Тарихқа көз салсақ, қазақ жеріндегі алғашқы архив 1794 жылы батыс өңірдегі Ішкі Ордада жұмыс істей бастаған. 1876 жылы Бөкей ханның тапсырмасымен архив үйінің арнайы ғимараты салынды. Оған дейін құжаттарды сақтау ісіне мән берілмей келген еді. Бүгінде архив ісі қалыптасып, тарихты танудың жаңа кезеңіне аяқ бастық. Алайда, ашылмаған ақиқаттар әлі көп. «Архив-2025» жобасы осы олқылықтың орнын толтырар деген үміт басым.
Атыраудағы облыстық мемлекеттік архивтің қазіргі ғимаратының жағдайы жақсы деп айта алмаймыз. Осыны ескерген аймақ басшылығы қалалық және облыстық мемлекеттік архивтерге жаңа ғимарат салуға жер телімін бөліп, жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр. Елбасының тапсырмасымен қолға алына бастаған жаңа жобаның атыраулықтар үшін бір игілігі – осы.
Облыстық мемлекеттік архивтің басшысы Серік Қуаныштың айтуынша, жоба негізінде жасалатын шаралардың ауқымы кең болмақ. Мысалы, алдағы жылдан бастап шетелдердегі қазақ халқына қатысты құжаттарды түгендеу жұмыстарын жүргізу жоспарға енгізілген. Сондай-ақ, «Өлкеміздің даңқты тұлғаларын шетелдік архивтерден іздестіру» тақырыбында зерттеу жүргізу үшін қазақстандық және шетелдік архив мамандарымен бірлесе отырып, Ресей, Франция, Түркия, Қытай, Германия, Ватикан мемлекеттеріндегі архивтерге бару жоспарланып отыр. Облыстан екінші дүниежүзілік соғысқа аттанғандардың санын нақтылау мақсатында Қорғаныс істері департаментіндегі майдангерлер туралы мәліметтерді сандық форматқа көшіру де ойда бар. «Соғыста жараланған, хабарсыз кеткен, қазаға ұшыраған, әскери тұтқындар лагерлерінде болған атыраулық жауынгерлер туралы шетел архивтеріне ғылыми-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру да келер күннің еншісінде.
Бақытгүл БАБАШ,
«EgemenQazaqstan»
АТЫРАУ