Қазақстан • 25 Ақпан, 2019

Шетелдіктер үшін қазақ тілін үйрену қолжетімді болмақ

732 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Soyle.kz» онлайн-курсының ағылшынша және латын графикасындағы нұсқасы іске қосылды, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

Шетелдіктер үшін қазақ тілін үйрену қолжетімді болмақ

«Бүгінгі күні қазақ тілін үйренуге деген ынта тек қазақстандықтар тарапынан ғана емес, сондай-ақ шетелдік азаматтар арасында да жоғары. Оны елімізге келіп жатқан шетелдік азаматтардан байқауға болады, яғни Қазақстанның мемлекеттік тілін алдын ала үйреніп келеді. Дайындаған жобаларымыз арқылы енді қазақ тілін оқып білу ағылшын тілді шетелдіктер мен шетелдегі этникалық қазақтарға да қолжетімді болмақ. Сонымен қоса портал арқылы қазақстандықтар латын графикасын да үйрене алады», - деді Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының баспасөз-хатшысы Лоскутова Оксана Павловна.

Қазіргі кезде «Soyle.kz» порталында 115 мыңнан астам адам тіл үйренуде, ашылғалы 5 миллионнан астам Қазақстандық және шетелдік қолданған, ал әлеуметтік желілер арқылы күнделікті 30 мың адам қазақ тілін үйренеді. «Soyle» мобильді қосымшасын 50 мың адам жүктеген. Ал 2016 жылдан бастап «Soyle.kz» әдістемесі бойынша Skype арқылы қазақ тілін оқыту сабақтары тегін жүргізілуде.

«Осындай пайдалы ресурстарды ашу арқылы біз рухани байлығымыз бен ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүріміз бен тарихымызды насихаттауға, жасатардың өз еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға және оларды ІТ-саласындағы білімдерін жетілдіруге ықпал етеміз деген ойдамыз», - деп атап өтті Оксана Павловна.

Сонымен қатар, «Balasoyle» мобильді қосымшасы дамытатын онлайн ойындар арқылы мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға қазақ тілін үйретуде. Жоба балалардың дұрыс сөйлеуіне, грамматика ережелерін меңгеруге, сөздік қорын дамытуға және қоршаған ортаны тануға ықпал етеді. Күнделікті порталды 1,5 мың адам пайдаланады. Айта кетсек бұл жобалар ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен әзірленді.