Алдын алу керек
Бейсенбі, 19 шілде 2012 7:24
Сонда өкініш болмайды
Әйелдерде жиі кездесетін сүт безі қатерлі ісігі – қауіпті дерт. Еуропада осы дерттен жыл сайын 350 мың жаңа оқиға тіркеліп, 130 мың әйел көз жұмса, біздің елімізде де сүт безі қатерлі ісігі онкологиялық аурулардың ішінде бірінші орында тұр. Омырау обырымен тіркелген 3 мың әйелдің 1 мыңнан астамы жарық дүниемен қоштасқан. Мамандардың айтуынша, пайда болғаны бірден білінбейтін кеселдің кесірінен көптеген келіншек ауруын асқындырып алады. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ғалым-маммологі, медицина ғылымдарының докторы Шынар Талаеваға жолығып, қатерлі ісіктің алдын алуға қарсы қолданылатын шаралар жөнінде айтып беруін сұраған едік.
Бейсенбі, 19 шілде 2012 7:24
Сонда өкініш болмайды
Әйелдерде жиі кездесетін сүт безі қатерлі ісігі – қауіпті дерт. Еуропада осы дерттен жыл сайын 350 мың жаңа оқиға тіркеліп, 130 мың әйел көз жұмса, біздің елімізде де сүт безі қатерлі ісігі онкологиялық аурулардың ішінде бірінші орында тұр. Омырау обырымен тіркелген 3 мың әйелдің 1 мыңнан астамы жарық дүниемен қоштасқан. Мамандардың айтуынша, пайда болғаны бірден білінбейтін кеселдің кесірінен көптеген келіншек ауруын асқындырып алады. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ғалым-маммологі, медицина ғылымдарының докторы Шынар Талаеваға жолығып, қатерлі ісіктің алдын алуға қарсы қолданылатын шаралар жөнінде айтып беруін сұраған едік.
– Шынар Жақсыбайқызы, қазіргі кезде онколог-маммолог дәрігерлерді Қазақстандағы әйелдердің сүт безі қатерлі ісігі алаңдатып отырғаны шындық. Еліміз аты жаман аурудан бірінші орында көрінеді.
– Рас айтасыз, Қазақстанда әйелдер арасында сүт бездері қатерлі ісігі өзге аурулармен салыстырғанда бірінші орында. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын осы қатерлі дертке қатысты 1 миллион жаңа дерек кездеседі. Сондықтан, сүт безінің қатерлі ісігі бүгінгі таңда өткір де өзекті мәселенің бірі ретінде әлемдегі онколог-маммолог дәрігерлердің назарында тұр. Ісіктің өзі қатерлі және қатерсіз деп екіге бөлінеді. Оның асқынған, асқынбағанын ауруға функция жасап, цитологиядан өткізіп барып анықтайды. Егер цитология қатерлі ісік деп тапса, онда ол адамды дереу есепке алып, мәлімдеме жасайды. Науқас мемлекеттік бақылауға алынғаннан кейін диспансерлік ем жүргізіледі. Қазір еліміздегі контингент бойынша сүт бездері қатерлі ісігімен ауыратындарды анықтап, есепке алу шарасы жүргізілуде. Жылына осы дертпен 3 мың әйел ауырады десем, олардың тең жарымынан астамы көз жұмады. Ал Қазақстанда 22000-нан астам әйел аталмыш дертке шалдыққан. Басқа ісік ауруларына қарағанда, ол жанға батып ауырмайды. Сондықтан, сүт безі қатерлі ісік ауруының кеудеде пайда болғанын әйелдер айлап, жылдап сезбей қалады. Сөйтіп, ауруын асқындырып алады да, дерттің 3-ші, 4-ші сатысында ғана дәрігердің көмегіне жүгінеді.
– Контингенттік көрсеткіш деген не? Ол нені білдіреді?
– Контингенттік көрсеткіш дәрігерлердің қаншалықты жұмыс істегенін айқындайды. Мамандарымыз сүт безінің қатерлі ісігі ауруы жас талғамайтынын, дерттің алдын алу үшін дәрігерге жиі қаралып тұру қажеттілігін еліміздің тұрғындарына ескертеді. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 15 қазанынан бастап Денсаулық сақтау министрлігінің халықтың жекелеген ересек санаттарын алдын ала медициналық тексеруден өткізуді жетілдіру үшін №607 бұйрығына сәйкес тұрғындар арасында жұмыстар атқарылуда. Себебі, осы жастағылар арасында қатерлі дертпен ауыратындар жиі кездеседі. Бұл шара учаскелік дәрігерлердің жетекшілігімен әйелдердің тұрғылықты жері бойынша іске асырылады. Алматы қаласында өткен акцияда біз бір күнде 300 әйелді қабылдадық, оның ішінде біреуінің ғана жаман дертке шалдыққаны анықталды.
– Жақсы шара екен. Ал енді аурудың алдын алу үшін елімізде дәрігерлер тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда?
– Онколог-маммолог дәрігерлер республика бойынша әйелдерге ақысыз тексерілу акциясын өткізеді. Нәтижесі акция барысында көрініп жатады. Ауруды ерте сатысында анықтап, алдын алса, оған ем қонатындығын халықтың санасына жеткізуге тырысамыз. Әйтпесе, кейбір әйелдер ауруға шалдыққанын естісімен, өмірден түңіліп, неше түрлі ойға беріледі. Алайда, өмірде олай бола берейді ғой. Өзге ағзадағы қатерлі ісіктерге қарағанда сүт бездері қатерлі ісігі ауруы ерте сатысында анықталса, одан құлан таза айығып кету мүмкіндігі бар. Тіпті, кейбір әйелдер одан кейін тұрмыс құрып, бала да сүйеді. Иә, бұл қатерлі дерт қазіргі кезде біздің елімізді ғана емес, дамыған елдерді де алаңдатып отыр. Оның басты себептері әйелдердің жиі түсік жасатуы, ішімдік ішуі, темекі тартуы, сосын, әрине, экология. Әйел адамды Алла тағала өмірге ұрпақ әкеліп, бала емізу үшін жаратты. Сондықтан, сол факторға қарсы шығуға болмайды. Әйел денесіндегі аталмыш орган өз функциясын дұрыс атқармаса да дертке шалдығады. Сондай-ақ, бұл ауру аналардың сәбиді ұзақ уақыт емізбеуі, дүниеге сәби әкелуді шектеуі, әйелдер ағзасындағы гормондардың өзгеруінен де пайда болуы ықтимал. Оның үстіне жарақат алу, яғни емізіп жүргенде омырауына салқын тигізіп алу, соның қабынуы салдарынан маститке ұшырауының да кесірі бар. Қазіргі заманда мастопатия да көбейген. Бұл емшек безінің ауруы және ағзада гормондардың өзгеруінен пайда болады. Оның үстіне соңғы кездері қыздарымыз мансап қуып, «жағдайымды жасап алып тұрмыс құрам» деген ойдың жетегімен жүріп қалады. Кеш тұрмыс құрады. Ол дұрыс емес. Сүт безі қатерлі ісік ауруларына ұшыраудың бұл бірден-бір себебі.
Енді сүт безі қатерлі ісігі ауруларының алдын алу туралы айтар болсам, 40 жастан асқан кез келген әйел жылына бір рет маммографиядан өтіп, маммолог дәрігерге көрінуі керек. Және әрбір әйел күнде айнаның алдында қолымен кеудесін сипалай отырып, омырауында қандай да бір өзгерістер бар-жоғын бақылауы қажет. Егер сүт бездерін саусақтың ұшымен сипалағанда, қандай да бір өзгерістерді байқаса, қатты түйіншек сезілсе немесе сүт бездерінің ұшы ішіне кіріңкіреп тұрса, үрпіден сұйық бөлінсе, міндетті түрде дәрігерге көрінуі тиіс. «Сақтансаң – сақтаймын» демекші, асқынып кетсе, соңы қайғылы жағдайға ұрындырады. Сондықтан, әркім өз денсаулығына мұқият көңіл бөлгені жөн.
– Шынаргүл Жақсыбайқызы, аталмыш дертке еліміздің қай өңірінің қыз-келіншектері жиі шалдығады?
– Бұл дертпен, әсіресе, Семей, Өскемен, Павлодар облыстарының әйелдері көп ауырады. Оның себебі Семей полигонының жақын орналасқандығынан болар деп ойлаймын.
– Сіз сұхбатымыздың барысында 40-тан асқан әйелдердің барлығы жылына бір рет омырауын маммографияға түсіруі керектігін ескертіп кеттіңіз. Алайда, бұл дерт жастары 40-тан төмен қыз-келіншектерде де көп кездеседі. Бұған не дейсіз?
– Рас, өкінішке қарай, бұл дертпен жасөспірім қыздар да ауыратын болды. Жуырда ғана он сегіз жастағы қыз балаға ота жасадық. Ота сәтті өтті. Әрине, біз оған омырауды сақтап қалу тәсілін қолдандық. Осыған қарап, сүт безі қатерлі ісігі жасарып кетті деуге әбден болады. Оның себебі қазіргі кезде жейтін тағамдарда жатса керек. Генетикалық модификацияланған тағамдардың өмірге келуі қатерлі дерттің өршуіне себепкер болуда. Мысалы, дамыған елдер қатарындағы Америка Құрама Штаттарын алайық, онда әйелдердің 91 пайызы осы дертпен ауырады. Бұл дегеніміз жүз адамның 91-і ауырады деген сөз. Генетикалық тағамдардың отаны саналатын АҚШ елдерінің сиқы, міне, осындай. Осыған қарап-ақ, генетикалық модификацияланған тағамның адам өміріне әкелер қаупінің қаншалықты «зор» екеніне көз жүгірте беріңіз. Одан кейінгі орында абайсызда жарақат алу тұр.
– Дертке шалдыққан әйелдердің бір омырауын ота жасап алып тастаулары тәжірибеде бар. Бұл көп жағдайда әйелдердің жүйкесіне кері әсер ететіні сөзсіз. Елімізге омыраудың орнын толтыратын жаңалық жетті ме?
– Күні бүгінге дейін аурудың емі дертке шалдыққан сүт безін ота жасау арқылы тұтас алып тастау еді. Шетелдің дәрігер ғалымдары аурулар арасында ғылыми дәрігерлік зерттеулер жүргізгенде, бір емшегін алып тастаған әйелдер мен ісіктің лимфа түйіндерін ғана алған әйелдердің өмір сүру ұзақтығы бірдей болған. Содан сүт безін тұтастай алып тастамай, сақтап қалу керек деген ұйғарымға келді. Ал сүт безін сақтап қалу мүмкін болмай, тұтастай алып тастаған жағдайда қазіргі ғылым мен медицинаның көмегімен омырауға имплантант қойылады. Жасы 30-35 жастағы келіншектерге бір сүт безін алып тастау, әрине, психологиялық соққы екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан биылдан бастап ота жасамас бұрын, оны сақтап қалудың жолын қарастырамыз. Ауру асқынып кетіп, сүт безінің біреуін алып тастауға тура келген жағдайда, екіншінің орнын толтыру мүмкіндігі іске асырылуда. Ақтаудан, еліміздің өзге де өңірлерінен келгендерге осындай ота жасадық. Нәтижесі ойдағыдай. Мысалы, арқа терісінен тері алып, оны имплантант ішіне салып, жамап екінші омырауынан айнымайтын омырау жасаймыз. Тек бір ғана айырмашылығы – оның ұшы болмайды. Имплантант адамның етіне сәйкестендіріліп жасалғандықтан, ешқандай аллергия бермейді. Сондықтан, біздің міндетіміз – қарапайым жұртшылыққа онколог-дәрігерлердің осындай ота жасауға қол жеткізгендігін жеткізу.
– Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының сіз басқаратын сүт бездері ісігі бөлімінде дәл қазір қанша адам ем алып жатыр?
– Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты Қазақстандағы бас институт саналатындықтан, бізге еліміздің түкпір-түкпірінен жанына дауа іздеген жандар келеді. Оларға дәрігер-хирургтеріміз Берік Қайқұллаев, Эльмира Жандосова, Серік Мұхамбетовпен қатар, аға медбике Айнұр Әріпова, медбикелер Анар Төлепбергенова, Гүлмира Сыздықова әрқашан қолдарынан келген көмектерін аямайды. Жалпы, институтта 500-ден астам науқас ем алуда. Ал біздің сүт бездері қатерлі ісігі бөлімінде 15-20-дай адам дертінің сатысына байланысты ем қабылдауда. Іштерінде ота жасалғандары да бар. Жағдайлары жаман емес. Олармен жиі сөйлесіп, хал-жағдайларын үнемі бақылап тұрамыз.
– Бүгінгі таңда медицина дамып, ота жасау тәсілі де өзгеріп, технология да жетіліп жатыр. Енді ота жасаудың соны жетістігі жайында айтсаңыз.
– Дұрыс айтасыз. Біз өмір сүріп жатқан қоғамда күніне қаншама өзгерістер орын алып жатады. Соның ішінде медицина саласында да соңғы кезде ота жасаудың жаңа тәсілдері енгізілді. Соның дәлелі – Америкадан келген «seno sonix» аппараты. Онымен сүт бездері ісігіне ота жасауда ешқандай аппарат теңдесе алмайды десем, қателеспеймін. Бұл сырқат денесіндегі ісікті иненің ұшымен ешқандай қан шығармай, сорып алады. Қазір аталмыш құрал біздің институтта сынақтан өтіп жатыр. Бәлкім, алдағы уақытта Денсаулық сақтау министрлігі осындай аппарат алуға қаражат бөліп жатса, онда бүкіл Қазақстан бойынша еліміз ауруханалары соны аппаратқа қол жеткізіп қалар. Дәл қазірге дейін бес науқасқа ота жасадық. Бәрі де ойдағыдай өтті. Әсіресе, жас қыз-келіншектер үшін аппараттың пайдасы ерекше. Себебі, денеде ешқандай тыртық, операцияның орны қалмайды. Тек иненің кірген ұшы нүкте сияқты тұрады. Сөзім жалаң болмас үшін мысал келтіре кетейін. Жоғарыда айтып өткенімдей, жақында он сегіз жастағы қызға ота жасадық. Кеудесіндегі ісік көлемі алты сантиметрдей екен. Ота қырық минуттай уақытқа созылды. Егер ісік көлемі кіші болса, онда ота бар-жоғы 10-15 минутқа ғана созылады. «Сүт безі қатерлі ісігінің кеудеме шыққанына біраз уақыт болыпты. Нақты қай уақыт екенін білмеймін. Мен осыған дейін арнайы тексерістен өткенім жоқ. Мамандар сүт безінің қатерлі ісігі ауруы жас талғамайтынын және дерттің алдын алу үшін дәрігерге жиі қаралып тұруды ескертеді. Егер дертті дер кезінде анықтағанда, бүгінгідей халге ұшырамас едім», – дейді Атыраудан келген Анар атты келіншек.
Қатерлі ісікке шалдыққандардың тағы бірі – Сайра да ауруы асқынған кезде дәрігерге жүгініпті. Ол тұрмыс жағдайының төмендігінен дер кезінде емделуге мүмкіндігі болмағанын айтып: «Сүт безі қатерлі ісігінің пайда болғанына 1 ай болған кезде дәрігерге келдім. Маммолог-мамандар тексеріп, мендегі дерттің өте қатерлі екендігін анықтап, дереу ота жасамаса, басқа ағзаларға өтіп кетеді» деді. Ота сәтті аяқталды.
Алматы қаласының тұрғыны 59 жастағы Сақыпжамал: «Кеудемдегі ісікті осыдан екі-үш жылдай бұрын байқағанмын. Жаныма батып ауырмаған соң, өз бетімше әртүрлі ем-дом жасап жүре бердім. Соның кесірінен омырауымда аллергия пайда болды. Ол аздай сүт безінің ұшынан сұйық зат бөлінді. Дәрігерге бардым. Маған көп күттірмей ота жасау керектігін айтты. Келістім. Қазір жағдайым жаман емес. Әйелдерге айтарым, сүт безінің қатерлі ісігіне шалдықпас үшін ай сайын маммолог-мамандарға тексеріліп отыруы қажет екендігі. Егер қандай да бір өзгерістер байқап, сезіктенсе, дереу дәрігерге жүгінген дұрыс», – дейді.
– Әңгімеңізге рахмет. Еңбегіңізге табыс тілейміз.
Әңгімелескен Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».