Ауылға келіп ота жасады
Сәрсенбі, 13 маусым 2012 7:49
Катонқарағай ауылында жаңа жобалы аурухана үйінің салынуы №2 МБ-нің дәрігерлеріне жақсы еңбек жағдайларын тудырумен қатар, науқастарға көрсетілер медициналық көмек түрлерін кеңейтуге де үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Яғни, аурухана үйі заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жақсы жабдықталған, жансақтау бөлімі де бар. Көршілес аудандардағы әріптестеріне қарағандағы осындай артықшылықтарын уақытылы сезіне білген бірлестіктің директоры Арқабек Қадырбаев аудандық, облыстық деңгейлерде өткізіліп жүрген әртүрлі жиындарда облыстағы білікті мамандар ауылға келіп,
Сәрсенбі, 13 маусым 2012 7:49
Катонқарағай ауылында жаңа жобалы аурухана үйінің салынуы №2 МБ-нің дәрігерлеріне жақсы еңбек жағдайларын тудырумен қатар, науқастарға көрсетілер медициналық көмек түрлерін кеңейтуге де үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Яғни, аурухана үйі заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жақсы жабдықталған, жансақтау бөлімі де бар. Көршілес аудандардағы әріптестеріне қарағандағы осындай артықшылықтарын уақытылы сезіне білген бірлестіктің директоры Арқабек Қадырбаев аудандық, облыстық деңгейлерде өткізіліп жүрген әртүрлі жиындарда облыстағы білікті мамандар ауылға келіп, мұндағы дәрігерлерге іс-жүзінде көмек көрсетіп, күрделі емес кейбір операцияларды жергілікті жерлерде жасауға үйретсе деген ұсыныстар айтқан болатын. Ең соңғы рет ол осы мәселені өткен жылы Өскеменде өткізілген хирургтар қоғамының кезекті бір кеңесінде көтеріп, есімі республикамызға ғана емес ТМД-ға жақсы танымал білікті дәрігер, облыстың бас хирургі Әскертай Түселбаевтың тарапынан қолдау тапқан-ды. Енді міне, осы игі бастаманың жемісін катондықтар көре бастады.
Өткен аптада облыстық аурухананың бас хирургі Ә.Түселбаев, проктология бөлімінің меңгерушісі М.Бошабаев, облыстық аурухананың анестезолог-реаниматологы, жерлесіміз Г.Семенова, тағы басқа маман-дәрігерлерді Катонқарағай аудандық №2 МБ-не өзі бастап келіп сегіз науқасқа тегін ота жасады.
– Осыдан бірер күн бұрын Катонқарағайға іссапармен келіп, мұндағы нақты жағдайды көзбен көріп кеткенмін, – деді Әскертай Сіләмұлы. – Ауруханалары жаңа, құрал-жабдықтары да облыстағыдан бірде кем емес екен. Хирургиялық көмекті қажет ететін науқастарды анықтап дайындауда да дәрігерлер жақсы еңбектеніпті. Осы жолы өт жолдарында тас бар, қан тамырлары мен тік ішектері сырқаттарына да хирургиялық араласу қажет деген сегіз науқасқа ота жасауға келдік. Операциялар ойдағыдай, сәтті өтті. Алдағы уақытта да бұл жаңа бастаманы жалғастыра береміз деп ойлаймын. Осы жылдың шілде айында және күзінде қайта ораламыз деген жоспарымыз бар.
Халыққа тұрғылықты жерлерінде дәрігерлік қызмет көрсету науқастарға тиімді. Біріншіден, олар ұзақ жол жүріп шаршамайды, Өскемен мен екі ортаға уақыт кетіріп, барып-келуге ақша жұмсап шығынданбайды. Ал біз болсақ, жергілікті мамандардың кәсіби біліктілігін жоғарылатуға көмектесеміз. Катонқарағайға келмес бұрын хирургия бөлімінің меңгерушісі Серік Токимов пен анестезолог-реаниматолог Әсел Қасымованы облыстық ауруханада екі апта тәжірибеден өткізгенбіз. Енді, міне, олардың өз жұмыс орындарында бірге ота жасадық. Үлкен Нарыннан Әсел Бұлғұнова мен Ақсуаттан Бағдан Оразханов деген жас дәрігер-хирургтарды да көрсін, үйренсін деген ниетпен өзімізбен бірге алып жүрміз.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Әлеуметтік экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты биылғы Жолдауында: «Медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, саламатты өмір салтын алға бастыру адами әлеуеттің деңгейін арттырудың келесі бір маңызды бағыты болып табылады», – дей келе аталмыш саланың қызметкерлерінің алдына үлкен міндеттер қойған болатын. Өскемендік дәрігерлер Мемлекет басшысының талабына осылай нақты істерімен жауап беруде.
Жәнібек ҚЫЗЫР.