Аймақтар • 25 Ақпан, 2019

Фермерлер тұқымдар мен тыңайтқыштарды 20% арзан сатып алатын болды

609 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысының фермерлері тұқым мен тыңайтқыштарды 20% арзан сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл күндері аталмыш облыстың 200-ден астам фермері «ІІІ ауылшаруашылық жәрмеңкесіне» қатысып отыр.

Фермерлер тұқымдар мен тыңайтқыштарды 20% арзан сатып алатын болды

«Ауылдық аймақтарды дамыту» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шарада фермерлер тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын, отандық және шетелдік тұқымдар мен ауыл шаруашылығы материалдарын арзандатылған бағамен алуға мүмкіндік туды. Өз кезегінде бұл шаралар шаруаларға өз шығындарын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Жәрмеңкеге Алматы облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы, Алматы облысының «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы (ҰКП), Еңбекшіқазақ ауданының және Шелек ауылдық округінің әкімдіктері ресми түрде қолдау көрсетті.

«Елбасы қазан айындағы Жолдауында агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін толығымен іске асыру қажет екендігін атап көрсеткен. Президент тапсырмасына сәйкес, барлық мемлекеттік қолдау шараларын елге заманауи агротехнологияларды ауқымды тартуға бағыттау қажет. Өз кезегінде осы технологиялар біздің облысқа да жетіп отыр. Егін алқаптары цифрлық нысанға көшірілуде, жәрдем қаражат беру үдерісі автоматтандырылып, ауыл кәсіпкерлері шаруашылықты жүргізудің жаңа дағдыларына оқытылуда. Бүгінгі Жәрмеңке біздің аймақтың ауылшаруашылық өндірушілері арасында тәжірибе және озық практикамен алмасудың тағы бір мүмкіндігі», – деді Алматы облысының ауыл шаруашылығы Басқармасы басшысының орынбасары Коюмчан Омаров.

Сондай-ақ Алматы облысы әкімдігі мен «Атамекен» ҰКП өкілдері фермерлерге субсидияны қалай алу керектігін және оларға мемлекеттің қолдауы қандай пайда әкелетінін түсіндірді. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап сатып алу нормалары бойынша таңдаулы тұқымдар мен 1 репродукция тұқымдарын субсидиялауды ескеретін тұқым өсіру шаруашылығында жәрдем қаражат берудің жаңа тәсімі енгізілген. Бұл ретте тұқымдар ауылшаруашылық өнімдерін өндірушіге бастапқы жарнасыз төлемнің күзге дейін қалдырылуымен беріледі, ал олардың шығыстары облыс әкімдігімен 100%-ға өтеледі. Күзде, егін жиналғаннан кейін, ауылшаруашылық өнімдерін өндіруші Мамандандырылған ұйымға норма бойынша таңдаулы тұқымдар немесе 1 репродукция тұқымдар құнының 30%-ын қайтарады.

«Биылғы жәрмеңкеге өткен жылға қарағанда екі есе көп фермер қатысты. Бұл да болса, алдағы көктемгі егіс маусымын жоспарлау алаңы ретінде өзін танытқан іс-шараның танымалдылығы артып келе жатқандығын көрсетеді. Жәрмеңкенің арқасында фермерлер керекті өнімдерін жеткізушілерден тікелей алатын болды. Ал бұл олардың шығындарын айтарлықтай азайтады. Енді олар жыл бойы Шелек ауылындағы Агробизнес орталығы базасында ашылған «Агродүкеннен» барлық қажетті тауарларын ең төмен бағамен сатып ала алады. Ол біздің бағдарлама шеңберінде бизнестің қолдауы арқасында ашылды. Және біз ауылымыздағы өмірді жақсартуға жәрдемдесіп, фермерлеріміздің дамуына ұдайы мүмкіндіктер туғызып отырған, яғни осы жобаны іске асыратын «Филип Моррис Қазақстан» компаниясына өте ризамыз», – дейді Еңбекшіқазақ аудандық жергілікті қауымдастықтар қорының директоры Бақытгүл Елшібаева.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ