Қазақстан • 25 Ақпан, 2019

Астанада музей саласы қызметкерлерінің кәсіби сессиясы өтті

491 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін еліміздегі музей мекемелерінің тарихындағы алғашқы республикалық кәсіби сессия елордада түңлігін түрді. «Қазақстан музейі: жаһандану және ақпараттандыру дәуіріндегі идеялар мен шындықтар» республикалық кәсіби сессиясы Елбасы кітапханасының музейінде өтті.

Астанада музей саласы қызметкерлерінің кәсіби сессиясы өтті

Бұл басқосуға еліміздің әр аймағынан келген, оның ішінде мәдениет басқармасы өкілдері, облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық музей мекемелерінің басшылары, музей саласының сақтаушылары, реставраторлары, өзге де мамандары бар, басы-аяғы 150-ге жуық адам қатысты.

Сессияны Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева ашты:

– «Ұлы даланың жеті қыры» атты Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында белгіленгендей,  тарихи артефактілерді зерттеу мен насихаттаудың әдістері музей мекемелерінің дәстүрлі, инновациялық, классикалық, заманауи мақсаттарына негізделеді. Тәуелсіздік дәуірінің бірегей тарихи мұрасы, Мемлекет басшысының жеке қоры шоғырланған мекеме ретінде Елбасы кітапханасы «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында Қазақстанның бір қатар өңірінде музей, архив, кітапхана салаларының мамандарына арналған кәсіби сессия өткізуді жалғастыруда. Сандық жүйеге көшу дәуірінде музей жинақтарының ақпараттық әлеуетін бағаламау мүмкін емес. Музейлер заманауи технологиялар мен бағдарламаларды қолдана отырып, өзіндік мәдени ақпараттық кеңістік қалыптастырады. Музей саласында ақпараттық технологияларды енгізу үрдісі жәдігермен жұмыс жасау әдістерін өзгертіп қана қоймай, музей жинағын зерттеу мен насихаттау сапасына да әсер етеді.  

Қатысушыларды сессияның уақыт тәртібі мен форматымен таныстырған Күләйша Қабдуалиқызы «Қазақстан және басқа елдердің заманауи музейлердің әлемдік мәдени кеңістіктегі өзара әрекеттестік тәжірибесі мен бірігуі» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар, Елбасы кітапханасының Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің қызметкерлері өздерінің баяндамаларында электрондық дерекқорды қалыптастыру, ғылыми-қор жұмыстарында ақпараттық ресурстарды қолдану, музей жинақтарын жүйелеу мен жіктеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мәселелері бойынша өзекті мәселелерге тоқталды.

«Open Space» үлгісінде өткен іс-шарада қатысушылар музей саласының инновациялық технологиялары мен қор ізденісінде қолданылатын ақпараттық ресурстармен танысып, кәсіби мамандар өзара пікір алмасты. 

– Былтыр Елбасы кітапханасының «Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрмесі біздің Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде өтті. Содан бері екі мекеме арасында  берік байланыс орнаған. Қандай шараға келсек те жұмысымызға  пайдалы ақыл-кеңестер, маңызды мағлұмат алуға ұмтыламыз. Бүгінгі «Қазақстан музейі: жаһандану және ақпараттандыру дәуіріндегі идеялар мен шындықтар» республикалық кәсіби сессиясынан да біраз құнды мәліметтер алдық. Атырау шалғай жатқан өлке болғандықтан, сандық жүйеге көшу, сандық жүйені жұмысымызға енгізу бұл  – ең өзекті мәселе. Енді бұл жаңашылдықты өз өңірімізде де жүзеге асыратын боламыз,-деп ой бөлісті Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлы.  

Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығынан келген бас қор сақтаушы Бұлбұл Нұрбекова Елбасының барлық бастамалары мен идеясын қолдайтынын айтты:

«Біздің орталық Елбасы кітапханасымен бір бағытта тығыз жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысының жаңа технологияға деген негізгі идеясын қолдай отыра, қазіргі музейлерге өте қажетті сандық жүйені іске асыра бастадық. Бүгінгі сессиядан алған музей бағытындағы жаңашылдықтар жұмысымызды одан әрі жандандыра түседі деп ойлаймын.  Музей саласында өскелең ұрпаққа жаңа бағыттағы сандық жүйе өте қажетті. Әсіресе, қор сақтау қызметі бойынша таптырмас дүние.  Жаңа технологияны пайдалана отырып, біз келушілерді жан-жақты ақпаратпен қамтып, қызықтырып көрсете аламыз».