Әдебиет • 28 Ақпан, 2019

Ұлы дала сөздігі

1153 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Ұлы дала сөздігі

Көшпенділер атанған ата-тектің кім екенін түгендейтін кезең келді. Тілі мен дінін ұмы­та бастап, қайта бас көте­ру – өліп қайта тірілу секілді оңай­ға түспесі анық.

Ауыз әдебиетімен сан ға­сыр ұрпағын тәрбиелеген біз­дің қазақтың соңғы айтқыш­тарын аздап болса да көре қалған ұрпақтың бірі екеніме қайран қалам.

Қыздар университетінде «Қазақ ауыз әдебиетінен» дә­ріс оқыған ұстазым Әмина Сүлейменқызы Мәметова (Мәншүк Мәметованың анасы – авт.) әр сабағын «Есте жоқ ескі заманда» деп бас­тай­тын еді. Сабақ бойы қа­зақ мақал-мәтелдерін көп қолда­натын.

Өз әжем Қатира болса, сөз­деріне Мөңке бидің өлең шумақтарын қосатын.

«Неше жақсы десең де,

Неше жаман десең де,

Тартпай қоймас негізге», – деп бір қайырады.

Ол бүгінгі ғылымның генетика тарауы екен-ау.

Текке тартатынды қазақ әріден-ақ білген. Өмірден зерттеп білген сияқты.

Ұлы дала көшпенділері айтатын мақалды күні кеше менің әжем түсіндіріп отыратын. «Қазаннан қақпақ кетсе – иттен ұят кетер» деп сөйлейтін еді.

Неге олай дегенін тарқа­тып айтатын. «Дала заңы әрі қатал, әрі адал болған» дер еді одан әрі. Қазанын түнде ашып тастаған келінді төркініне қайта апарып тастайтын да болған. Неге десеңіз, ол әйел тазалық сақтай білмесе – отбасын түгел ауыртады деген. Ол кезде жалғыз қара қазанын таза ұстамаған әйелден не кү­ту­ге болады? Бұл – бүгінгі біз­дің гигиена, санитария дегенге келеді.

Ал тереңірек ойлансаң, басқарған ісіңе, еліңнің ырысына мұқият бол дегенге ке­ліп тірелетін терең мәнді мақал.

«Қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман» дейді әжем тағы бір мақа­лында. Қысқа сөзде үлкен мән жатыр. Бүгін біз қайтып кел­ген қызға мін тақпайтын болдық. Ал терең үңілсек ше? Бәлкім, ұлы бабалар баланың болашағын ойлап осылай деген болар... Себебі, бұл күнде тірідей жесір келіншек тірі жетім баласын жетектеп жүр емес пе? Жетім бала қоғамда көбейіп тұр. Жалғызбасты әйел әкесі белгісіз бала­ны­­ жете­леп жүргеннің не­сі жақсы? Ол балаларға дә­ріс айтқанда көшпенді ба­ба­лар пайдаланған «Ата көр­ген – оқ жонар, ана көр­ген – тон пішер» деген ма­қал­­ды айтудың өзі қиын. Кө­бі­нің әкесі жоқ. Ендеше көш­пенділер осыны меңзеп айтса керек о баста. Терең, мәнді сөз екені даусыз. Ұрпақ қамын ойлаған ұлы сөз.

Ат үстінде өмір кешіп, арғы­мақтың жалында ұйық­таған ұлы даланың ұрпағы асыл жануар жайлы да сан алуан мақал айтқан.

«Қасқа айғырдың баласы ұқсамаса да төбел туады» дей­ді бабалар. Бұл да бүгінгі біздің оқып жүрген генетика болса керек. Иә, тұқымға тартады, қаннан беріледі. Айғыры қасқа болса, ақ төбел құлын туады.

Арғы түбі тұқымға, текке бала тартады деген мағына береді.

«Бесік көргенді ал» деп ер жеткен ұлға кеңес береді, «Бесік көргенге бар» деп бой жет­кен қызға ақыл айтады. Не деген сөз?

Бесік – тәрбие құралы. Оны дұрыс пайдаланса, бала дұрыс өседі. Алдымен әлди ән тыңдайды, түзу жатып үйренеді, басы да, денесі де таза, жүйкесі дұрыс болады.

Бесік көрмеген – жүйелі тәрбие көрмеген деген ұғым­ды береді. Міне, ұлы дала көшпендісінің ұлы мәдениеті бесіктен басталған. Ал біз, бір­ жақтан өзге тілді біреу ке­ліп «Так это вредно» деп кеткені үшін бабалар пайда­ланған бесіктен безіп кеттік.

Ал қытайлар ұлы деген Конфуций несімен ұлы? Ол айтады: «Егер бабасының жо­­лын әкесі, әкесінің жолын баласы, оның жолын келер ұрпағы жоғалтпай жал­­ғаса – ол ұлт мәңгі жасай береді», дейді. Ойлап қара­саң, ұлы дала мәдениеті де ұр­пақ­қа жалғасын тапса – көш­пен­ділер ұрпағы мәңгі өмір сүруге тиіс.

«Анасын көріп – қызын ал» деген немене? Анасы тәрбиелі үйдің қызы да тәр­биелі болмақ. Ал бүгін біз көшеде танысамыз. Көп қате содан кетіп жатыр емес пе?

Соңғы бір жылдарда ұшақ­­­та бір бейтаныс әйел­мен әңгіме айттық. «Мен сіз­­­ді теледидардан қазақ қы­­зы­ның тәрбиесі жайын­да сөз сөйлегеніңізден біле­мін»,­ де­ді жанымдағы орын­ға­ жай­ғасқан әйел. Одан әрі ба­сы­нан өткен оқиғасын баян­­дады. – Екі ұлым бар­­­ еді, – деді даусынан ризашылық­­тың үні байқалып. – Соның үлкені үй­ленетін болды. Қуанып кеттік. Тоқсаныншы жылдар, қиын-қыстау кезең еді ғой. Ол кезде ауылдық жерде тұратынбыз. Аудандар тарқап, азып-тоза бастағанбыз. Әлі де малымыз бар болатын. Отағасы екеу­міз соларды сатып, құдала­сып, той жасауға жиналдық. Қазіргі жастарға не дейсің, бір аптаның ішінде болашақ келін ұлымызға еріп келіп, үйге тұрып алды. Бізде маза жоқ, тездетіп той қамына кіріс­тік. Аз сөйлестік. «Есі­мім – Гуля. Басқа облыс­тан дос қызыма келгенмін, жұ­мыс іздеп жүрмін» деді. Баламыз «сүйем» деп әкел­ген, өзіміздей қазақтың қызы деп қабылдадық. Солай той­ға жиналдық. Зуылдап ай өтіп кетті. Бір күні мал сатқан ақ­ша, тойға алған сый­лық­тар­мен Гуля қыз жоға­лып кетті. Ол кезде сурет­ке түсіре­тін теле­фон да жоқ еді, суреті де бол­мады. Паспор­тын да сұра­мадық қой. Қайдан келген Гуля, қайда кетті Гуля, біл­мейміз. Фамилиясын да білмейді екенбіз. Алданған ұлымның енді үйленетін тү­рі жоқ, көңілі қалған күйі­ қартайып келеді, – деп әңгі­месін аяқтады.

Міне, бүгінгі біздің бір қы­зымыздың жүрісі осы. Қа­зақ қызына лайық іс пе еді бұл? Оны өсірген қандай ана екен?!

Ұлы дала ұлдары қай­сар болатынын өз басым Бауыр­жан Момышұлын көргенде көзім жетті. Тәкаппар болып көрінетін жүрегі жылы батыр бір кездесуде шегелеп тұрып былай деген: «Мен ұлтты өшіретін үш нәрсені анық білемін. Біріншісі – бесік тербетіп отырып әлди жырын айта алмайтын әйел, екіншісі – немересіне кешкі ертегі айта алмайтын әже, үшіншісі – қазақ жігітінің өзге ұлттан алған әйелі». Ендеше, ұлт тағдыры – әйелге байланыс­ты екен. Демек, бүкіл қоғам болып ойланатын мәселенің бірі осы сияқты.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ұлы ойдың оянуына себепші болған тарихи мәні зор мақала болды. Ата-бабадан қалған бір ауыз сөзге дейін қасиетті екенін ұғыну үшін Ана тілге үлкен мән берілуі керек. Өз тіліндегі сөздің мәнін ұқ­пай­тындарға, әрине ұлы да­­­­ла­ның сырын, көшпенді ба­баның мұңын, оның ұлы мәдениетінің түп-тамырын ұғыну – оңай шаруа емес.

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,

ақын,Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты