27 Желтоқсан, 2012

ШАРАЙНА

255 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

ШАРАЙНА

Бейсенбі, 27 желтоқсан 2012 7:51

Жаңа конституцияға дауыс берді

Египеттің сайлау комиссиясы елдің жаңа конституциясының тағдырында шешуші рөл атқаруы тиіс болған референдумның ресми қорытындыларын жариялады. Бұл жөнінде «Франс-Пресс» агенттігі хабарлады. Агенттіктің хабарлауына қарағанда, құжатты дауыс бергендердің 63,8 пайызы қолдаған.

 

Бейсенбі, 27 желтоқсан 2012 7:51

Жаңа конституцияға дауыс берді

Египеттің сайлау комиссиясы елдің жаңа конституциясының тағдырында шешуші рөл атқаруы тиіс болған референдумның ресми қорытындыларын жариялады. Бұл жөнінде «Франс-Пресс» агенттігі хабарлады. Агенттіктің хабарлауына қарағанда, құжатты дауыс бергендердің 63,8 пайызы қолдаған.

Сайлаушылардың дауыс беру учаскелеріне келу көлемі 32,9 пайыз ғана болған. Дауыс беруге құқығы бар мысырлықтардың жалпы саны 52 миллион екенін ескерсек, мұны аз да, көп те деп ой түюге негіз бар. Сайлау комиссиясының басшысы Самир Абу Муати оппозицияшылар мәлімдеген дауыс беру барысындағы бұр­малаушылықтарды теріске шығарды. Енді елде тыныштық ор­­на­ғанын қалайтындар көп, шырқын бұзғысы келетіндер де жоқ емес.

Жапониядағы жаңа да ескі премьер

Жапонияның жаңа премьер-министрі болып Либерал-демократиялық партияның серкесі Синдзо Абэ сайланды. Ол үкімет басшысының орынтағында Демократиялық партияның өкілі Есихико Ноданы алмастырды. Бұл жаңалықты да «Франс-Пресс» агенттігі таратты.

Енді Синдзо Абэ жақын болашақта жаңа үкімет жасақтауы тиіс. Бір айта кететін жайт, ол 2006-2007 жылдары да Жапония үкіметінің басында болған. Жалпысында, Синдзо Абэ екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Жапония тарихында үкімет басшылығына екінші рет келіп отырған алғашқы адам. Ал Есихико Нода елдегі көпшілікке ұнамаған салық саясаты үшін орынтағынан айырылған еді.

Жолдауын Сирия мен Қытайға арнады

Рим Папасы Бенедикт ХVІ дәстүрлі жаңа жылдық жолдауын бұл жолы Сириядағы және Африкадағы әскери жанжалдарға, сондай-ақ Қытайдың діни сенім-наным бостандығына қатысты саясатына арнады, деп хабарлап отыр «Франс-Пресс» агенттігі.

Римдегі Әулие Петр ғибадатханасының балконынан 40 мың­дық католиктерге арнаған және теледидардан көрсетілген өзінің сөзінде понтифик Сириядағы қантөгісті тоқтатуға шақырды. Жалпы, Папа осы елдегі жанжалды саяси жолмен шешуге болады деп есептейді. Бенедикт ХVІ, сондай-ақ Израиль мен Палестина автономиясына, Нигерияға, Конго Демократиялық Республикасына, Кения мен Малиге бейбітшілік тіледі. Қытайдың жаңа басшы­лы­ғы елде бауырластық қоғам құра алады деген сенім білдірді.

Мемлекеттік дума таратыла ма?

«Новая газета» өзінің сайтында Мемлекеттік думаны тарату үшін қол жинауды бастады. Сөйтіп, басылым 2013 жылдың 1 ақпанында Ресей президенті мен Орталық сайлау комиссиясына жиналған қол мен бүкілхалықтық референдум өткізу туралы өтінішті қоса тапсырмақ. Жалпыға ортақ дауысқа парламенттің төменгі палатасына сенімсіздік көрсету мәселесін шығару ұсынылады.

Егер азаматтар парламент жұмысына көңілдері толмайтын болса, билік не істеу керек екенін шешсін. Мұны жүзеге асы­­рудың бір жолы – азаматтардың Мемлекеттік думаға сенімсіздігі мәселесін қоюларына мүмкіндік беретін жаңа заң, дейді «Новая газета» баспасөз қызметінің жетекшісі Надежда Прусенкова. Оның айтуынша, бұл жерде газет өзіне заңның бастамашысы рөлін алмайды, тек өзінің сайтын қоғамдық көңіл-күй білді­рі­ле­тін үнқатысу алаңы ретінде ұсынады.

Жаңа жылды Ауғанстанда қарсы алады

Грузия президенті Михаил Саакашвили жаңа жыл қарсаңында грузин әскери қызметшілері қызмет атқарып жатқан Ауғанстанға аттанбақшы. Бұл жөнінде президент әкімшілігіне сілтеме жасай отырып, «Тренд» агенттігі хабарлады.

Агенттіктің айтуынша, Саакашвили Гельменд провинциясына келіп, әскерилерді мерекемен құттықтайды және Жаңа жыл түнін солармен бірге өткізеді. Бұл Грузия басшысының Ауғанстанға екінші сапары болмақ. Алғашқысы үстіміздегі жылдың ақпан айында жасалған еді. Грузияның әскери контингенті Ауғанстанда 2009 жылдан бері қызмет етуде, құрамы – 18 адам. Бір әскери қызметкер желтоқсан айының ортасында жоғалып кеткен-тін.

Ағайындылар ертегілеріне – 200 жыл

Германияның Кассель қаласында ағайынды Гриммдер ертегілерінің алғашқы баспа көруінің 200 жыл­ды­ғына арналған ағайынды Гриммдер жылы­ның салтанатты ашылуы өтті. Кассель ағайынды­лар 1798-1841 жылдар аралығында үзілістермен тұрған олардың туған қаласы болып табылады.

Жылдың шарықтау шегі Кассельде алдағы жылдың 27 сәуірі мен 8 қыркүйегі аралығында өтетін «Гримм экспедициясы» көрмесі болады. Онда жұртшылық назарына жазушылардың қол­жаз­балары мен жеке заттары ұсынылмақ. Ағайындылар ертегі­лерінің ішіндегі аса танымалдары «Қасқыр мен жеті лақ», «Күл қыз», «Қызыл телпек», «Бремен музыканттары», «Ұйқы­­дағы ару» және «Ақшақар» екені белгілі. Барлығы фольклоршылар 200-ден астам ертегі бастырып шығарса, олардың көпшілігі бойынша фильмдер мен мультфильмдер түсірілген.

Қытайдағы ең жүрдек пойыз

Қытай астанасы – Бейжің қаласы мен Гуандун провинциясының орталығы – Гуаньчжоу қалаларының арасын жалғайтын алғашқы жүрдек пойыз жолға шықты. Ол сағатына 305 шақырым жылдамдықпен жүре алады.

Екі қаланың арасы 2200 шақырымды құраса, бұған дейінгі жүретін пойыздар екі аралықты еңсеру үшін 24 сағат кетіретін, енді жолаушылар жүрдек пойыздың арқасында бұл аралықты бар болғаны 8 сағаттың ішінде жүріп өтеді. Көптеген жолаушылар бұл құрамның ұшаққа қарағанда тиімділігі көп екенін айтады. Өйткені, ұшаққа отыру үшін көптеген тексерулерден өтіп, жүкті тапсыруға тура келеді. Әуежайдан қалаға жету де айтарлықтай уақыт алады. Пойызға отырсаң, мұндай машақаттың бәрінен құтыласың.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.