Орындалған арман
Сенбі, 16 маусым 2012 7:05
Мектеп қабырғасында жүріп-ақ «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алуды армандайтынмын. Бірақ оқуға түсе аламын ба, жоқ па деген екіұдай пікірде болдым. Емтихандарды ойдағыдай тапсырып, Қазақ мемлекеттік медицина университетіне оқуға түскеннен кейін «Болашақты» бағындыруды шындап ойлана бастадым. Əрине, сынақтан «сүрінбей» өту оңай емес. Бұл жолда маған да біраз «терлеуге» тура келді. «Құласаң нардан құла» дегендей, мен де бірден денсаулық сақтау саласындағы беделді оқу орнына «ен тақтым». Айым оңымнан туып, еңбегім еш кетпеді. А.Н.Бакулев атындағы жүрек-қантамыр хирургиясы ғылыми орталығында білім алдым.

Бүгінгі таңда мен Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы маңдайалды емдеу мекемесінің біріне айналған «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ-да қызмет атқарамын. Орталықтың негізгі қызметі инновациялық медициналық технологияларды қолдана отырып, жоғары мамандандырылған кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсетуге бағытталған, сонымен қатар кардиохирургия, интервенциялық кардиология салаларында науқастарға амбулаториялық тексеруден бастап, жоғары мамандандырылған көмек көрсетуге, кешенді оңалтуға дейін ғылыми-ағарту жұмысымен де айналысады. Бұған қоса, Орталық республиканың аймақтық кардиологиялық және кардиохирургиялық орталықтары мен бөлімдеріне әдістемелік-ұйымдастыру және кеңес беру көмектерін көрсетеді. Ашылғанына бір жыл енді толғанына қарамастан, орталығымызға шетелдерден келіп, ем алып жатқан азаматтар баршылық, олардың саны болашақта арта береріне сенімім мол.
Кардиохирургиялық орталық базасында 2011-2014 жылдар аралығында қазіргі заманғы диагностикалық зерттеулерді қолданып туабіткен және кейін пайда болған сырқаттарды хирургиялық емдеу бойынша 20-ға жуық инновациялық медициналық технологияларды енгізу жоспарланған. Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығында жылына орта есеппен 2 000 операция жасау көзделіп отыр.
«Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» демекші менің де бала арманым орындалғаны хақ.
Дархан СҮЙГЕНБАЕВ,
дәрігер-кардиохирург.