Қазақстан • 22 Ақпан, 2019

Солтүстік Қазақстанда әлемдегі ірі қалайы  кен орны ашылады

981 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тұрғындар алдындағы есептік кездесуде  аймақ басшысы  Құмар Ақсақалов  осылай мәлімдеді.

Солтүстік Қазақстанда әлемдегі ірі қалайы  кен орны ашылады

Облыста қалайы өндіретін  үлкен кен орны ашылып, өңір экономикасына серпін береді деп күтілуде.

«Көп жылдар бойы Қазақстанда  әзірге баламасы жоқ, ал Орталық Азиядағы ірі қалайы кен орны Айыртау ауданы Сырымбет елді мекені маңында орналасқан. Биыл 4 миллиард теңге көлемінде инвестиция құйылады. Жоба 2021 жылға таман толық күшіне енеді. Сол кезде жалпы инвестиция көлемі 100 миллиард теңгеге  жетеді», деді Құмар Ақсақалов. 

Зауыттарды жаңғыртудың  нәтижесінде Қазақстанда шығарылмайтын өнімдер өңірде өндіріле бастады. Тұрмыстық техникаға арналған құрылғылар, ақпараттық қауіпсіздік қондырғылары шығарылады. Зауыттардың  толыққанды жұмыс істеуі алдағы 3 жылда өнім көлемін 40 процентке  өсіруге мүмкіндік береді.

Он жылға жуық тоқтап тұрған «Биохим» кәсіпорны «Биооперейшн» деген атпен қайтадан  іске қосылып, крахмал мен кілегейді шетелге жөнелтуді бастап кетті. Жыл аяғына қарай  биоэтанол шығаратын цех бой көтереді. Қайталама полимер өңдейтін бірегей зауыт ашылды.

Шетелдік инвесторлардың қатысуымен жем және ағаш өндіретін, бидай өңдейтін кәсіпорындар салу жоспарланған. Заманауи Дата-орталықты тұрғызуға 27 миллиард теңге инвестиция тартылған. Алдағы екі жылда өңір экономикасына 80 миллиард теңге инвестиция құйылып, 1500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы