Осы орайда Елбасының 2016 жылдың 14 қаңтарындағы Жарлығымен тағайындалған, еліміз осымен төртінші рет тойлағалы отырған, ә дегеннен өзіне халықтың ықыласын арттырып, өзге ұлық мейрамдардың қатарынан лайықты орнын тапқан, 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесінің маңызы зор.
Алғыс айту күні қоғамымыз жылы қабылдаған, жалпыхалықтық сипатқа ие болып, аз ғана уақыттың ішінде өзіндік орнын қалыптастыра білген айтулы мерекелердің біріне айналды.
Негізінен, бұл мейрамды атап өтудегі басты мақсат – түрлі тарихи жағдайлар себебімен елімізге қоныс аударылған этностар өкілдеріне кезінде өздеріне көмек қолын созған, арып-ашып жеткенде жатырқамай бауырына басқан қазақ ұлтына, қазақ даласына құрмет көрсетіп, ризашылықтарын білдіруіне мемлекеттік деңгейде, кең ауқымда мүмкіндік беру. Бұл елішілік үйлесімнің, қазақстандық түрлі этностардың ұлтымызға деген сый-құрметінің арта түсуіне оң әсерін тигізеді.
Сонымен қатар Алғыс айту күні қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы мемлекеттік саясаттың ішкі мазмұнын аша түсіп қана қоймай, қоғам мүшелерін өзара сыйластыққа, өзара көмекке, қайырымдылық істерге үндейді әрі отаншылдыққа тәрбиелеуді көздейді.
Осы орайда Мемлекет басшысының 2016 жылдың 1 наурызында өткен Алғыс айту күнінің алғашқы салтанатты жиынында: «Алғыс айту күні – енді ұлттық күнтізбедегі Еңбек күні, Отбасы күні сияқты өзге де мерекелердің қатарындағы жаңа дата. Мен бұл мереке қазіргі уақытта аса қажет біздің қоғамдағы сенімді, келісім мен достықты бұрынғыдан да нығайта түсетініне сенімдімін», деген сөзі ойға оралады.
Жалпы, осы мерекені атап өту кезінде қазақтың жомарттығы, қонақжайлылығы, қайырымдылығы мен кең пейілі барша қазақстандықтардың жадында қайта жаңғырады. Бұл өз кезегінде қазақ ұлтының мерейін асыратыны анық.
Еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің арасындағы саяси қуғын-сүргін жылдарының куәгерлері мен олардың ұрпақтары қазақ халқының өздеріне жасаған қамқорлығын әркез тебірене еске алады. Бұған Алғыс айту күні мерекесінің Астанада өткен алғашқы алқалы жиынында Мемлекет басшысының: «Олар кезінде өздеріне де оңай болмағанына қарамастан, қазақтардың қайырымдылығы үшін, сол кездегі тыйымдарға қарамастан, батыл әрі риясыз көмегі үшін алғыс айтады. Қазақтар да бауырластарға туған өлкеге деген сүйіспеншілігі үшін, жеріміздің түрленуіне қосқан үлесі үшін, ұлттық мәдениетке, тілге және дәстүрге деген құрметтері үшін алғыс білдіреді», деп айтқан сөзі дәлел.
Патшалық Ресей тұсындағы Столыпин реформасы кезінде Қазақстанға Ресей, Беларусь және Украинадан 1 миллионнан астам адам қоныс аударуы еліміздің ХХ ғасырда көпэтносты ел болып қалыптасуын бастап берді. Ал өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы ұжымдастыру кезінде бұрынғы КСРО-ның көптеген өңірлерінен 250 мың шаруа Қазақстанға жер аударылды. Бұлардан бөлек, осы кезеңдерде өнеркәсіп саласындағы құрылыстарды жүргізу үшін 1,2 миллион адам келді. Сол сияқты, Сталин режімінің ықпалымен 800 мыңға жуық неміс, 102 мыңдай поляк, Солтүстік Кавказ халықтарының 500 мыңнан астам өкілі, 18,5 мың корей отбасы елімізге жер аударылған. Қазақ даласына жүк вагондарымен, әскери көліктермен аш құрсақ, арып-ашып жеткен оларға жергілікті қазақтар бар мүмкіндігінше көмектесті.
Бұған қосымша, сталиндік қуғын-сүргін кезінде Қазақстандағы жазалау лагерьлеріне қамалған мыңдаған тұтқындар, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде елімізге эвакуацияланған 350 мың жан, ХХ ғасырдың орта тұсында тың игеруге келген 1,5 миллион адам, әскери нысандарда өзге аймақтардан келіп жұмыс істеген 150 мың маман елімізде тұрақтап қалды.
Қазақ халқы елімізге қоныс аударылғандардың ешқандай кінәсі жоқ екенін түсіне білді. Осы түсінік қазақтардың өзге этностарға деген ықыласын еселеп арттырды.
Міне, бұл жоғарыда сөз болған тарихи жағдайлардың барлығын бүгінгі және келер ұрпақ білуі тиіс. Осы орайда ынтымақ пен бірлікті ту етіп алға басып келе жатқан көпэтносты Қазақстанның тұрақтылығын, орнықты дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды қолға алғанда Елбасының «Этностық алуандылық – біздің елдің әлсіз тұсы емес, оның байлығы», деген сөзін басшылыққа алуымыз қажет. Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыру, әлем мемлекеттерімен екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты нығайту бағытындағы мақсатты шараларды жүзеге асыру барысында еліміздегі түрлі этностарды «алтын көпір» ретінде қарастыру ісі маңызды деп ойлаймыз.
Қорыта айтқанда, Алғыс айту күні ел мүддесінің, ел тілегінің бір ортақ арнада тоғысуының қаншалықты мәнге ие екенін ұқтыра түсетін мереке. Оның негізінде халқымызды біріктіруші күш, өзара құрмет пен сыйластыққа шақыратын ізгілік иірімдері жатыр. Оның үстіне, бұл мейрамда Абай атамыздың: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» деген өсиетіне адалдық танытқан қазақ ұлтының өзге этнос өкілдеріне көрсеткен қайырымдылығы, қамқорлығы, оларды өзі жетісіп отырмаса да шеттетпей, бауырына басқаны қоғам санасында қайта жаңғырып, жүректі қозғайды.
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»