Облыстық палатаға жақында осыдан екі жыл бұрын сұлулық салонын ашқан Айзада Асқарбек есімді кәсіпкер келді. Мамандығы – құрылысшы. Газ саласында жұмыс істеген Айзада қарындасымыз құй сеніңіз, құй сенбеңіз бүгінде қаладағы таңдаулы сұлулық салонына айналған кәсіп көзін ашқанда қалтасында 100 мың теңге ғана болған екен. Әпкесі – шаштараз. Елдің ішінде кәсіпкерлер көбейіп келе жатқан шақ. Бір күні әпкесі «Айзада, сен суретті жақсы саласың ғой. Суретшіден жақсы бет әрлеуші шығады. Неге екеуміз бірігіп сұлулық салонын ашпаймыз» деп ой салады. «Тәуекел түбі − желқайық, өтесің де кетесің» деген қанатты сөз бар. Бойын жаңа іске деген құштарлық кернеген Айзада Алматыға барып, Санди Бексырғаның шеберлік мектебінде сабақ алады. Талаптанған адамның өрісі кең. Сөйтіп өз күшіне сенген екеуі екі орындық, екі айнамен жұмыс бастап кетеді. Әрине бәрі ойдағыдай болмаған. Екі қолды бір сілтеп, салонды енді қайтіп көрмеспіз деген ой да иектеген. Сонда да шыдамдылық танытты. Енді бейнеттің тәтті жемісін жеп отыр. Салон кеңейген соң жұмыс та көбейіп, сегіз адамға жұмыс тауып берді.
Айзаданы Кәсіпкерлер палатасына жетелеп келген күш − кәсібінің керегесін кеңейту.
– Жақында таныстарымнан Кәсіпкерлер палатасының «Аtameken Services» порталының мүмкіндіктері туралы естідім. Маған ерекше ұнағаны – «Несие агрегаторы» бөлімі. Салонды кеңейту үшін мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, ғимарат алғым келді. Бірақ банктердің талабы, артықшылығы, жеңілдіктері туралы қолымда ақпарат болған жоқ. Тіпті банк жағалайтын уақытым да жоқ. Бірнеше күн бұрын «Аtameken Services» порталы арқылы өтінім бердім. Өтінішімді бірнеше банк қатар қарайды екен және қарау мерзімі де ұзақ емес. Жақын күндері оң қорытынды алып, көздеген мақсатыма жетемін деген үміттемін. Банк аралап шаршамай, топырлаған қағаздарды алып жүрмей, мәселемнің осылайша оңай шешіліп жатқаны қуантады, – дейді Айзада Асқарбек.
Айта кету керек, «Atameken Services» − бұл бизнеске арналған пайдалы әрі тегін қызметтер ұсынатын платформа. «Несие агрегаторы» – кеңседен шықпай-ақ онлайн түрінде жеңілдікпен несие алуға өтінім толтырып, еліміздің барлық қаржы институттары мен банктеріне тапсырыс бере алатын үлкен мүмкіндік.
Жас кәсіпкер осы мүмкіндікті пайдаланып отыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Egemen Qazaqstan»
Қызылорда облысы