаушыбай екенін, бұл жаққа Бестаудан жақында көшіп келгенін, маман­дығы мұғалім екенін айтты. Кейін бір кездескенде әңгімеден әңгіме шығып, ол келіншегі орыс екенін, төрт баласы барын, анасы қолында тұратынын айтты. Сөйтсем ана жолы кездестірген әйел осы жігіттің зайыбы екен. Осыдан бастап кездескен жерде амандық-саулық сұрасып, әңгімеміз жарасып кетті.

Қыста екеуін со­ғымға ша­қырдым. Жолдас­та­рым­мен танысып риза болып қалды. «Сыйға – сый, сыраға – бал» деген ғой, наурыздың бас кезінде олар да бізді көршілерімен қосып шекеге шақырды. Үй іші жинақы, алаша-кілемдер, құрақ көрпелер бөлме ішін жайнатып-ақ тұр. Асты жерде отырып іштік. Арақ-шарап болған жоқ. Табақты ал­ған соң ас қайырылып, бата жасалды. Бір сәт үнсіз қалдық. Осы тұста Лидия (өздері Ләззат деп атай­ды) «Аруақтарға Құран оқы­ңыз­даршы» деді өтінгендей болып. Ықылас сүресінен бір аятты оқып, аруақтарға бағыштадық. Үй іші риза болып қалды. Әсіресе Ләззат­тың жүзі жайнап, бір үлкен міндет атқарғанына риза болған­дай кейіп танытты.

Краснодар өлкесінде туып-өс­кен Лидия Қазақстанға ата-анасымен 60-жылдардың бас кезінде келіпті. Ол кезде 4-сы­ныпта оқиды екен. Ата-ана­лары еңбекқор жандар болса керек. Әкесі бастапқы кезде механизатор болып, кейін трактор-егіс бригадасын басқарған. Ана­­сы сауыншы, аспаз болып түр­лі жұ­мыс істепті. Тұрған жер­лерінде қазақтармен етене ара­­ласып, сый-құрметке бө­ленген. Лидия есейгенде мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін Жолаушыбаймен танысып, сөз байласады.

Осы тұста әке-шешесі дәм-тұзы көтеріліп еліне қайта көшетін болады. Бірін-бірі ұна­тып қалған екі жас қимай қош­тасып, махаббатқа адал боламыз, амандық болса келесі жылы үйленеміз деп уағдаласады. Қыс­қы каникулда Жолаушыбай Крас­нодарға да барып келеді. Ақы­ры ата-анасы іштей риза бола қоймаса да келісіп, тату-тәтті өмір сүріп, өнегелі отбасы болыңдар деп баталарын береді.

Бұлардың шаңырақ көтер­гендеріне де елу жылға жуық­тапты. Ата-ененің қолында бол­ған жылдар жас келін үшін өмір мектебі іспетті болады. Енесінен көп жайтты үйренеді. Үлкен кісілердің қасы мен қабағына қа­рап, солардың көңілінен шы­ғуға тырысады. Ерте тұрып, кеш жатып, үй шаруасын дөң­ге­­лентіп әкетеді. Ағайын-туыс, көрші-көлеммен етене араласып, сыйласа білді. Сол жылдың аяғында тұңғыштары – Қуаныш дүниеге келеді. Ата-әженің бауы­рында болған баланың тілі ерте шығады, былдырақтап қазақша сөйлейді, анасы орысша айтса көзі жыпылықтап ештеңе түсін­бейді. 

– Қазақ тілін үйреткен тұң­ғышым ғой. Қуанышыммен бірге менің де қазақша тілім шықты. Көрші келіншектер де менің тілді тезірек үйренуіме көмек жасап бақты. Өзім де сүйіп қосылған ерімнің ана тілін білуді басты міндетім деп санадым. Екі жылда тілді тәп-тәуір меңгердім. Қа­зақ­тың салт-дәстүр, әдет-ғұрып­та­ры­на да ден қойып, көп жайтқа қа­нық болдым, – деп еске алады өзі. 

Бірде жұмысқа бара жатып көктайғақта Лидия машинаның астына түсіп қала жаздайды. Кеш­кісін үйіне келген соң жұбайына бол­ған оқиғаны баяндап, мен бір жағдайға ұшырағанда мені орыс зиратына апарып жерлер ме едің? Менің жаным да, тәнім де қазақ, жүрегім де қазақ деп соғады ғой, деп өзінің ішкі сырын жайып салады. Содан олар аудан орталығындағы мешітке барып, жұма намазына қатысушылар алдында некелерін қайта қиғы­зып, Лидия мұсылмандықты қа­был­дайды. Осылайша Ләззат-Лидия маңдайын сәждеге тигізіп, Алла­ның ақ жолына түсті.

Бүгінде Жолаушыбай мен Лидия ұрпақтарының ортасында Қостанай қаласында өмір сүріп жатыр. Балалары ер жетіп, әрқайсысы бір-бір мамандық иесі атанып, үбірлі-шүбірлі әулетке айналды. Қуанышы кәсіпкер болса, Жалғасы тіс дәрігері, Фари­дасының мамандығы есепші, ал кенжелері Жанна қаладағы бір фирмада қызмет істейді. 
Алланың бергеніне үнемі шү­кіршілік етемін. Басымыз аман болып, бала-шағаның қы­зық-қуа­нышына кенелтіп, бақыт­ты ғұмыр кешуге жазсын, деп ті­лейді Ләззат.

Қанапия МЫРЗАҒОЖИН,

Қазақстанның құрметті журналисі