Ат жалын тартып мінген кезде Баубек батыр Кенесарының соңына еріп сан шайқасқа қатысқан. Қырғыз тарапымен болған ірі қантөгістердің бірінде қарсы жақтың Отыншы батырын жер жастандырған. Сол сәттен бастап Баубек батыр атанады. Кенесары көтерілісіне жан-тәнімен берілген, елінің бостандығын ойлаған батыр көтеріліс күшпен басылған соң Терісаққан өзенінің қабағына қоныстанады.
Патша өкіметі көтеріліске шығып, қол бастаған батырды кейін Түмен облысына жер аударады. Тағдыр тәлкегімен топырақ сол жақтан бұйырған. Жазалаушы отряд ұстауға келгенде тұлпарының үстінде отырған батыр өзінің бір саусағын кесіп алып, анталай қаумалап тұрған ет жақын туыстарына лақтырды дейді. «Маған топырақ жат жерден бұйыруы мүмкін, осы саусағымды арулап көміңдер» деп аманат етсе керек. Айтқаны айдай келген. Жалғыз батыр ғана емес, болашақты болжаған көріпкелдік қасиеттен де құралақан болмаған ғой.
Баубек батыр қайтыс болғандығы туралы жаманат хабар жеткеннен кейін туыстары жиналып Бесоба деген жерге саусағын көмеді. Сол тұстағы Қызылту ауылының маңында тастан салынған үлкен мазар бар. Ұрпақтары батыр бабаларының ерлігін ұмытпай 1993 жылғы 16 қазанда кесененің ашылу салтанатын өткізді. Қазір бұл елді мекен Баубек батыр ауылы деп аталады.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»
Ақмола облысы,
Жақсы ауданы