Емханасы – жаңа, дәрігері – дара аймақта денсаулық сақтау саласында ілгерілеушілік байқалады
Сейсенбі, 10 шілде 2012 7:28
«Дертін берген Құдай, шипасын да береді» дейді халық даналығы. Әсілі, шипа көп жағдайда дәрігерлердің қолымен беріледі. Сондықтан адамзат баласы осынау бір мамандық иелерінің алдында әрдайым өзін қарыздар екенін сезініп жүретін болса керек. Ақмешітте ашылған №3 қалалық емханада да осындай абзал жандар аз емес.
Сейсенбі, 10 шілде 2012 7:28
«Дертін берген Құдай, шипасын да береді» дейді халық даналығы. Әсілі, шипа көп жағдайда дәрігерлердің қолымен беріледі. Сондықтан адамзат баласы осынау бір мамандық иелерінің алдында әрдайым өзін қарыздар екенін сезініп жүретін болса керек. Ақмешітте ашылған №3 қалалық емханада да осындай абзал жандар аз емес.
Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей мұрындық болуымен өмірге келген «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған емхана екенін айтқан абзал. Бүгінде Қызылордада халық саны жыл санап артып келеді. Елдің саны артқан сайын, халыққа қызмет көрсететін орындардың да тапшылығы байқала түсетіні белгілі. Әсіресе, денсаулық сақтау саласында анық байқалып қалып жатады. Аталмыш емхана бір ауысымда 500-ге тарта адамды қабылдай алады. Қаладағы №1 және №6 емханалар қашан барсаң ығы-жығы адамға толы болатын. Жанын шүберекке түйіп барған адамның ұбақ-шұбақ кезекке тұрып қажитынын қала тұрғындары әрдайым айтатын еді. Енді мына №3 емхананың арқасында жоғарыда аталған екі емдеу орталығындағы жұмыс азаятын болды.
Емханада екі бөлім бар. Бірінші бөлікте ересектер емделеді. Ал балаларды қарайтын бөлім одан бөлек. Әдетте балалалар мен ересектер емделетін бір болып келеді. Ал жаңадан салынған емханада ол екіге бөлінген. Бұл жұмысты жүйелі жасауға, бірі-біріне кедергі келтірмеуге өте ыңғайлы екенін екінің бірі біледі. Емхананың іші толықтай жаңа құрал-жабдықтармен жарақталған. Бес қаруы сай десе болады. Ашылғанына аптадан жаңа асса да келіп емделушілер өте көп. Жалпы емхана бойынша 383 адам жұмыс істейді. Оның 106-сы дәрігерлер. Күндізгі стационары да адамдарды қабылдауға дайын. Күніне 50-ге тарта адам осы стационардан дертіне шипа таба алады.
Бұл емхана Астана, Арай, Сәулет секілді шағын аудандарда орналасқан 60 мың адамға қызмет көрсетеді. Мұның өзі үлкен қуаныш.
Жақында республика бойынша 100 клиниканың арасынан үздіктер анықталды. Облыстық орталық аурухананың ең үздік мекемесінің арасынан көрінуі де біз үшін зор сүйініш. Ал осы аурухананың бас дәрігері Нариман Табынбаев «Ең үздік менеджер» атағын иеленді.
Ақжолтай ақпарат бір бұл ғана емес. Хирург дәрігерлердің кәсіби шеберлігі сынға түскен халықаралық сайыс өтті. Осы сайыста облыстық орталық аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі Абдулла Шүленбаев ІІ орынды иеленді. 39 жылдан бері 11 мыңнан астам отаны сәтті жасап, әр күн сайын адам жанын ажалдан арашалап жүрген дәрігердің еңбегінің еленгені бұл. Аталмыш сыйлық жуырда Францияда табыс етілмек.
Негізі, Қызылорда облысында денсаулық сақтау саласы бойынша бірталай іргелі істер қолға алынып жатыр. Сөз арасында соларды да айта кетейік. Алдағы уақытта перинаталды орталық қолданысқа берілмек. Сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру аясында бөлінген қаржыға қалалық перзентхана салынады. Сонымен бірге, 200 орындық балалар және 300 орындық қалалық аурухананың да құрылысы жақын күндері басталмақ.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда.