Сенаторлар қазіргі заманғы күрделі техниканың сыртқы «брондалған қабатының» құрылысынан бастап дайын өнімге дейінгі өндіріс барысымен танысты.
Сондай-ақ кәсіпорынның жоғары технологиялық мүмкіндіктері, оның ішінде шығарылатын әрбір машинаны кез-келген тапсырыс берушінің талаптарына бейімдей алатын конструкторлық бюроның жұмысы да көрсетілді.
2015 жылғы 20 қарашада Елбасы ашқан зауыт минадан қорғанысы күшейтілген бронды дөңгелекті машина жасаудың жаңа технологиясы бойынша әскер мен арнаулы бөлімшелерге арналған машина шығарады. Олардың асты 10 кг тротил жарылғышы мөлшеріндегі жарылысқа шыдайтын баллистикалық жоғары қорғанысқа ие әрі тасадан жасалған шабуылдарға төтеп бере алады.
Зауыт жұмысы басталғаннан бері тапсырыс берушілерге арнап 4x4 дөңгелекті брондалған «Арлан» және «Алан» машиналарын шығару жолға қойылды. 2018 жылдың соңында Қорғаныс министрлігіне арналған «Барыс» 6х6 дөңгелекті бронетранспортері сынақтан өтті.
Қазіргі уақытта зауыт ұңғысы 30 мм болатын отандық «Аңсар» зеңбірегімен қосарланған 7,62 ұңғылы қашықтан басқарылатын пулемет қондырылған 8x8 дөңгелекті «Барыс» бронетранспортерін сынақтан өткізуге кірісті.
Қазіргі кезде кәсіпорындағы жергілікті өнімдер деңгейі 72 пайызға жетті, бұл ішкі тұтынушыларға бағаны төмендетуге және әлемдік нарыққа бәсекелестердің өнімдерінен сапалы өнімдер шығаруға мүмкіндік береді. «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» мекемесінің бас директоры Ербол Сәлімовтың айтуынша, компания отандық сатып алушылар қоятын талаптар арта түссе де өнімдер құнын төмендетумен қатар, Қазақстанды қорғаныс саласындағы халықаралық нарығына лайықты түрде паш ету үшін өндіріс пен технологиялық желіні кеңейтіп отыр.
Сенаторлар сондай-ақ «Қазақстан Аселсан Инжиниринг» мекемесінде де болды. Бұл компания түнде және күндіз көрсете алатын, жылу шығаратын заттарды көретін, барлау аспаптары мен кәсіби байланыс құралдарын өндіруге және сатуға маманданған. Еліміздің Қарулы Күштері мен басқа да әлеуетті құрылымдар кәсіпорынның негізгі тапсырыс берушілері және компания өнімі құрамының 58 пайызы қазақстандық болып табылады. 2017 жылы Түркия мен Өзбекстанға экспорттық келісім жасалды. Енді ТМД елдері мен шетелге де өнім шығару жоспарланып отыр.
Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарындағы қорғаныс саласының кәсіпорындарында болып, олардың әлеуеті мен өзекті мәселелерімен танысып қайтқан болатын.
Шара Парламент қабылданған «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заң мен заңнамаға қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша түзетулер аясында болды. Бұл құжаттар мемлекеттің қорғаныс тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау үдерісінің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ еліміздің қорғаныс өнеркәсібінің әлеуетін дамытуға бағытталған.