02 Наурыз, 2010

ӘЛЕМГЕ ТАРАҒАН ӘУЕНДЕР

1800 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
Сонау мұхиттың арғы бетіндегі елде қазақтың композиторы өзге жұртты өнерімен мойындатып, жазған музыкалары бүгінде әлемді шарлап кетіпті десе, кім кімнің де тосырқай тыңдауы әбден мүмкін ғой. Бұл қай қазақ, онда қайдан тап болып жүр?Әлем таныған композитордың өз еліне оралам деген ойы бар ма? Жаны қазақ па екен өзінің деген сынды сан сұрақты жақында “Тәуелсіздік толғауы” конкурсындағы ең үздік балет туындысы номинациясы бойынша жеңімпаз атанған композитордың алдына тосқанда, бізге беймәлім біраз сырдың сыңғыр қаққаны рас. Канада асып, бүгінде Ванкуверде тұрып жатқан қандасымыздың аты-жөні – Әділ Бестібаев. Иә, Қазақстан Композиторлар одағының, сондай-ақ Канада музыка орталығының мүшесі, соно-оу бір жылдары есімі “Сұрапыл Сұржекей”, “Қазақ тарихы” фильмдеріне арнап жазған музыкаларымен танылған Әділ бауырымыз. Осыдан үш-төрт жыл бұрын шетел асып кетті деген сыбысты құлағымыз шалып қалған. Енді, міне, сол есім өнердің бәйге алаңында тағы да асқақ мұратына жетіп, Отанына үздік туынды сыйлап отыр. Ал оның шетелдегі даңқына келсек, бүгінде шығармалары әлемдік ең озық үрлемелі музыкалық туындылар бойынша алғашқы ондықтан орын алатынын айтсақ та жеткілікті сияқты. Америкалық Джон Рид, франциялық Ида Готковски, голландиялық Йохон де Мей сынды тағы да басқа есімдер еңсерген биіктен біздің де отандасымыз орнын тауып жатқанда қалайша қуанбасқа. Үрлемелі оркестр­ге жазған шығармалары Австрия, Германия, Франция сияқты бірталай елдерде жарық көріп, АҚШ, Швейцария, Испания, Франция, Австрия, Италия, Голландия, Швеция, Ресей, Тайланд сахналарында орындалған автормен өрбіген әңгіменің негізгі арқауы да музыка хақында. – Әділ Мәмбетұлы, әуелі туған жеріңіз, өскен ұяңыз туралы айтып берсеңіз. –Алматыда, өнерлі отбасында дүниеге келдім. Әкем Мәмбет Бестібаевтың есімін мәдениет саласындағы адамдар өте жақсы біледі. Кезінде филармонияны, Құрманғазы атындағы академиялық оркестрді басқарған. Мен де бала күнімнен өнерді сүйіп өстім. Республикалық Ахмет Жұбанов атындағы қазақ музыка мектебін бітірген соң, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда ұлттық классиканың негізін қалаушылардың бірі, музыка майталманы, профессор Ғазиза Жұ­банованың класында білім алдым. Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясында Н.Сидельниковтен шеберлігімді шыңдадым. Музыкалық бағыт-бастауымның қалыптасуына осы білім ошақтарында дәріс берген ұстаздарымның көрсеткен көмегі ұшан-теңіз. – Сол кездегі өнерлі жастардың бойынан нендей қасиеттерді бөле-жарып айтар едіңіз? – Неміс халқы үшін Бах пен Бетховеннің, поляктарға Шопеннің, итальяндықтарға Пага­­нини мен Вердидің, орыстар үшін Чайковский мен Глинканың рухы мәңгілік саналса, әуені мен күйлері ежелден классикалық музыканың піріндей ерекше құрметке ие қазақ даласы неге осы уақытқа дейін әлемдік өркениет өнегесіне осындай өзінің асқаралы тұлғасын қоса алмай келген деген ой үнемі менің жанымды алмас­тай осатын. Қашаннан еркіндік таңы тынбай жырланған сахарадан мұндағы ұлы туындылар әлдеқашан заңғар көкке биіктеп, адамзаттық игілікке айналуға әбден құқылы емес пе еді? Оларды тұншықтырып, езгіден еңсесін тік­тетпеген не нәрсе? Жастық отын тоқсаныншы жылдар тоқырауы көмескілей бастағанда намыс-жігерін азаттық рухы билеген жас ұрпақ осы бір мәселеге көбірек мән бергені рас. Со­ның бел ортасында өзім де жүрдім. Бізге жұрт қазақ өнеріндегі жаңа толқын деп баға берді. Жаңа толқын өкілдері өнердің барлық сала­сы­нан біртіндеп бой көтеріп келе жатты. Компо­зиторлардың жас буыны да музыкаға жаңаша қолтаңба алып келді. Өйткені, бір орында тоқтап тұрып қалу қолда бар құндылықтың өзіне ие болып қала алмайтын халге жеткізетін еді. Сондықтан қазақтың мәдениеті мен өне­ріне жаны ашитын зиялы қауымның санасын “Біз кімбіз?” деген сауал сабалады. Олардың арасынан мұнда өз мүмкіндігі шектеулідей көрініп, құлашын кеңге сермей алмаған кейбір өнер иелері өзге елдердің шығармашылық мектебінде шыңдалуды жөн тауып, шет ел асып кетіп жатты. Әлемдік деңгейді бағындыру жолында бақ сынаған ондай бірлі-жарым талпыныстар туралы кезінде жақ аштырмайтын еді ғой. Бірақ уақыт ескі үлгінің үйіндісін қоға­мымыздан біртіндеп ысырып, тың идеялардың жүзеге асуына қолайлы мүмкіндіктер туғызуда. Өнер өркениетіне Қазақстан ТМД аумағында қол созған алғашқы мемлекеттің бірі десек, оған дәлел – бүгінде көптеген өнер саңлақтары әлемдегі ең ірі театр сахналарында сәтті өнер көрсетіп жүр, сондай-ақ дарынды жастарымыз шетелдегі атақты өнер ошақтарында кәсіби шеберліктерін шыңдауда. Баяғы оқшаулану ошағы ескірді. Бір байқағаным, соңғы жылдары өзге елдердің мәдениетімен араласып-құраласу жиілеп келеді. Өнердің түрлі саласында бірлес­кен тың жобалар дүниеге келе бастады. Осылар өнері шетелдерде құрметке ие отандастарға деген бұрынғы қасаң ұғымдарды өзгертеріне сенемін. – Классикалық музыкаға қарағанда, жеңіл әуенге жұрт көбірек елітіп кетіп жатады. Ал Ка­надада музыкаңызды халық қалай қабылдайды? – Ол рас, менің алғашқы “Азия дауысы” деп аталатын дискім 1993 жылы Австрияда жа­рық көрді. Осы табыс біртіндеп атағымды асы­рып, шығармашылық жұмысымның өрге ба­суына айтарлықтай әсер етті. Ал мұнда үрмелі музыка өте кең тараған жанр. Мәселен, АҚШ пен Канададағы білім ошақтарының, универ­си­теттер мен колледждердің, мектептер­дің жанында өздерінің жеке үрлемелі оркестр­лері жұмыс істейді. Америкалық “BANDWORLD” ба­сылымы ха­лыққа тек үр­лемелі музыка өнерінің таң­даулы өкілдерін таныстырумен айналысады. Осыған қарап-ақ, оларда бұл мәселеге қан­ша­лықты көңіл бөлініп отыр­ғанын бағамдай беріңіз. Мемлекеттік үрлемелі ор­кестр­дің орын­дауындағы “Азия дауысы” салтанатты марш-шеруім дүние жүзіне кең тараған туындыларымның бірінен саналады. Үрлемелі оркестрге жазған шығар­ма­ларым бүгінде батыс сахналарының репер­туа­рынан түспей келеді. “Азия дауысы” фести­валінің ашылуына арнап жазған марш-шеруімді құрамында 500-ге жуық мүшесі бар оркестр (АҚШ) 1995 жылдан бері үрлемелі музыка Кон­гресінде үзбей орындап келеді. Дәл осы жы­лы Америка мен Сиэтлде музыкаларым шыр­қала сала Австрияның “JOHANN KLІMENT KG” ба­сылымынан шыққан 200 партитурамды жұрттың қалай талап алғаны әлі күнге жадымда. Бұған қоса тағы да 200 партитура Еуропаға тарап үлгерді. Мәдениеті бір кездері дәуірлеп тұрған империяның гүлденген шағы мен кейін оның қалай жермен жексен болғанын баяндайтын 1991 жылы дүниеге келген “Ұлы Моғол” симфониялық поэмам да тыңдарманды тынысымен ілестіріп алып кетті. “Іdee Fіxe” сим­фониямның идеялық мазмұны мен фило­софиялық тұжырымын Шостакович, Бриттен, Онеггердің музыкалық полотноларымен ұқсастырушылар көп. Онда ХХ ғасырдың тұтас шежіресі тұжырымдалады. Туындыма адам баласы басынан кешкен қайғы-қасіреттің жырындай жан-дүниелері езіліп құлақ түрген қауымның рухани шөлін осымен қандыра алдым ба, жоқ па, ол сұрақтың әділ жауабын беретін тек халық екені белгілі. Онда дүние жүзін дүр сілкіндірген бүкіл қақтығыс, халық пен биліктің күресі музыка тілімен жаңаша өріліп, эпиграфына “...Санкт-Петербург, 1917...Прага, 1968... Алматы, 1986... Пекин, 1989... Мәскеу, 1991...” сынды елеулі кезеңдер тізіліп көрсетілген. 1993 жылы ол Мемлекеттік үрлемелі оркестрдің орындауында 44 өнер ұжымы бақ сынасқан Испаниядағы фестивальге қатысты. Мұнда Қазақстан композиторларының шығармалары көптеп орындалды. Соның ішінде жұртшылық әсіресе, “Іdee Fіxe” симфониясын айрықша сүйіспеншілікпен қабылдады. Осы сәттен бастап, шығармаларыма қызығушылар қаптап кетті. Үрлемелі музыка конгресіне жан жақтан әдейілеп іздеп келіп тыңдаушылар көбейді. “Каталонии–2001” камералық музыка фестивалінде орындалған Жаяу Мұсаның “Ақ сиса” әніне жазған фантазиям үлкен табысқа ке­нелді. Шығарманы орындаған Жанат Ерма­нов­тың үрлемелі аспаптар квинтетін көпшілік сахнадан көпке дейін жібермей құрмет көрсетуі адамға қалайша қанат бітірмейді. “Фантазия” Қазақстанның Австриядағы мәдениет күнде­рінде де жұрт ризашылығына бөленген болатын. – Шығармаларыңыздың шет елдерде осынша жоғары бағаланып, табысқа кенелуін немен түсіндіресіз? – Еуропа мен Батыста классикалық музы­каға халықтың құрметі ежелден ерекше. Олар бұл бағыттағы титтей бір жаңалықтың өзін қалт жібермей қадағалап отырады. Әсіресе, бұрын-соңды естілмеген соны үндерге үздіге құлақ түреді. Менің шығармам дәл сондай қайталан­бас өрнегімен қатты әсер еткен болса керек. Са­рыны бөлек, музыкалық тілі мен стилі еш­кім­ге ұқсамайтын музыкантқа көрсетілер құр­мет кісіні жігерлендіре түспей ме? Шығар­машылық адамына туындысы тұраламай, туы желбірей түскеннен асқан шаттық бар ма? Музыканың ырғағы мен екпіні, шынайылық пен бейнелі суреттеу, бұрын ешбір шығармаға арқау болмаған соны соқпақ ә дегеннен-ақ жұрт назарын аударып, әбден естіле-естіле жауыр болған ескі еуропалық “стереотипті” бұза-жара сахна төріне озды. Менің музы­каларымды тыңдауға жұрттың соншама ынтық болатыны даланың тамырынан тарайтын тұнық бояуында шығар деген ойға келуімнің мәні сондықтан. – Жаңа толқын өкілдерінің бәрінің шығар­малары осылай толағай табысқа кенеліп жатыр ма? – Шынын айтқанда, біздің буын кезінде еуропалық, орыс музыкасының үлгісімен оқып, өсті ғой. Дәстүрлі және кәсіби қазақ музыкасы жайында мардымды мағлұмат ала алмай, алсақ та шала-шарпы әр нәрсенің басын бір шалып, тамырымыздан қиылып кете жаздағанымыз кейін жанымызға қаншалық ауыр соққанын білесіз бе? Біз оқып жүргенде жастардың ұлт­тық санасы жаңадан ғана оянып келе жатқан. Ол, әсіресе, шығармашыл жастарды рухтандыр­ды. Ал бүгінгі күнге келсек, сол кезде рухы шың­далған толқын қазір клас­сикалық жанрдың жаңғырып, заманға сай бейімделуіне тер төгіп келеді. – Әділ мырза, Ванкуверде қазір қандай жұмыс істейсіз? – Музыка теориясы, оркес­тровка, композиция, фортепиано бойынша жастарға дәріс берумен айна­лысамын. Бірақ ең негізгі шұғылданатын жұмысым – жеке шығармашылығыма көбірек уақыт жұм­саймын. Жақында “Жертвоприношение Тенгри” атты сим­фониялық туындымды жазып бітірдім, тұсаукесерін Алматыда өткізбекпін. Камералық музыка жазып жа­тырмын. Канадаға кетерімнің алдында Алматы мен Астанада авторлық кештерім өтті. Қазір өзім тұратын Ванкувер қала­сында “Steppenwolf” (“Дала арланы”) атты тың туындымды көрерменге ұсынып отыр­мын. Дала мен өркениеттің ұштасуын за­манауи музыка тілімен осылай өрнектегім келді. Ол – “Кодекс Куманикустың” сим­фония­лық үлгісі болып табылады. Мұнда музыка арқылы тарихи құндылықтың мән-мағ­ы­насын бейнелі бедерлеуге тырыстым. Батыс пен Шығыстың қабысқан иірім­дерін, байырғы бабалар аңсаған ақиқат пен жан тебіреністі осы шығармамда жан-жақ­ты сипаттауға көңіл бөлдім. Америка мен Батыс Еуропа мәдениетінде түрлі жанрлар­дың қатысуымен ғажайып үлгілер жасау үрдісі бар. Мәселен, Ванкуверде арнайы мультиұлт­тық оркестр жұмыс істейді. Түрлі ұлт өкілдері шығарманы өздерінің музыкалық аспаптарында орындайды. Осы алуан үндер үйлесе келіп, ортақ мүдделерді тудырады. – “Жерұйық” балетіңіз көп жанрлы синтездік шығарма деп естіп жатырмыз. Осы балет туралы айтып беріңізші. – Ол туған жерге,Отанға деген перзенттік махаббат жайында. Идея авторы, сюжетін ойластырған – Мұхтар Құл-Мұхаммед. Кейіпкері Асан қайғы бабамыз секілді кең жаһанды шарлап, жерұйық іздеген бүгінгі заманның адамы. Бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Жерұйық іздеп жүріп, небір оқиғаларды басынан өткізеді. Ақыр соңында адамның туған жерінен қымбат дүниеде ештеңе жоқтығына, атамекен нағыз жерұйықтың өзі екеніне көзі жеткен кейіпкер Қазақстанға табан тірейді. Мұның прототипі өзім. Қазіргі заманғы балетке этнофольклор үні қосылып, көне әуен мен қазіргі сарын өзара сабақтаса өріледі. Оны әлгі сирек кездесетін синтездік нақыш ерекшелендіріп тұр. ­­­­­– Бұл конкурстың басқа конкурстардан айырмашылығы – үздік атанған шығарма сахналанады деп жоспарлануда. “Жерұйық” балетімен көрерменнің көзайым болатын күні алыс емес шығар? ­– Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед оны Қазақстанның жетекші театрларында сахналанатынын айтты ғой. Сол шараға орай тағы да атамекенге ат басын тірейтінім анық. – Шығармаларыңызды отандық оркестрлер орындай ма? – Мәселен, Құрманғазы атындағы оркестр мен “Отырар сазына” арнап жазған музы­каларым өз алдына бір төбе. Әрине, оларды мен дәстүрлі музыканың үлгісінде жаздым, бірақ келешекте халықтық оркестрлерге бұдан мүлде бөлек тың жоба ұсыну ойымда жүр. – Ванкуверде кімдермен шығармашылық байланыстасыз? – Симфониялық оркестрлер мен ансамбль­­дердің бүкіләлемдік ассоциациясының мүшесі, атақты дирижер Марк Кромптон жетекшілік ететін үрлемелі оркестрмен тығыз шығарма­шылық байланыстамын. Әлгінде айтып өткен мультиоркестрдің дирижері де оркестрлеріне әдейілеп музыка жазып беруімді өтініп жүр. – Ол елде Қазақстан композиторының бедел-биігі қаншалықты бағаланады екен? – Бұл елдің заңдары негізінен түрлі мәдени топтардың құқын қорғауға жұмыс істейді. Адамдарды алалап-құлаламайды. Маған мұнда рухани бай жандар тұратындай көрінді. Содан да бұл елге тез бауыр басып кеттім. – Канадаға отбасыңызбен көшіп бардыңыз ба? – Иә, әйелім Фатима математика пәнінің мұғалімі болған. Қазір басқа кәсіпке бейімделіп жатыр. Ұлым Смайыл кинооператор маман­дығы бойынша оқып жүр. Жасы он тоғызда. Қызым Меруерт, жасы сегізде, француз мектебінде оқиды. Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ. ВЕНА БАЛЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘУЕНДЕРІ Өткен аптада қазақ өнерінің өкілдері “Гүлдер” би ұжымы мен Асылбек Еңсеповтің концерті Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Венадағы жыл сайынғы қайырымдылық балының шарықтау шегі болды. Бұл күндері Австрия аста­на­сы әдеттегідей қаңтардан нау­рыз­ға дейін созылатын бал мау­сымын бастан кешуде. Бұл кезеңде қалада әрқайсысының өз атауы мен дәстүрі бар жүзде­ген балдар өткізіледі. ЕҚЫҰ балына 1200-ден астам Ұйым Хатшылығының қызметкерлері, Вена дипломатиялық корпусы­ның, сондай-ақ бизнес-қауым­дастық өкілдері қатысып, ол шаһар орталығындағы Хофбург сарайында өтті. Барлық осындай шаралар секілді ЕҚЫҰ балы – классика­лық және осы заманғы бидің, таңқаларлықтай сәндене киінген бикештер мен жарасымды смо­кингтер киген мырзалардың бас қосатын жері. Бұл шараның басқаларынан бір ерекшелігі, оның қайырымдылық бағытын­да өтуі. Мәселен, өткен жылы осындай балдан түскен қаражат Ұйымның бүкіл кеңістігіндегі 15 бал жобаларына және екі қорды қаржыландыруға жұмсалған. “Басқа зайырлы шараларға қарағанда біздің бал – бұл жинақы да қолайлы шара, оның айрықша тартымдылығы да осын­да”, – дейді ЕҚЫҰ кон­ференция қызметінің өкілі Мик­ки Кроль. Жыл сайын қа­ты­сушы мемлекеттер мен жеке меншік бизнестің өкілдері шараның нәрлендірушісі және демеушісі болып жүр. Дәстүр бойынша ЕҚЫҰ ба­лы жергілікті би мектептерінің өнер көрсетуімен басталып, бұ­дан кейін маэстроның “Бәрі де билейді!” деген хабарланды­руына ұласады. Үш би алаңында классикалық вальстен бастап рок-н-роллға дейінгі билер ор­кес­трдің және эстрадалық ұжым­­дардың сүйемелдеуімен көрсетіледі. ЕҚЫҰ балының шарықтау шегі төраға мемлекет ұсынатын “сюрприз” болады. Бұл жолы еліміздің Мәдениет және ақпа­рат министрлігінің қолдауы жағ­дайында “сюрприз-нөмір” жи­налғандарды қайран қалдырды. Қазақстаннан келген “Гүлдер” би ансамблі “Шашу” және “Ару­лар” композицияларын орын­дағанда талай өнер қойы­лымдарын тамашалап жүрген Венаның талғампаз жұртшы­лы­ғы дүрілдете қол соқты. Қазақ ару­лары ұлттық хореографиялық шеберліктерін көрсетумен қатар осы заманғы және дәстүрлі стил­­дегі керемет әйел киімдерін көрсетті. Домбырашы Асылбек Еңсе­пов барабаншы Марат Ахмет­жановпен қосылып, Махам­беттің “Жұмыр қылыш” атты күйін және басқа да күйлерді орындап, Вена көрермендерін бір желпінтіп тастады. Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ, "Егемен Қазақстан" - Венадан. “АЗАПҚА ТОЛЫ ҚЫЗ ҒҰМЫРЫ” Тараз қаласында түсірілген алғашқы көркем фильм осылай аталады Облыс орталығындағы Жастар сарайында М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің оқытушысы, режиссер Дүйсебай Еркебаевтың “Азапқа толы қыз ғұмыры” атты фильмінің тұсаукесері болып өтті. Фильмнің сценарийін жазған Нұрсұлу Өтемісова, қоюшы-режиссері Ерғазы Матжанов, операторы Жеңіс Қалмұрзаев, дыбыс режиссері Нұрғали Жазықбаев, композиторы Аманбай Малдыбаев – бәрі де өңірдегі өнерге деген таласы бар азаматтар. Фильмнің басты мақсаты – жас ұрпақты адамгершілік қасиеттерге баулып, әлеу­мет­тік теңсіздікті рухани бай­лықпен жеңе білуге тәр­биелеу. Фильмдегі қаһар­мандардың рөлін, негізінен, университет оқытушылары мен студенттер ойнап шық­қан. Әсіресе, тағдыры тәл­кекке толы Айша атты қыз­дың балалық шағы мен бой­жет­кен кезін сомдайтын Бо­тагөз Қасымбекова мен Зәуре Айдарбекова уни­вер­ситет жа­нындағы көпсалалы колледж­дің студенттері болса, Баян атты келіншек пен мектеп ди­ректорының және мұ­ға­лім­нің рөлін университет оқы­ту­шылары Фаиза Кө­не­нова, Айгүл Қабиева және Дүй­се­бай Еркебаев (фильм ре­жиссері) сәтті ойнап шыққан. Дегенмен, фильм жүгін көтеруде облыстық қазақ драма театрының өнер тар­ландары, әсіресе, ҚР халық әр­тістері Мәкен Ра­қым­жанова, Майра Әлім­бек­қызы және ҚР мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбеков шығар­ма­шылық тұрғыдан көп ат салысқан. Ал басты рөлдердің бірі, жас жігіт Нұрлыбектің мінез-құлқын қарапайым банк қызметкері Талғат Шайхиев шынайы шеберлікпен көрсете білген. Жақында ТарМУ-дың оқытушысы, фильм ре­жиссері Дүйсебай Ерке­баев­ты Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Төлепберген қабылдап, оның шығар­ма­шы­лық жос­пар­ла­рымен танысып, аудан, қала жұртшылығына тәрбиелік маңызы зор фильм көр­се­тілімдерін ұйым­дастыруға әкімдік тарапынан көмек болатынын айтты. Әлбетте, жамбылдық ре­жиссер Д. Еркебаевтың ал­ғаш­­қы фильмін төрт ая­ғынан тең басқан туынды деп айтудан ау­лақпыз. Әттеген-айлары да жоқ емес. Бірақ таудай талап пен жи­ған-терген жеке қар­жысын өнерге жұмсаған ре­жис­сер­дің жанкештілігі өз-өзі­не сенімсіздік танытып жүрген көптеген таланттарды нар­тә­уекелге шақыратыны анық. Кеңестік дәуірде баспалар мен киностудиялар тек қана ірі мәдени орта­лық­тарда ғана бол­­ғаны белгілі. Бірақ елі­міз­дегі өнер мен шы­ғарма­шы­лыққа деген еркін­дік бұл сі­рес­кен сеңді бұзды. Бізді сү­й­сіндіргені де осы болып отыр. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.