Қазақстан • 20 Ақпан, 2019

Саяттың ақзер бұйымдары

796 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халқымыздың мәдениетімен үндесіп, тарихымен сабақтасып жатқан зергерлік өнерге әуестенген жастарды бұл күнде көп кездестіре бермейсіз. Алайда  алматылық Саят Сейсенханұлының шеберлікті ғана емес, асқан төзімділікті қажет ететін осынау дегдар салаға деген құштарлығы мектеп жасынан ояныпты.

Саяттың ақзер бұйымдары

Өз үйінің бір бұрышын ша­ғын шеберханаға айналдырған 22 жастағы Саят қолы қалт еткенде, жұмыс үстеліне отыра қа­лып сүйікті ісімен айналы­­са­ды. Алқа, білезік, жүзік, қап­сырма, тұмар сынды сәндік бұйымдарды ешқандай ста­нок­тардың көмегін­сіз, қол құрал­дарымен зерлеп қа­лаған пішінде безендіреді. Әсіресе қазақы ою-өрнектерді заманға сай түрлендіріп, білезік жасағанды жаны сүйетінін айтады. Сүйікті ісімен айналысу ең алдымен көңілге қуаныш сыйласа, екінші жағынан қосымша табыс көзі. «Басты мақсатым – ұлттық өнердің бәсін биіктету» деген жас зергер өз ойымен бөлісті.

– О.Таңсықбаев атындағы Сәндік қолданбалы өнер кол­леджінің ағашты көркемдеп өң­деу мамандығында білім ала жүріп, жаныма жақын маман­дықтарды қоса үйреніп шықтым. Соның ішінде зергер­лік­ке ерекше ынтам ауды. Бұл­ ғасырлар бойы дамып ке­ле­ жатқан өнер туындысы. Зер­гер­лерге аса қажетті қасиет – су­рет­шілік, икемділік пен дәл­дік. Түрлі технологиялардың дамуы адамның қол еңбегіне де­ген қажеттілікті жыл санап төмендетуде. Сол үшін де қол­дан жасалатын бұйымдарға де­ген сұраныс азая бастады. Көп­шілік бағасы арзан болған соң шекара асып келген көшірме бұйым­дарға қызығады. Мұндай әшекей бұйымдардың барлығын кезінде өз жерімізде қазақтың зергерлері дайындады емес пе? Осы өнердің тарихын танып, сырына терең бойлағым келді. Бала күнімде көп сурет салатынмын. Әсіресе оюлардың суретін. Ата-бабамыздан дарыған текті өнерді жалғап, қазақ зергерлік өнерінде өзімнің қолтаңбамды қалдырсам деген арманым бар. Ғаламтордағы әлеуметтік желі­лер арқылы шама-шарқыма қа­рай тапсырыс қабылдаймын. Бола­шақта өз шеберханамды үл­кей­тсем деймін, – дейді Саят Сейсенханұлы. 

Көне тарихтың көмбесі қазақ даласында мыс, алтын сынды бағалы металдарды игеру ісінің тым әріде жатқанын, зергерлік өнердің тынысы ежелгі замандардан-ақ өріс алғанын айғақтайды. Сондықтан болар, «Зердің жайын зергер білер, аңның жайын мерген білер» дейтін халқымыз бұл өнерді игерген жандарды айрықша құрметтеген. Саяттың талантына тамсанып, әсерлі әңгімесін тың­дап, шын мәнінде тылсым өнер­дің тұңғиығына бойлауға бел байлаған азамат екенін аңда­ған­дай болдық. Ұлт мұрасын ұлық­таған зерделі жасқа толағай табыс тіледік. 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ