Диагноз екі сағатта қойылады
Жұма, 24 тамыз 2012 7:39
Алматыда Туберкулез мәселелері Ұлттық орталығында туберкулезді жедел анықтайтын GeneXpert құрылғысын Қазақстанға ресми тапсырылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасындағы АҚШ-тың елшісі Кеннет Фэйрфакс қатысып, мұндай аппарат сондай-ақ Алматы қаласы мен Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарындағы емдеу орындарына табыс етілетінін жеткізді.
Жұма, 24 тамыз 2012 7:39
Алматыда Туберкулез мәселелері Ұлттық орталығында туберкулезді жедел анықтайтын GeneXpert құрылғысын Қазақстанға ресми тапсырылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасындағы АҚШ-тың елшісі Кеннет Фэйрфакс қатысып, мұндай аппарат сондай-ақ Алматы қаласы мен Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарындағы емдеу орындарына табыс етілетінін жеткізді.
Қазақстан туберкулез бойынша жалпы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандырған, сондай-ақ туберкулез және көп дәріге төзімді туберкулезді анықтау және емдеу бойынша жаңа технологияларды белсенді енгізген елдердің қатарына жатқанмен, әрқайсысы 15 мың АҚШ доллары тұратын GeneXpert диагностикалық заманауи аппараты құрт ауруын дер кезінде анықтап, дерттің алдын алуға негіз болмақ. Яғни, кішкене ғана аппарат екі сағаттың айналасында құрт ауруының бар-жоғын әрі дәріге қарсылығын да нақты анықтап бермек.
Бүгінде Қазақстанда туберкулез ауруына шалдыққан 25 мың 500 адам тіркелген. Туберкулезге қарсы іс-шараларды кешенді орындаудың нәтижесінде сырқаттану көрсеткіші төмендеп, 100 мың адамға шаққанда қайтыс болу көрсеткіші 10,6-дан 8,4, яғни 20,8 пайызды құрап отыр. Мамандардың мәліметі бойынша, қазір елімізде науқастарды емдеу көрсеткіші 83 пайызды қамтуда.
– Бүгінгі таңда Қазақстанда туберкулезді анықтаудың жеделдетілген әдісін енгізгелі отырмыз, – деді Туберкулез мәселелері Ұлттық орталығының директоры Тілеухан Әбілдаев. – Бұл халықаралық USAID ұйымының арқасында мүмкін болып отыр. Аппараттың ерекшелігі – туберкулезбен ауырған адамның екі сағаттың айналасында нәтижелі ем алынуына ықпал ететін мүмкіндіктің тууында. Жалпы, Қазақстанда осыдан екі-үш жыл бұрын туберкулезді анықтаудың басқа да жеделдетілген әдістері енгізілген болатын. Олар бір аптадан 28 күнге дейін және екі күнде анықтайтын. Ал бұл аппарат бүгінгі таңда екі сағаттың ішінде диагнозды анықтап, тиімді, нәтижелі шешімдер қабылдауға мүмкіндік бермек. Сондықан АҚШ үкіметіне, USAID халықаралық ұйымына, KNCV өкілдеріне үлкен ризашылығымызды білдіреміз.
Өз кезегінде сөз алған АҚШ-тың елшісі Кеннет Фэйрфакс мырза алдымен АҚШ үкіметі АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігі арқылы және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен KNCV сияқты серіктестерінің қатысуымен 1997 жылдан бері ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және туберкулез ауруын бақылауды жақсарту жөніндегі Туберкулез мәселелерінің ұлттық орталығымен қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқанын алға тартты.
– Соңғы он жылда АҚШ үкіметі Қазақстандағы туберкулезге қарсы ұлттық бағдарламаны қолдау мақсатында 20 миллион доллардан аса қаражат беріп, көмек қолын созды. Бүгінде туберкулез ауруына бақылау жасауда Қазақстан үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Бізбен серіктестік басталғалы бері туберкулезден қайтыс болу анағұрлым төмендеді. Соған қарамай, туберкулездің көп дәріге төзімділігі Қазақстанда әлі де күрделі проблема болып қалуда. АҚШ үкіметі алдағы уақытта Қазақстанмен денсаулық сақтау саласында әріптестікті табысты жалғастыратын болады. Соның айғағы – туберкулез ауруын жедел анықтайтын 4 GeneXpert құрылғыны сыйға тартуы, – деді елші мырза.
Сондай-ақ жиында сөз алған Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева туберкулезге қарсы күрес 2011-2015 жж. Денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының басым бағыттарының бірі екенін, жыл сайын осы шараға 200 млн. доллардан астам қаражат бөлінетінін, дәрі-дәрмекпен толық қамтылғанын жеткізді.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».