980 миллиард теңге
Мемлекет басшысы 2019 жылғы 1 шілдеден бюджеттік саланың төмен жалақылы жұмыскерлерінің еңбекақысын 30 пайызға дейін арттыруды; аудандық, облыстық деңгейлерде тікелей азаматтармен жұмыс істейтін атқарушы органдардың төменгі қызметкерлерінің еңбекақысын орташа 25 пайызға көтеруді тапсырды. Бұл мақсаттарға 2019-2021 жылдары қосымша 980 миллиард теңге бөлінеді.
350 миллиард теңге
Елбасы 2025 жылға дейін облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды жөндеуді тапсырды. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін қосымша 350 миллиард теңге бөлінеді.
«Соңғы жылдары республикалық автокөлік желілері құрылысы бойынша аса зор, тарихи маңызды жұмыстар жүргізілді. Тұтастай алғанда, біз 12,5 мың км автомобиль жолы мен 2,5 мың км темір жол, теңіз порттарын салдық және жөндеуден өткіздік. Әрине, автобандар салған маңызды, бірақ үйге дейін жол салған одан да маңыздырақ. Заманауи жергілікті жолдар желісін кеңейту – бұл орындалуын партия бақылауына алуы тиіс Үкіметтің шешуші міндеті. Аталған мақсаттарға қосымша 350 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Бұл шаралар 2025 жылға қарай облыстық және аудандық маңыздағы автожолдардың 95 пайызын жақсартуға жәрдемдеседі» деді Н.Назарбаев.
330 миллиард теңге
Коммуналдық саланы жетілдіру үшін жалпы сомасы 330 миллиард теңге қарастырылып отыр. Сумен және кәріз жүйелерімен қамтамасыз ету үшін қосымша 140 миллиард теңге, газдандыру және электрмен қамтамасыз ету жұмыстарына шамамен қосымша 190 миллиард теңге бөлінеді.
300 миллиард теңге
Қазақстан Президенті сондай-ақ мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршылар мен отбасыларға (тұлғаларға) жәрдемақыны 30 пайызға көтеруді тапсырды. Бұл шара 100 мыңнан астам адамды қамтиды. Оны жүзеге асыруға 2019-2021 жылдары қосымша 300 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу тапсырылып отыр.
180 миллиард теңге
Елбасы өңірлік көлік инфрақұрылымдарының барлық нысаны, оның ішінде аэропорттар, авто және темір жол вокзалдары жаңғыртылуы тиіс екендігін атап көрсетті. Астана, Алматы және Шымкент сияқты ірі қалалардың шет аумақтарында қалыптасқан проблемаларды шешу үшін 2019-2021 жылдарға қосымша 90 миллиард теңге бөлінеді.
Сондай-ақ ауыл халқының тұрмысын жақсарту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы әзірленбек. Оны жүзеге асыру үшін 2019-2021 жылдары 90 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылып отыр.
120 миллиард теңге
Елбасы денсаулық сақтау саласын дамытуға қосымша 120 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Мұның нәтижесінде 7 өңірде жылына 100 мың пациентті қамтитын стационарлық-медициналық көмек көрсетудің сапасы мен қолжетімділігі арта түседі.
50 миллиард теңге
Аз қамтылған көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін жыл сайын 50 миллиард теңге бөлінеді. Нәтижесінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салынады.
«Бұл мақсатқа таяу жеті жылда қосымша 50 миллиард теңге жыл сайын бөлу қажет. Сонымен қатар табысы төмен көп балалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар үшін баспана алудың қолжетімділігін арттырған жөн. Азаматтардың осы санаттары үшін тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй қарыздарын ұсынудың жеңілдікті тетіктерін әзірлеуді тапсырамын. Тұрғын үй жинақ банкіне осы мақсатқа жыл сайын 50 миллиард теңге бөлінетін болады, деді Елбасы.