Он жасынан бастап жанарының дұрыс көрмейтінін аңғарған Ғалымның ата-анасы дәрігерлердің көмегіне жүгінгенімен, жасалған ем-домның да жақсы нәтижесі бола қоймайды.
Алайда бала көңіл жасымады. Сегізінші сыныптан бастап зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған Жамбыл облыстық «Болашақ» мектеп-интернатында оқуын жалғастырды. «Менің армандарымның іргетасы осы мектепте қаланды», дейді Ғалым Адайұлы.
Мектепті аяқтағаннан кейін ата-анасымен бірге Алматыға қоныс аударған Ғалымның денсаулығына орай жоғары оқу орнына тест тапсыруға да мүмкіндігі шектелді. Көңілі құлазығанымен де оңтүстік астананың жайма-шуақ күндері оны барынша мейірім құшағына тартып әкеткендей әсерлендірді. Осылайша қала өміріне бірте-бірте бойы үйрене бастаған ол қарап отырмай, күзетші болып жұмысқа орналасты. Қолы қалт еткенде барар жері – кітапхана. Сонда өтетін тегін курстардың бірде-бірін қалдырмайды. Ендігі өмірдің мәні осы кітап әлемінің ішінде бұғып жатқандай көрінетін. Көп ұзамай жұмыспен қамту орталығы арқылы рухани ортаның бір мүшесіне айналды. Ғалымның кітапханадағы еңбек жолында Гүлбаршын Рахымбердіқызындай білікті басшының еңбегі зор. Мұндағы жұмыстың барлығын да ынта-жігерімен атқаратын еңбекқорлығына орай Ғалымға Республикалық зағип және көру қабілеті төмен азаматтарға арналған кітапханадан шығатын «РБНСГ-Вести» газетін шығару жауапкершілігі жүктелді. Осылайша жанарын жас жуған сәттер жанына жылылық ұялатқан ұжымның өмірімен астасып кетті.
Іскер маманға қашанда сұраныс жоғары емес пе? Келісімшарты аяқталған соң, сүйікті ісін Астанадағы «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының «Дыбыс жазу студиясы және брайль» кітаптарын шығару бөлімінде кітапханашы болып жалғастырған жас маман көмекке мұқтаж балаларды назарынан тыс қалдырмауды өмірінің бір бөлшегіне айналдырды. Салаға қатысты білімін жетілдіріп, Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжін, одан кейін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша тәмамдап шығады.
Үлкен ізденіс пен қажырлы еңбегімен алға жылжыған Ғалым Адайұлы Астана қаласындағы №10 гимназияда зағип және көзі нашар көретін балаларды брайль қарпіне үйрете бастады. Екі бағанға орналасқан нүктелерді саусақпен ғана сезініп, әлемнің бар қимылын тану үшін үлкен ерік-жігерді талап ететін брайль әліпбиін меңгеру оңай емес-ті. Осыдан кейін арнайы үйірме ұйымдастырып, сабақтарды тегін өткізу туралы ой келді.
Бүгінде көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың басшысы Ғалым Нұрланов көмекке мұқтаж жандар үшін қазақ тіліндегі басылымдардың тапшылығына қынжылады. Осы орайда брайль қарпімен басуға маманданған арнайы баспахана ашып, қазақ тілді кітаптардың жарыққа шығуына қолдау болса деген ұсынысын Елбасының алдында да жеткізген жас басшы зағиптарға арналған кітаптардың басым көпшілігі Ресейден әкелінетіндігін жеткізді. «Брайль қарпін үйрету бойынша қазақ тіліндегі кітаптар қоры аз. Оқырмандар тарапынан қазақтың жас ақын-жазушыларының шығармаларына деген сұраныс жоғары. Осы бағытта елімізге белгілі жас қаламгерлермен, сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағымен де келіссөздер жүргізу жолға қойылып келеді», – дейді Ғалым Адайұлы. Бүгінде мыңнан астам оқырманы бар кітапхана оқырмандарының дені 18 жастан жоғары болса, алдағы уақытта жасөспірімдер мен балаларды да қамту жоспарланып отыр. Себебі заманауи технологиялар қарыштап дамып келе жатқанымен де, жас буынның кітапқа деген қызығушылығы жоғары.
Осылайша жас маман әлемнің әсемдігін тануға ұмтылған көмекке мұқтаж жандарға брайль қарпінің оқу әдістемесін үйретіп, «Саусақ ұшындағы әлем» үйірмесінде арнайы синтезатор арқылы компьютерлік сауаттарын арттыруға ықпал етіп келеді.
«Болашақ» корпоративтік қорының қолдауымен ашылған дыбыс жазу студиясында бүгінде жүзден астам кітап жазылған. Осы қарқыннан танбасақ, оқырмандарымыздың барлық сұранысын қанағаттандыратын дәрежеге жетеміз. Алдағы уақытта электронды журналдарды заманауи тәсілдер арқылы меңгеру де жоспарланып отыр. Бұл бағытта мемлекеттік қолдаудың ықпалы зор. Қазіргі кезде кітапхана оқырмандарының соңғы үлгідегі компьютерлермен өздеріне қажет кітаптарды брайль қарпіне ауыстырып, принтер арқылы қолдарына ұстап, сезініп оқи алатын мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта «Youtube» дербес каналын ашып, өнерге жақын жандардың шығармаларын дыбыс жазу студиясы арқылы өңдеп, интернетке салу, музыкалық бағытта тегін сабақ өткізу де жоспарда бар», деп жігерленеді Ғалым.
Көмекке мұқтаж жандарға көмектесіп жүрген Ғалым Адайұлының бүгінде жеткен жетістіктері аз емес. «Ақ таяқ» фестивалінің брайль жүйесі бойынша «Оқу мен жазу» аталымында Гран-при иегері болса, жеңіл атлетикадан мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен «Үміт» спартакиадасының күміс жүлдегері. Еңбек жолында ақпараттық технология саласындағы жетістіктері үшін алған марапаттарына қарай отырып, жаны дархан, жүрегі жомарт, ең бастысы, көкірек көзінің құдіреті арқасында айналасына шуақ сыйлап жүрген Ғалымды қажымас қайраттың иесі деген болар едік.
Эльвира Серікқызы,
«Еgemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ