Бұл құқықты жоғары оқу орны Сингапур, Жапония, Қытай, Тайвань және Үндістан университеттері арасынан озып шығып иеленген.
Назарбаев Университеттің гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің студенті және Назарбаев Университеттің студенттік үкіметінің президенті, The HPAIR Astana 2019 ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Лейла Ахметова атап өткендей, түпкілікті шешім қабылдау мақсатында Гарвард университетінің (АҚШ) HPAIR ұйымдастыру комитетінің мүшелерінен құрылған делегация жуырда Астана қаласына келіп, Назарбаев Университеттің ұйымдастыру комитетінің мүшелерімен келіссөздер өткізген. Енді Назарбаев Университеттің командасы іс-шараны бірлесіп дайындау мақсатында Гарвардқа аттанады.
Айта кететін жайт, HPAIR-2019 конференциясы Астана қаласында Жастар жылы аясында өтіп, қазақстандық жас ұрпаққа жаңа мүмкіндіктерді ұсынады. Іс-шараның күн тәртібіне алты тақырыптық панель кіретінін айта кеткен жөн. Яғни, әлеуметтік саясат және инклюзивтік даму, әлемдік экономика, қауіпсіздік және дипломатия, бизнес және технологиялар, қоршаған ортаның тұрақтылығы және энергетика, сондай-ақ мәдениет және медиа бағыттары бойынша секциялар жоспарланып отыр.
Жалпы, Азия және халықаралық қатынастар жөніндегі Гарвард жобасы Азия елдерінде Гарвард университетінің бастамасымен өтетін ең ірі студенттік конференция саналады. Келелі жиын студенттер мен жас мамандар үшін Тынық мұхиты аймағындағы және Азия елдеріндегі ең маңызды экономикалық, саяси және әлеуметтік мәселелерді талқылау мақсатында пікірталас алаңы ретінде құрылған. Конференция 1991 жылдан бастап 32 мың қатысушыны тарта отырып, әлемнің 12 еліндегі жоғары оқу орындарында өтті. Конференцияның бұрынғы спикерлерінің арасында танымал ғалымдар мен Нобель сыйлығының лауреаттары, дипломаттар, халықаралық ұйымдардың басшылары бар.
Мирас АСАН,
«Egemen Qazaqstan»