Қорғансызға қамқоршы шаңырақ
Жұма, 24 тамыз 2012 7:30
Астана қаласында мектеп оқушылары арасында сурет салудан “Өмiрiмдi өнерге бейiмдеймiн” деген тақырыпта өткен республикалық байқауда бiр топ оңтүстiкқазақстандық талапкерлердiң жүлдегер атанғанын естiп қуандық. Туындылары ел көлемiндегi сынақта жақсы бағаланған бес жерлесiмiздiң бәрi де Арыс қаласындағы балалар үйiнiң тәрбиешiлерi екенi көңiлдi тағы бiр өсiрдi.
Жұма, 24 тамыз 2012 7:30
Астана қаласында мектеп оқушылары арасында сурет салудан “Өмiрiмдi өнерге бейiмдеймiн” деген тақырыпта өткен республикалық байқауда бiр топ оңтүстiкқазақстандық талапкерлердiң жүлдегер атанғанын естiп қуандық. Туындылары ел көлемiндегi сынақта жақсы бағаланған бес жерлесiмiздiң бәрi де Арыс қаласындағы балалар үйiнiң тәрбиешiлерi екенi көңiлдi тағы бiр өсiрдi.
Балалар үйi – өзi құрылғалы асыраушысыз қалған қаршадай жас жандарға пана болып, олардың балғын шағын бақытты етуге қолдан келгеннiң бәрiн үйлестiрiп келе жатқан шапағатты шаңырақ. Ата-анасыз балғындар баспанасының 90 жылға жетеқабыл тарихы бар. Облыста бiрiншi санмен белгiленедi. Кеңес Үкiметiнiң бастапқы кезiндегi аумалы-төкпелi аласапыранында iшерге тамағы, киерге киiмi жоқ жанашырсыз көкөрiмдер үшiн ашылған Арыс балалар үйi КСРО-ға кеңiнен танымал болды. Ұлан-ғайыр ұлы державаның түкпiр-түкпiрiнен жеткiзiлген жетiмектердi саясында аялады. Алып елдiң әр қиырынан осында келiп тәрбиеленгендер арасында кейiн атағы дүркiреген талай тұлғаларды айтпағанда, Арыс балалар үйi түлектерiнiң қатарынан Бейсен Оңтаев, Берген Исаханов, Сыдық Смайылов, Нағи Ильясов, Иван Журба сияқты бес бiрдей Кеңес Одағының Батыры шықты. Қазақтың тұңғыш дипломанты, Мәскеу билеген дәуiрдiң алғашқы жылдарында көп тiл бiлетiндiгiмен бiлiмдi, парасатты, зиялы, ғұлама ұлт екенiмiздi әлемге және бiр паш еткен Төлеген Тәжiбаев та осы ұяда қанаттанды. Балалар баспанасына кейiн халқының бiртуар азаматының аты да берiлдi. Сатираның саңлақ сарбазы Садықбек Адамбеков те осы балалар үйiнiң түлегi.
Кеңес өкiметiнiң басындағы қиын-қыстау жылдарында, Ұлы Отан соғысы кезеңiнде, басқа да жүрек сыздатар әртүрлi жағдайларда Арыс балалар үйiне мемлекет қамқорлығын аса қажетсiнген өндiрлер көптеп қабылданғаны рас. Жан ауырса да айтуға мәжбүрміз, қазiр де бұл мекемеде Қазақстанның әр шалғайынан етжақындарынан ажыраған 61 бала тәрбиеленiп жатыр. Келешегiнен үмiт күткен өркендердiң 20 пайызы тұл жетiм. Қалғаны ата-аналық құқынан айырылғандардың, тағдырдың түрлi талқысына ұшырағандардың ұрпағы. Мектеп жасынан жеткеннен соң сәбилер үйiнен әкелiнгендерi де бар. Негiзi қазақ, орыс, осетин, өзбек, тәжiк, татар ұлттарының туған-туыстарынан көз жазып қалған балалары оқиды. Бәрi де Арыстағы қазақ мектебiне барады. Сабаққа қатынауын, одан қайтуын балалар үйiнiң тәрбиеленушiлерi жiтi қадағалайды.
Мекеме көгенкөздердiң суығына тоңып, ыстығына күйiп, көк қауырсындарының қатайып, түзу ұшуына барлық қажеттi мүмкiндiктi жасап отыр. Өнегелi тiрлiктiң өрiсi қашанда кең болатынына Арыстағы балалар үйiнiң бұрынғы түлектерiнiң де, қазiргi балаусаларының да арасында талай дарындылардың танылғандығы дәлел. Осында бойы қатып, буыны бекiп шыққан Ерлан Бапанов “Ақ көгершiн” республикалық байқауының бас жүлдесiн иеленді, Нұрлан Сырлыбаев, Жандос Әлмағанбетов, Ыбырай Бақыт, Қуантай Сарыбаев, Мұхтар Әлiбаев және басқалары өнердiң әр саласында талантымен жұртты тәнтi етiп жүр. Мұнда оң мен солын таныған көптеген көкөрiм бұл күнде елiмiздiң әр қаласында жоғары және арнаулы оқу орындарының студентi саналады. Ат жалын мiнiп, өмiрден өз орнын тапқандарынан әлi ешқайсысы да қанатымен ұшқан, құйрығымен қонған ортасының атына бөгде сөз жуытпапты.
Мекеменiң бүгiнгi тәрбиеленушiлерi арасында iлiм-бiлiмге құштарлардың, өнердiң алуан түрiне епсектiлердiң барлығы да дәтке қуат. “Қыл қалам” үйiрмесiне мүше 12 бала әртүрлi деңгейдегi көрмелерге тұрақты түрде қатысады. Бұл топ елордада Астананың 12 жылдығына орай өткiзiлген бәйгеде теледидар жеңiп алып, өздерiнiң сүйiктi де құтты мекенiне тарту еттi. Жас суретшiлер Байқоңырда ұйымдастырылған халықаралық байқаудың бiрiншi жүлдесiн, ел тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына арналған конкурстың бас жүлдесiн әкелдi. Әке-шешесi бiрдей қайыс болып, бауырында өскен әжесi де дүниеден озғаннан кейiн балалар үйiне 7 және 5 жастарында келген ағалы-iнiлi Дәурен мен Ербол Кәрiбаевтардың графика мен гравюралары дәрежелi көрмелерде жақсы бағаланды. Кiшiсi өлең де жазады. Талапкер суырыпсалма жас ақындармен бағын да сынайды. Арыстағы қатарластарымен тағдыр тоғыстырған Алматы облысының Iле ауданының тумасы Самат Бекебаевтың кескiндемелерi де үлкен конкурстарда көзге iлiнiп, өзiнiң ыстық мекенiнiң мәртебесiн асырды.
Жарым көңiл жеткiншектердi қиындықта қолтығынан демеп, саясына алған үйдiң “Ел iшi – өнер кенiшi” үйiрмесiнде 20 қыз құрақ көрпе, кiлем, сырмақ, ұлттық басқа да бұйымдарды тоқумен шұғылданады. Кәде-сыйлар жасаушылар тобына тартылған қолы ептiлердiң дүниелерiне де қызығушылар жетедi. Баспасөзге үйiрсектерi қаладағы баспахана арқылы “Балдәурен” газетiн де шығарады.
– Бүгiнде бiздегi балалар жаңа үрдiспен тәрбиеленедi. Бұл соңғы кезде елiмiзде қабылданған “Қазақстан балалары” бағдарламасы бойынша балғындар мен жасөспiрiмдер отбасылық тәлiм беруге негiзделедi. Әр отбасыға 7-10 бала бiрiктiрiледi. Оларға балалар үйiнiң қызметкерлерi есебiнен әпке бекiтiледi. Балалар осы отбасыда анасымен үйде бiрге тұрғандай өздерiне тамақ әзiрлейдi, сабаққа дайындалады. Сол үшiн әрбiр отбасылық топқа тиiстi жеке ас бөлмесi, жатын, оқу бөлмелерi, жеке дәретханасы бар тұтас блок бөлiнген. Ұландарымызды отбасылық ғұрыппен, құлықпен баулудың олардың бойында өзара бауырмалдық, жақындық, бiр-бiрiн сыйлау сезiмдерiн қалыптастыруға ықпалы мол, – дейдi мекеме директоры Гүлжан Тасқынбаева. – Балалар үйiнiң тәрбиеленушiлерi мемлекеттiң толық қамқорлығында. Түлеп ұшқандардың бiзден кейiнгi тағдыры да елеусiз қалмайды. Мемлекеттiк грантқа iлiкпегендер жоғары оқу орындарына облыс әкiмiнiң грантымен түседі. Бұдан соң облыстық бiлiм басқармасы өзiне қарасты колледждерге, техлицейлерге жолдамалар бередi. Жұмыс iстегiсi келетiндер әлеуметтiк қамсыздандыру арқылы мамандық алуына қысқа мерзiмдiк курстарға жiберiледi. Үш ай жазда балаларымыз лагерьлерге барып, каникулда жаңа құрбыларымен достасып қайтты. “Жетiм көрсең жебей жүр” деп халқымыз айтқандай, Халықтар Достығы университетiнiң президентi Әбдiмұса Қуатбеков, “Oil Securities” күзет бөлiмшесiнiң төрағасы Файзулла Абдуллаев сияқты көптеген қайырымды азаматтардың тұрақты демеушiлiгi де бiзден қанат қағып шыққандардың өмiрден өз орындарын табуына септiгiн тигiзiп жатады. Тұңғыш сатиралық романның авторы Садықбек атамыздың елордада тұратын қызының, “Астана-моторс” корпорациясының салалық директоры Маржанның бiзге көмегiне ризамыз.
Иә, қаршадайынан тағдыр талқысына ұшыраса да, мемлекет қамқорлығына алынған бұл балалар бiздiң болашағымыз. Бiз жетiмiн жылатпаған халықпыз, қорғансызға пана болған елмiз. Олар – туған отанымен тағдыры тамырлас ұрпақ.
Жеңiс БАҺАДҮР,
журналист.
Оңтүстік Қазақстан облысы.