Аймақтар • 28 Ақпан, 2019

Батыс Қазақстан облысында төтеншеліктер жаттығу өткізді

454 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында «Көктем-2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Бүкіл еліміз бойынша ұйымдастырылған бұл сынақ өңірдегі басқару органдарының, азаматтық қорғаныс қызметтерінің, күштері мен құралдарының көктемгі кезеңге дайындығын қамтамасыз етуді көздейді.

Батыс Қазақстан облысында төтеншеліктер жаттығу өткізді

Биыл өңірде қар өте көп. Синоптиктер биылғы қысты «соңғы 30 жыл ішіндегі ең қары көп маусым» деп отыр. Күнтізбеде көктем келіп қалғанымен, күн сайын жауған қар мен соққан боран елдімекендердің қойны-қонышын қарға толтырып, жолдарды бөгеп, ел-жұртты әбігерге салып қойды. «Мұнша қар еріген кезде суға кетіп қалмаймыз ба?» деп қауіптенген төтеншеліктер дайындығын барынша пысықтап жатыр.

Оқу-жаттығу барысын Орал қаласының іргесіндегі «Дубрава» кешені ауданында Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығы генерал-майор Ж.Жұмашев, оқу-жаттығуды басқару штабының бастығы, БҚО ТЖД бастығының орынбасары, подполковник А.Ахметжанов тікелей қадағалады. Сценарий бойынша «қар күрт еріп, оған жауын-шашын қосылып, мұзы әлі толық кетпеген өзендер таси жөнелген. Өңірдегі ірі су қоймаларын жарып шыққан тасқын су жолындағыны қиратып, транспорттық коммуникациялар бүлінді. Кейбір елдімекендер отынсыз, азық-түліксіз, медикамент пен ең керекті заттарсыз қалды. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнді».

Әрине, жаманаттың беті аулақ. Бірақ «Сақтансаң, сақтаймын» деген ғой. Облыс бойынша барлығы 2140 адам және 676 бірлік техника қатысқан оқу-жаттығу шарасы ұйымшылдықпен өтті. «Дубрава» кемпингі аумағындағы Шаған өзеніне «батып кеткен» жеңіл көлік салонындағы жолаушылар, су қоймасына балық аулауға барып, «қиын жағдайға ұшыраған» балықшы дер кезінде құтқарылды.

Барлық арнайы қызмет өкілдері үйлесімді қимылдап, төтенше жағдайдың бетін қайтарды. Зардап шеккендерге алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетілді.

- «Көктем-2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының екі күндік қорытындысы бойынша барлық алға қойылған міндет орындалды, оқу-жаттығу өз мақсатына жетті, - дейді БҚО ТЖД баспасөз қызметінің өкілі Жәдігер Құсайынов.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан