Тарих • 27 Ақпан, 2019

Cұлтанбек

1166 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Тәуелсіз тарихи сана қалыптас­тырудың бастауында тұрған академик М.Қозыбаев отандық тарих ғылымын тарихи қайраткерлермен тұлғалаудың зәру мәселе екендігін айта келіп: «Қайраткер − жасампаз адам, жоқтан бар жасаушы, өз мүддесін халық мүддесімен қабыстырып, өз халқын өркениет көгінде жарастырушы болса керек» деген ой өрбіткен еді. Ұлттық тарих мазмұнын жаңалау тұрғысында айтылған бұл пікірдің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановқа тікелей қатысы бар. 

Cұлтанбек

Сұлтанбектану біршама кеш колға алынды. Өткен ғасырдың елуінші жыл­­­дарының соңында тоталитарлық билік саяси қуғын-сүргін құрбандарын жап­­пай ақтағанымен, осы бір шетін мәселеге коммунистік идеология аса сақ­тықпен қарады. Алланың өзі хош көрген ұлттық даралықты («Хұжырат» сүресі) жойып, ұлтсыздықтың қойырт­пағына айналдырған пролетарлық интернационализмге ұлтшылдықты, тұтас халықты тапқа бөлушілікке ұлт­тық тұ­тастық пен бірлік идеясын қар­сы қой­ған Ә.Бөкейханов бастаған Алаш қайраткерлері мен алаштық рух­тағы Н.Төреқұлов, С.Қожанов, С.Сәдуа­қа­сов, Н.Нұрмақов сияқты «на­­­­цио­нал-­коммунистер» партиялық тұр­­ғы­да ақталғанымен олардың тұл­ға­сын ұлықтау, шығармашылығы мен өне­гесін елдің игілігіне жарату кейінге ше­ге­ріле берді. Бұл – кеңес­тік биліктің ұлт­тық патриотизмді ұлт­шылдық деп бағалаған саясатының қа­сақана ой­ластырған әрекеті болатын. Тәуел­сіз­дік осы саясаттың сірескен тоңын жі­бітті. Алаш арыстарының және Алаш идея­сының саяси ақталуымен қатар ұлт­­тық құндылықтарды қоғамдық-сая­си қызметінің басты ұстанымына ай­нал­дырған Сұлтанбек Қожановтың тұл­ғасына деген қызығушылық пайда болды.

Сұлтанбек Қожановтың тұлғасын тану мен танытуға қатысты бірқатар арнаулы зерттеу жүргізілді. Атап айтқанда, осы кезге дейін Т.Қожакеев, Р.Бердібай, Ә.Тәкенов, Б.Қойшыбаев, М.Қойгелдиев, Қ.Ергөбек, А.Шәріп, Х.Тұрсұн, Ж.Әлмашұлы, Ж.Симтиков, Ж.Уәлиханова, Д.Салқынбек, А.Әб­і­кей және өзбекстандық тарихшылар Р.Я.Раджапова, С.Тілеуқұлов, Ш.Ора­зымбетов, мәскеулік профессор А.Ара­пов және т.б. тарихшы, әде­биет­­­­ші ға­лым­дардың зерттеулерінде қай­рат­­кердің қоғамдық-саяси қызметі мен шығармашылығы ұлтжанды, мем­лекет­шіл, алаш рухты азамат ретінде жар­қы­рай танылды.

Қайраткердің соңына қалдырған өмір­баяндық деректерінде партиялық биліктің ыңғайымен өз өмірбаянына қатысты жасырып қалған жайттары жоқ емес. Кеңестік биліктің жоғарғы эше­лонына араласқан қайраткердің өмір­баянында мемлекеттік-партиялық но­менклатураның өлшемдеріне сыймайтын «қызметі» – өзінің Алаш қозға­­лысына тікелей қатыстылығын жарнамалаудан тартынуы. Сөйте отыра­ Сұлтанбектің сөзімен айтқанда «кей­бір қазақ коммунистері Алаш Орданы қаралап, биік мансаптарға қол жеткізіп» жатқанда ол алашшылдарды саяси қам­қорлыққа алып, олардың идеяларын одан әрі жалғастыра алды. Осыған бай­ла­нысты қазіргі кезде ашық айтатын шын­дық − С.Қожановтың билік олим­піне шығарған саяси қызметі Алаш қоз­ға­лысымен тікелей байланыста болған­­дығы. Осы тұжырымды дәйек­тей­тін та­рихи деректер жеткілікті.

1916-1917 жылдары Ташкент қала­сын­да қазақ зиялыларының «Кеңес» ат­ты астыртын саяси үйірмесі жұмыс істе­ген. Ол үйірменің саяси бағыты боль­­шевиктік идеядан алыс, алаштық рух­та қалыптасты. Үйірменің төрағасы генерал Сейітжаппар Асфендияров, орын­басарлары Мұстафа Шоқай, Садық Өтегенов болатын. Үйірменің басшы органы − бюросының мүшелері Сан­­­жар Асфендияров, Қоңырқожа Қо­­­жықов, Сұлтанбек Қожанов, Ал­дабек Мангелдин, Серікбай Ақаев, Зұл­­қарнайын Сейдалин, Әлимұхамбет Көті­баров еді. Осы саяси үйірме ұлт­тық идеяларды іске асыруды өзінің бағ­дарламалық міндеті ретінде алға қойған. Үйірменің баспасөз органы «Бірлік туы» газетінің алғашқы редак­торы М.Шоқай болса, С.Қожанов редактордың орынбасары әрі жауапты хатшы, кейін редакторы болып қызмет істеген. 1917 жылы қарашаның 26-сы күні Қоқан қаласында Бүкілтүркістан мұсылмандарының ІV съезі Түркістан мұхтариатын (авто­но­миясын) жариялап, ұлттық үкі­метін сайлағанда «Бірлік туы» осы мем­лекеттік құрылымның қазақ тіліндегі бас­пасөз органына айналды. Осы съезге қатысқан С.Қожанов газет беттерінде алаштық идеяны насихаттауға белсене араласты. Түркістан мұхтариаты бас­шылығындағы ұлттық элитаның көшбасшылары М.Тынышпаев, С.Лапин, М.Шоқай Алашорда үкіметімен байланыс орнатып, қазақ мемлекетінің тұтастығы мәселесін алғаш рет ұлттық идея ретінде күн тәртібіне қойды. Осы идея 1918 жылдың 5-9 қаңтарында Түр­кіс­тан қаласында өткен Сырдария облысы қазақтарының съезінде арнайы қарастырылды. Алашорда үкіметінің атынан Б.Құлманов, Т.Құнанбаев, М.Дулатов қатысқан съезд шын­ мә­нінде Алаш қозғалысының оңтүс­тікте ұйым­дастырған ірі саяси шара­лардың біріне айналды. Түркістан қаза­ғын Алашқа қосу мәселесін тал­қылаған съезд жөнінде «Сарыарқа» га­зеті «Съезде Алашқа қо­сыл­маймыз деген ешкім болған жоқ: кә­рі-жас, қарасы-төресі, байы-кедейі бір­ауыз болды» деп ұлттық идеяның қол­дау тапқандығын жазды. Сұлтанбек осы съезді ұйымдастырушыларының бірі болатын. 

Съезде көтерілген қазақ жері мен елін біріктірудің алаштық идеясы Түркіс­тандағы кеңестік биліктің жоғарғы эше­­лонына көтерілген С.Қожановтың кейін­гі саяси қызметінің темірқазығына ай­налды. 

Мұндай деректер Түркістандағы ұлт-азаттық күрес тәжірибелерінде Алаш қозғалысының Оңтүстік қана­тын дербес тарихи таным нысаны ретінде қа­растыруға негіз болды. 1917 жылғы шіл­деде өткен Орынбордағы Алаш съезінен соң 1917 жылы 2-5 та­мызда Ташкент қала­сында Өлке қазақтарының І съезі болып өтті. Съезде көтерілген идеялар мен талқыланған мәселелердің Алаш қозғалысының саяси тұғырнамасымен сабақтасып жатуы көп жағдайды аңғартса керек. Алайда, қалыптасқан саяси жағдайларға байланысты Алаш қозғалысы Оңтүстік қанатының ұйымдық құрылымы қа­лып­тасып үлгермеді. Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының құрамында өл­кедегі жергілікті ұлт зиялыларымен ты­ғыз бірлікте жұмыс жасағандықтан Оң­түстік қанат қызметінің мазмұнында аймақтық, конфессиялық және идеялық сипаттағы ерекшеліктер орын алды. Түркістандағы жергілікті халықтардың арасында отаршылыққа қарсы күрестегі мұсылмандық, түркілік бірлік идеялары Алаш қозғалысының өкілдері М.Тынышпаев, С.Лапин, М.Шоқай, Қ.Қожықов, С.Өтегенов және кеңестік билік тұсында Н.Төреқұлов, Т.Рысқұлов, С.Қожановтың саяси қызметінде жаңа қырынан танылып, қазақ ұлт-азаттық қозғалыс тарихының мазмұнын байыт­ты. Осындай саяси шараларды іске асы­ра алған Түркістан өлкесінде Алаш қозға­лысының Оңтүстік қанаты жартылай жария, жартылай жасырын жағдайда ұлт­тық-территориялық межелеуге дейін жұмыс жасады. 

Кеңестік билік орнағанға дейін-ақ Түркістанның қоғамдық-саяси өмі­ріне араласқан С.Қожанов Түркістан өл­кесінде Сырдария облаткомының төрағасы, Ішкі істер, Халық ағарту, Жер-су істері халкомы, Түркатком төр­ағасының орынбасары, төрағасы, РК(б)П ОК Ортаазиялық бюросының мүшесі болып қызмет істеді. С.Қожановтың бірыңғай партиялық саясаттың сойылын соққан кейбір қайраткерлерден ерекшелігі – осы қызметтерінде ол алаштық негіздегі ұлттық идеядан бір сәт те қол үзген емес. Оның кеңестік би­лік реформаларына алаштық идея­ны кіріктірудегі әрекетіне өлкедегі қа­зақ облыстарында жер-су реформа­сын ұлттық мүдде тұрғысында сәтті жүр­гізуі жарқын мысал болады. Осы­ жер-су реформасының басы-қа­сын­да Жер істері халкомы Сұлтанбек Қо­жанов тұрды, оның жанында алашшыл қайраткер Қоңырқожа Қожықов болды. И.Сталин 1922 жылдың 17 шіл­десінде Ортаазиялық бюроның хатшысы Зеленскийге, көшірмесін Қожановқа жолдаған жеделхатында «Рудзутактың үш қайтара шақыруынан түрлі себептермен жалтарған Қожанов Жетісуда көшіріп жіберу мен тұтқынға алуды жалғастыруда. Тез арада Жетісуда кө­шіріп жіберу атау­лыны тоқтатып, Қо­жановты түсінік беру үшін Мәскеуге жі­беріңіз» дейді. Қоныс­танушылар үшін тартып алынған жерлерді өз иелері – қазақтарға қайтару туралы алаштық идеяны батыл іске асырған С.Қожановтың әрекеті таптық мүдденің шотын шабу емес, ұлттық мүддеге қызмет етудің үл­гі­сі еді.
М.Қойгелдиев Жұмахан Күдериннің тергеу материалдарынан мынадай дерек келтіреді: 1932 жылы алаштықтардың екінші соты болып, айдауға кеткендерді жер аудару үшін Мәскеудің Павелецк вокзалына алып келгенде оларды Ә.Бөкей­ханов күтіп алады. Оларға Сұл­танбек Қожанов пен Сүлеймен Ес­қараев қосылады. Сонда Әлекең уақыттың ты­ғыздығына байланысты «Уақыт аз, екіге бөлініп сөйлесейік. Бір тобың Сұл­танбекке барыңдар» деген екен. Бұл дерек коммунистік биліктің қырағы көз­дерінен қаймықпаған С.Қо­жа­новтың алаш­ордашылармен ты­ғыз байланыста бол­ғандығын танытады.

Елбасымыз Н.Назарбаев «С.Қожанов жоғары мәдениетті тұлға еді, Түркістанда ішкі істер, ағарту, жер істері наркоматтарын басқарды, «Ақ жол» газетінің ал­ғашқы бас редакторы болды, қазақ халқының ұлттық санасын көтеруде көп жұмыс атқарды, ұлт мәдениетін алға сүйреп, ғалымдардың, ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің тірегі бола білді» деп әділ баға берді. 

1924-1925 жылдары Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы қызметі С.Қожанов қайраткерлігінің жарқырай танылған кезеңі болды. 1920 жылы тамыз айында құрылған Қырғыз (қазақ) автономиялы облысы кеңестік үлгідегі ұлттық мемлекеттіліктің рәміздерін қа­­­лып­тастырды десек, Орталық Азия рес­пуб­ликаларын ұлттық-территориялық межелеу барысында Қазақ автономия­лы республикасының құрылуы ұлт­тық мемлекеттілікке жаңа мазмұн бер­ді. Оның ұлттық, территориялық тұтас­тығын қалыптастырып, тарихи атауын қал­пына келтіру арқылы мемлекеттілік дамуының болашақ бағдарын айқындап берді. Дәстүрлі қоғамдық қатынастарды, билік институттарын және экономиканы модернизациялаудың нобайы да осы кезде сызылды. Осындай реформалық өзгерістер уақытында саяси биліктің тізгінін қолына алуы С.Қожановқа үл­кен жауапкершілік жүктеді. Саяси элита көшбасшысына тән харизмалық қабі­летке ие қайраткердің қызметі осы кезеңде аса жемісті болуы керек еді. Бі­рақ осы қызметте атқарған қыруар ең­бегіне қара­­мастан С.Қожанов еркін қи­мыл­дай алмады. Ұлттық мүддені мем­лекетшілдікке ұластырған әрекеті оның үстінен жоғарғы партиялық инс­танцияларға құпия хат­тардың қардай борауына негіз болған. Олар­дың маз­мұны «ұлтшыл», «алашордашыл», «оңшыл ауытқушы», «топшыл» деген сая­си айыптауларға негіз қалап, соңы Ф.Голощекиннің ойлап тапқан «қо­жанов­шылдық» деген саяси айдарына айналды. Республиканың саяси басшысы болғанымен оның әрбір ізін аңдыған мұндай әрекетті Орталықтың басқарып отырғаны да белгілі. Саяси еркі шектелген С.Қожановтың Қазақстанда қалыпты жұмыс істеуі және ұлттық идеяны іске асы­руға еркін кірісуі мүмкін емес еді. Қай­та, осындай үлкен саяси қысымға қара­мастан республика басшылығында он бір ай қызмет жасай алуы ерлікке пара-пар іс. Мәскеуге кеткен С.Қожанов өзін айыптайтын саяси науқан кең өріс алғанда Қазақ Өлкелік партия коми­тетіне 1926 жылы ашық хат жазып, ақ­талуға мәжбүр болған. 
Ол аталған хатында былай деп баян­­дай­ды: «Мен партияның алдыңғы қата­рында жүріп мына мәселелерге белсене қа­тыстым:

Отаршылдық пен жергілікті ұлтшыл­дықты саяси тұрғыдан жоюға;

Жерге орналастыру және жер-су реформасын жүргізуге;

«Қосшы» одағын ұйымдастыру нау­қа­нына;

Орталық Азияда ұлттық межелеуді іске асыруға;

Қазақстанның орталығын Орынбор­­­­дан Қызылордаға ауыстыруға және Қа­зақ­станның ішкі құрылысында ұлттық мүддені күшейтуге тікелей араластым». Ұлтжанды қайраткердің өз саяси қызметі туралы жасаған бұл қорытындыларының әрқайсы мемлекетшіл тұлғаның қайрат­керлік қарымын танытады. Соңғы мәсе­лені тарқатайық.

Ұлттық-территориялық тұтастығы қа­лыптасқан қазақ мемлекетінің астанасын таңдау туралы С.Қожанов 1924 жылдың 17 желтоқсанында «Ақ жол» газе­тінде жариялаған мақаласында «Қа­зақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақ­тың киіз ауылында болса да, қазақ жұрт­шылығына жақын болуы керек. Қа­зақ астанасы болуға Орынбор қаласы шет­те болғандықтан ғана жарамайды емес, қазақ қаласы болмағандықтан, қазақ ұлт мемлекетінің ұлтшылдығына орда болуына қисыны жоқтықтан жарамайды. Қазақ ұлт мемлекетшілдігіне әде­мі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жа­ман да болса, өз ордасы болуы ке­рек. Орын­бор­дан көшпей, қазақ ұлты­ның ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбек­шілерінің көпшілігінің қолына керекті шаралар іс жүзін­де істелуі қиын» деген тұжырым жасаған еді. 

Осы кезде аумақтық тұтастығы мен ұлттық бірлігі қылыптасқан жаңа мем­лекеттің астанасы болуға үміткерлер қата­рында Алматы, Ақмола, Ақмешіт, Шым­кентпен бірге Түркістан қаласы да аталады. Осыған байланысты Сұлтан­бектің «Түркістан қаласы астана болу­ға лайық, бірақ менің туған жерім болған­дықтан орынсыз айтысқа жол беруге бол­мас» деген пікірі де көп жайды аң­ғартса керек. Ал тарихи деректер жаңа астанаға «Қызылорда» атауын беру алаш­тық саяси элитаның ұжымдық ой-пікірінің жемісі екендігіне куәлік жасайды. С.Қожанов орда сөзін дәстүрлі мемлекеттің түрлі ұғымында емес, жаңа қоғамдық құрылымға ауысқан ұлттың астанасы мағынасында қолданады. Осы идея V съезге дайындық барысын­да жаңа астана таңдау, оны қалай атау жө­ніндегі пікірталастың өзегіне айнал­ған. Билік басындағы ұлттық элитаның дәстүрлі орда ұғымына таптық мазмұнды айшықтаған «қызыл» сөзін қосақтаудан құралған атау­ды ұсынуы кеңестік билік­тің де, қазақы жұртшылықтың да көңі­лінен шыққан мәмілегерлік тарихи ше­шім болды. 

Дәстүрлі қазақ қоғамында «орда» ұғымы мемлекет құрылымының өмір сүру түрі ретінде кеңінен қолданылғаны әргі-бергі тарихтан белгілі. Ұлттық тари­хымызда Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда, Ноғай Ордасы, Қазақ Ордасы сияқ­­ты мемлекеттік құрылымдар берік орын алған. Осы тарихи мемлекеттер тізбегін кеңестік билікпен таласа өмір­ге келіп, ұлттық тәуелсіздік идеясын ту етіп көтерген Алаш Орда үкіметі аяқ­тайды. Ал кеңестік билік тұсында ор­да ұғымы Қазақ елі мемлекеттігінің тү­рі емес, оның саяси орталығы, астанасы Қызылорда деген мәнге ие болды. Бұл атау «түрі ұлттық, мазмұны социа­лис­тік» қазақ мемлекеттілігінің рәміздік мә­ні­не айналғандай. Осы идеяны іске асы­­рудағы әрекеті С.Қожановтың дәс­түр­­­лі қоғамды модернизациялауда ұлт­тық құндылықтарды уақыт талабымен ұш­т­ас­тыруды көздеген қоғамдық-саяси, мәдени-рухани ұстанымдарынан туындады.

Қожановтың кеңестік биліктің жоғар­ғы эшелонындағы Сафаров, Рудзутак, Куй­бышев, Петерс, Кагановичпен қа­рым-қатынасы бірі қуаттаған, бірі қарсы болған ұлттық мемлекеттілік мәсе­лесінің төңірегінде өрбіді. Ал Бас хат­шы Иосиф Сталинмен арадағы сөз қақтығысулары оның көзі тірі кезінде-ақ ел арасында аңыз болып тарады. Ол аңыз Сұлтанбек Орынборға Қазақ өлкелік партия комитетіне хатшы болып тағайындалғанда соңынан ере келгендігін Сәбең – Сәбит Мұқанов мөлдіретіп жазды «Өмір мектебінде». Сұл­танбекпен Қоқан автономиясынан бері таныс өзбекстандық көрнекті тарихшы-ғалым Полат Маджидович Салиев 1934 жылы 25 тамызда тергеушіге берген жауабында Сұлтанбекке мынадай баға береді: «Ходжанов развитый и очень смелый человек. Один раз он пое­хал в Москве и говорил со Сталиным. Ста­лин сказал ему «Добро пожаловать Чин­гизхан». Ходжанов ответил: «тов. Ста­лин, я не Чингизхан. Чингизхан прие­­­хал в Москву с боем, а я тихо, как по­­кой­­ник». Сталину понравилась его сме­лость и он предложил ему учиться». Бұл Сұлтанбектің Бас хатшымен әзіл­десуі­нің, сөз қағыстыруының мысалы ғана. Әсте де саяси теке-тірестен туған егес емес. Солай десек те, бұл сөз­­­ге ұста­лық, қиын сәтте сөз тауып ай­та алған Сұл­­тан­­­­бек­тің шешендігінің кө­­рі­­нісі. Өз уәжін тыңдар­манның сөз саптауына қарай әдемі әзіл­мен айта білушілік. Сталин де ұтқыр әзіл­ді, қол­астындағылармен ресми, бейресми жағдайда әзілдескенді ұнатқан, өз тап­қырлығына масаттанып отырған. Сұл­­тан­бек екеуінің арасындағы сөз қақ­тығыс­тарының сырын осылай түсінсек керек. 

С.Қожановтың қоғамдық-саяси қыз­­меті ұлтқа қызмет етудің жарқын үл­­­гісі болды. Ол айтыс-тартыспен, қи­­тұр­­қылығы мол саяси күреспен өт­кен сан-салалы қызметінде топтық, ай­мақтық, тіпті таптық мүдделердің дең­­­гейінде қалып қоймай әр кез ұлт­тық, мемлекеттік биіктен табылды. С.Қожанов сияқты ұлтжандылығы мем­­лекетшілдікке ұласқан, мемлекет­шіл­­­дігі ұлтына қалтқысыз қызмет ету­ге жұ­мылған қайраткер алаштың Сұл­танбегі болып халықтың жадынан да, ғылыми танымнан да мәртебелі орын алуға әбден лайық. 

Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ұлт­тық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық са­наның кемелденуін білдіреді», дей келіп, «ұлттық рухымыз бойымызда мәң­гі қалуға тиіс» деген еді. Ұлттық рух тұл­ғалардың қайраткерлік әрекеттері мен тарихи шешімдерінде сомдалады және жарқырап танылады. Еліміздің та­рихы мен мәдениетінде жарқын із қалдырып, ұлт рухын шыңдауға қыз­мет еткен Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдық мерейтойы оның тұлғалық өнегесін ұлықтауға арналуы керек.

Хазретәлі ТҰРСҰН, 

профессор,

Бейбіт ҚОЙШЫБАЙ, 

жазушы,

Құлбек ЕРГӨБЕК, 

профессор