Спорт • 28 Ақпан, 2019

Аким Мусаев: спорттық гимнастикадан Олимпиада жолдамасын алатын мүмкіндік зор

559 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Спорттық гимнастикадан Мельбурнде аяқталған әлем кубогі кезеңі қазақстандық Аким Мусаев үшін сәтті өтті деуге негіз бар. Былтырғы маусымда жарақатына байланысты біраз үзіліс алған гимнаст биыл бабына қайта ене бастады. Австралиядағы әлем кубогі додасында ол екі жаттығу бойынша финалға шығып, екеуінде де 7-ші орыннан көрінді. 

Аким Мусаев: спорттық гимнастикадан Олимпиада жолдамасын алатын мүмкіндік зор

Olympic.kz сайтына сұхбат берген Мусаев Мельбурн финалында ненің кедергі болғанын, тұғырдан көріну үшін не жетпей қалғанын түсіндірді. 

 - Үздік үш спортшының қатарына кіретін мүмкіндік менде болды. Алайда, мықтылар қатарынан сырт қалдым. Неге? Өйткені, әрбір снарядтағы жаттығу кезінде қысым болды. Ат снарядындағы жаттығуды таза орындаймын деген үмітім зор еді. Осы сенім менің құлап қалуыма әкелді. Өз күшіңе тым сенімді болғанның да кері әсері бар екен. Ал қоссырықтағы жаттығуға дейін толығымен демалып үлгермедім. Уақыт тығыздығына байланысты тезірек ортаға шығуға тура келді. Бірақ бұл жаттығуды құламай, комбинацияларды түгелдей орындадым. Тек қателіктер кетті... Жалпы алғанда, кубоктік кезең жаман өткен жоқ. Бәрі де уақытпен, тәжірибемен келеді,  - дейді Аким. 

Спортшының айтуынша, финалдық кезеңде қате жіберуіне толығымен жиналып үлгермеуі себеп болған. 

 - Финалда бар күшім мен ойымды жинақтай алмадым. Жүлде ауылынан алыс қалуыма осы себеп болған шығар. Шыны керек, өзіме аздаған сенімділік жетіспейді. Әйтпесе, басқалардың қолынан келген комбинацияны мен де орындай аламын, - дейді ол. 

Аким Мусаев пен командаластары алдындағы басты мақсат – Олимпиада ойындарына жолдама алу. Бүгінде гимнастар лицензиялық жарыстарда ұпай жинау үшін бар күшін салуда. 

 - Олимпиадаға жолдама алу міндеті бәріміздің алдымызда тұр. Токиоға дейін әлі біраз уақыт бар. Егер жаттығу барысында құламасақ, лицензия алатын мүмкіндік жоғары. 2020 жылы Токио төрінен көріну үшін тынбай дайындалудамыз. Базалық жаттығуларды қиындатып, комбинацияларды таза орындау үшін еңбек етудеміз, - дейді Аким.  

Қазақстандық гимнаст өзінің оң жамбасына келетін жаттығу түрлерін де атап өтті. 

 - Маған гимнастикалық қоссырық пен ат снаряды, сондай-ақ, еркін жаттығу ұнайды. Осы гимнастикалық құрылғыларда өзімді судағы балықтай сезінемін. Біздің командаға шығыршықпен жаттығу ғана қиын соғып тұр. Командаластарымның барлығы да бұл снарядта әлсіз. Біз комбинацияны таза орындаймыз, бірақ, базалық қиындығы жөнінен біраз артта қалудамыз, - дейді гимнаст.

Спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасы Әзірбайжанның Баку қаласында өтетін әлем кубогі кезеңіне қатысады.