08 Желтоқсан, 2012

Дүбірге толы дүние

201 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дүбірге толы дүние

Сенбі, 8 желтоқсан 2012 6:57

Палестинаға тәуелсіздікті неге қиғысы келмейді

Палестинада мереке болып жатқанына біраз күн. Сондағысы – Палестина автономиясына мемлекет-бақылаушы мәртебесінің берілуі. БҰҰ-ға толық мәнді мүше емес, тек бақылаушы дәрежесінде ғана. Халық соған да қолымыз жетті деп қуануда.

 

Сенбі, 8 желтоқсан 2012 6:57

Палестинаға тәуелсіздікті неге қиғысы келмейді

Палестинада мереке болып жатқанына біраз күн. Сондағысы – Палестина автономиясына мемлекет-бақылаушы мәртебесінің берілуі. БҰҰ-ға толық мәнді мүше емес, тек бақылаушы дәрежесінде ғана. Халық соған да қолымыз жетті деп қуануда.

Бір елдер бұған да қарсы болды. Неге? Палестина несін алды олардың?! Неге палестиналық­тар­дың тәуелсіз ел, мемлекет болуға қақысы жоқ? Сол тәуелсіздік жолында олар аз күресті ме, аз қан төкті ме? Олардың күресіне бүкіл әлем куә. Жарты ғасырдан астам уақыт күресіп келе жатыр. Олар БҰҰ Бас Ассамблеясында мемле­кет-бақылаушы мәртебесін алғаны­на шүкіршілік дейді.

Бұған да қолдары әзер жетті. Бұған дейін де, былтыр ғана БҰҰ-ға толыққанды мүше болу мәселесі қаралғанда, Қауіпсіздік Кеңесіндегі вето құқын пайдаланып, АҚШ өткізбей тастаған. Ал енді мемле­кет-бақылаушы мәртебесін алуға бұл елдің қарсылығы кедергі бола алмады. Ал АҚШ барынша қаса­рысып бақты.

Енді сол дауыс берудің нәти­жесіне келейік. Палестиналық­тардың мәртебесін жақтап, 138 ел дауыс берді. Онда жетекші елдерден Ресей, Франция, Жапония болды. Ресейдің жайы белгілі – олар АҚШ-қа жақпайтын нәрсені қол­дайтыны анық. Ал Жапония мен Францияның өздерінің басты одақ­тастарына қарсы келуін барынша принциптілік деп бағалаған жөн. Атап айтатын бір жай – қалыс қалғандардың саны айтарлықтай болды – 41 мемлекет. Сол бейта­рап­тардың қатарында Ұлыбри­тания мен Германия бар. Өздерінің көзқарасын айқын көрсетсе болар еді ғой дейсің. Бұлар тайсақтады, принциптілік көрсете алмады.

Қарсы болғандар, бір сөзбен айтқанда, АҚШ пен Израильді жақтағандар көп емес, бар-жоғы 9-ақ мемлекет. Оларды атап көр­сеткен жөн-ау. АҚШ пен Израильден басқа Канада, Панама және Чехия, сондай-ақ Австралияның ма­ңын­дағы мұхиттағы төрт арал-мемлекеттер: Маршалл аралдары, Микронезия, Науру, Палау.

Әрине, жақтауға немесе қарсы болуға әркімнің өз құқы бар дейміз ғой. Бірақ осы жерде бір елдердің қолжаулық болып жүргенін де аңғарғандайсың. Басқа бір елдің зорлығымен Грузиядан бөлініп шыққан Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін әлемдегі үш-төрт ел ғана таныған еді. Соның бірі – Науру. Сонда жұрт бұл ел Ресейдің берген 50 миллион долларына жығылды деген әңгіме айтқан. Сол қаржы көп еместей де көрінер. Бірақ жері бір шетінен айқайласаң, даусың екінші жағына жететін 21 шаршы шақырым ғана, халқы 13,4 мың құртақандай ел үшін қыруар дүние еді. Сонда бі­реулердің тәуелсіздігі үшін күрес­кендей Науру елінің енді өмірі тек тәуелсіздік үшін күреспен өтіп келе жатқан палестиналықтарға қар­сы болғаны қалай дейсің.

Палестинаның тәуелсіз мемлекет болғанына Израильдің қарсы болуы түсінікті. Ал АҚШ – оған одақтас ел. Олардың Палестина­ның тәуелсіз мемлекет болуын келіссөз жолымен алуы керек дегенде, ондай жағдайда бұлар өзде­рінің біраз шарттарын палестина­лықтарға арқалатары анық. Ал БҰҰ арқылы жетсе, Израильге қояр талаптарын халықаралық сот арқылы жүзеге асыра алады.

Бүгінге дейін Палестинаның тәуелсіздікке қолы жетпей келе жатқандығында екі жақтың да кінәсі барлығы белгілі. Бұлар екі мемлекет болып қатар өмір сүруді емес, бірін бірі жоюды мақсат етті. Палестинаны Азат ету ұйымының жарлығында бірінші бап Израильді жою болып тұрды. Оған Израиль­дің келіспеуі өз алдына, ондай күшті құртуды ойлады. Ал «ХАМАС» ұйымы сондай мақсатты қазір де ұстанады.

Әлем жұртшылығы Палестина­ның тәуелсіз мемлекет болуы жа­ғында. Оны БҰҰ Бас Ассамблея­сының шешімі де аңғартты. Палес­тинаның күресі – сепаратистік сипатта емес, нағыз халықтық заңды талап сипатындағы күрес. БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл халықтың өз мемлекетін құру жөніндегі құқын 1947 жылғы 29 қарашадағы шеші­мімен белгілеген. Енді соны жүзеге асыру керек. Бұл – ең алдымен БҰҰ-ның міндеті.

Жосықсыз әрекет жақыныңа да жақпайды

Солтүстік Корея тағы да бір дауды бастады. Олар ғарыштық зымыранды сынақ ретінде ұшыратынын хабарлады. Ал бұл БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарына қайшы. Оған олардың қарайтын түрі жоқ.

Мұндай жосықсыз қадам әлем жұртшылығының наразылығын тудырды. Оларды әдетте КХДР-мен келіссөз жүргізетін әлемнің жетек­ші державалары ғана емес, оның ішінде бұл елге дәстүрлі одақтас саналатын Ресей мен Қытай да айыптап отыр. Тіпті орыстар бұл зымырандар өз аумағының үстімен ұшатын болса, атып түсіреміз деп мәлімдеп те тастады. Мұндай мәлімдемені хабар шыққан соң-ақ жапондар да жасаған. Оңтүстік Корея да өз әуе кеңістігін бере қой­майтынын ескергенде, сол зымы­ранның ға­рышқа ұшып шығуы да оңай болмас.

Пхеньян осы айдың 10-ы мен 22-сінің арасына жоспарланып отырған бортында жердің жасанды серігі бар зымыранды ұшыру тек қана бейбіт мақсатты көз­дейтінін айтады. Ғарышқа шыға­тын жер серігі Солтүстік полюсті бақылай­тын болады дейді. Осы күнге дейін арандату әрекетімен айналысып, үнемі дау шығарып жүретін сол­түстіктік корейлерге жұрттың сенімі таусылған. Тіпті қазіргі мақсаттың бейбіт ниетте болған­мен, ертеңгі күнгі бұл тәжірибеңді басқа мақсатта пай­далануың мүмкін, сондықтан ға­рыштық зымырандарды ұшы­ру­ды доғар дейді. Бұл – БҰҰ-ның талабы.

Халықаралық талапқа кереғар әрекетін КХДР бұған дейін де жасаған. Осы жылдың сәуірінде өз көсемдері Ким Ир Сеннің 100 жылдығы құрметіне «Ынха – 3» баллистикалық зымыранын ұшыр­­ған. Ол сәтсіз аяқталып, біраз бе­делінен айырылғаны бар. Енді жаңасын ұшырмақ. Жер серігін алып ұшатын зымыран ядролық қаруды да алып ұша алады. Жұрт содан қорқады. Ал КХДР басшы­ларының мақсаты да сол. Халық­аралық қоғам­дастыққа шарт қой­ғысы келеді. Ядролық қарудан бас тарт десең­дер, ол үшін үлкен эко­номи­калық, ең алдымен, азық-түлік көмегін көр­сетіңдер дейді. Бел­гілі дәрежеде сол шарт қабыл­данып, бұл елге айтарлықтай қа­йырымдылық кө­мек те көрсе­тілді. Соған қарамай, Пхеньян аранда­тушылық әрекет­терін үде­те түседі.

Көп адам КХДР-дің жаңа басшысы Ким Чон Ын, әлем жұрт­шылығының пікірін ескеріп, бұған дейінгі милитаристік саясаттан бас тартып, жаңа бағыт ұстанар деп те үміттенген. Үміт ақталмай отыр. Оған бірден-бір мысал – осы ғарыш­тық зымырандарды сынау әрекеттері. Сонымен қатар, қорға­ныс министрі етіп Ким Кек Сик сияқты шаш ал десе, бас алғандай генералды тағайындауы да Ким Чон Ынның әскерді арқа тұтаты­нын, мили­таристік саясаттан бас тартпайтынын аңғартқандай.

Шыдамның да шегі бар дегендей, халықаралық қоғамдастық Солтүстік Корея басшылығының жосықсыз әрекеттеріне көзқара­сын да мықтап өзгертер деген ой келеді. Өзгерткенде, оларға қарсы санкцияларды күшейтер болса, оны КХДР экономикасы көтере алмайды. Ал одан бұл елдің бұқара халқы көп зардап шегетіні жанға батады.

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстан».