Әдебиет • 26 Ақпан, 2019

Ақынның кеші аншлагпен өтті

809 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақ-Америка университеті көрнекті ақын Маралтай Райымбекұлының 50 жасқа толу мерейтойының беташар шарасы есебінде «Мәңгілік ел - шежіресі даламның» атты әдеби-музыкалық кеш өткізді.

Ақынның кеші аншлагпен өтті

Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері кеште жырдан шашу шашса, жастар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Белгілі өнер шеберлері мен эстрада жұлдыздары ақынның өлеңіне жазылған әндерді әуелете орындады. Шараның ұйымдастырушысы – Қазақ-Америка университетінің басшылығы да өз кезегінде қарап қалмай, Маралтай ақынның жырларын жатқа оқыды.

Бүкіл саналы ғұмырын шығармашылық жолға арнап, қазақ әдебиетінің дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан Маралтай Райымбекұлының әр жылдары жарық көрген «Ай», «Кентавр», «Тарпаң», «Қаратау ғазалдары», «Нұрлы жол – Мәңгілік Ел» секілді жыр кітаптары оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген.

Әр салада жауапты қызметтерде болған Маралтай Райымбекұлы Қазақстан Жазушылар одағында Әдебиетшілер үйінің директоры, 2007-2008 жылдары «Кентавр» газетінің Бас редакторы, 2008-2012 жылдары «Қазақстан» теле-радио корпорациясында редактор-жүргізуші және шолушы ретінде журналистикада да айшықты ізін қалдырды.

2012 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Қазір ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары.

Жауhар поэзиядан сусындағысы келетін жырсүйер қауым шөліркеп қалыпты. Республика сарайына лық толған көрермен Маралтай ақынға қошемет көрсетті.

Айта кетейік, университеті жас ұрпаққа білім берумен қатар есімі елімізге белгілі таланттарды қолдап келеді.