Қазақстан • 25 Ақпан, 2019

Сенат депутаттары ЕҚЫҰ ПА сессиясына қатысты

409 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

21-22 ақпан күндері Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Төлеубек Мұқашев, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің хатшысы Дулат Құсдәулетов және Экономикалық саясат, инновациялар және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі Михаил Бортник құрамына енген Парламент Сенатының делегациясы Вена қаласында өткен ЕҚЫҰ Парламентті Ассамблеясының қысқы сессиясына қатысты. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Сенат депутаттары ЕҚЫҰ ПА сессиясына қатысты

Депутаттар Тұрақты комитеттің, Саяси мәселелер және қауіпсіздік, Экономикалық мәселелер, ғылым, технологиялар және қоршаған орта, Демократия, адам құқықтары және гуманитарлық мәселелер жөніндегі жалпы комитеттердің отырыстарына, сондай-ақ үш жалпы комитеттің бірлескен отырыстарына қатысты.

Т.Мұқашев саяси мәселелер және қауіпсіздік комитетінің отырысында сөз сөйлеп, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жаһандық тұрғыдағы алып елдер –  АҚШ, Ресей, ҚХР және ЕО арасындағы кездесуді ұйымдастыру жөніндегі бастамасының маңыздылығын атап өтті. Сенатор сондай-ақ 2020 жылы қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша ЕҚЫҰ-ның конференциясын, ЕҚЫҰ, АӨСШК және АСЕАН аймақтық форумы хатшылықтарының кездесуін өткізу бастамалары туралы хабардар етті.

М.Бортник экономикалық мәселелер, ғылым, технологиялар және қоршаған орта жөніндегі жалпы комитетке қатысушыларды Үшінші жаңғыру бағдарламасы аясында елімізде өткізіліп отырған реформаларды таныстырып, БҰҰ орнықты даму мақсаттарын іске асырудағы Қазақстанның жетістіктерін атап өтті.