Иә, көркем көктеммен бірге Қаллеки театрына енген таза шығыс дәстүріндегі шырайлы рух бізді де ғаламат бір ғажайыптың боларына сендіріп, театрға қарай шақыра берген. Себебі жаңа қойылымды Тәжікстаннан арнайы шақырылған танымал драматург, режиссер, театр және кино актері Барзу Абдраззаковтың өзі сахналады. Режиссер Барзудың бұған дейін де еліміздің бірнеше театрында қойған сәтті жұмысына куә болып жүргеннен кейін шығар, кезекті ізденісіне зор сенім білдірістік. Оның үстіне, театр сахнасына алғаш болып парсы ақыны Гәнжауи Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын шығаруын үлкен тәуекелге балап, батылдығына риза болғанымыз да жасырын емес. Өйткені бұған дейін тек балет тілінде сөйлегенімен, әлемдік драма театрлары тәжірибесінде айтулы шығарманың сахналануы болған емес. Оның басты себебін драматургия заңдылығына сәйкес сахналық қайшылықтың жеткіліксіздігінен деп түсіндіріп, қабылдап келдік. Кезекті жұмысында Барзу сол табу-түсінікті жоққа шығаруға барынша талпынып бақты.
Хош! Сонымен біз куә болған «Ләйлі-Мәжнүннің» ең әуелі шығыс колоритін бойына сіңіруге ұмтылғаны ұнады. Бұл тұрғыда сценограф Қанат Мақсұтовтың еңбегін айрықша айтып өту әділетті болады. Сахна суреті мен костюмде бедерленген бейнелі тіл шығыс әлемінің нәзік иірімдері мен тұтас менталитетін ұтымды көрсете алған. Ортадағы шеңбер мен құмның ойнатылуы да спектакль атмосферасын ашуға сәтті қызмет етеді. Бұдан бөлек, режиссер қобыз, гобой сынды бірнеше аспап түрін сахна төріне шығарады. Жанды музыка, қойылымның лейтмотиві етіп алынған қобыздың күңіренген күмбір үні махаббаттың азабын тартқан қос мұңлық – Мәжнүн мен Ләйлінің ішкі драмалық күйін дөп басып, жүректі пенденің көңіл қылын шертеді. Осындай сәтті штрихтар арқылы режиссер шығыс әлемінің бар сұлулығы мен салтанатын жеткізуге талпынған. Және онысы толықтай мақсатты межесіне жеткен.
Жалпы, біз білетін Барзу Абдраззаковтың режиссерлік қолтаңбасы өзге әріптестерінен ең алдымен актер жанын басты планға шығаруымен ерекшеленеді. Сол арқылы сахнадағы өз ақиқатын іздейді. Ол ұсынатын сұлулық әлемі тіпті де сыртқы әрекетке байланысты емес, жан дүние пластикасы алдыңғы орында. Оны сахнадағы актерлік ізденістерден де айқын байқауға болады. Бұл тұрғыдан келгенде, Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық драма театры труппасына терең ойлы суреткермен жұмыс істеу үлкен тәжірибе болғаны анық. Ержан Нұрымбет, Қуандық Қыстықбаев, Алтынай Нөгербек, Мейрам Қайсанов бастаған театрдың тісқаққан тәжірибелі әртістерімен қатар, жас сахнагерлер – Олжас Жақыпбек, Инабат Әбенова, Жанат Оспанов сынды бір топ талантты жастың да бұған дейін кейіптеген бейнелерінен бөлек, тосын, тың ізденістеріне куә болдық. Қойылымның олжасы – осы.
Әйтсе де үлкен істің кемшіліксіз болмайтыны және рас. Көңілге қонбайтын ондай олқылықтың дені тікелей драматургияға келіп тірелді. Әдеби туынды ретінде классика болғанымен, жоғарыда атап өткеніміздей, сахна заңдылықтарына келгенде «Ләйлі-Мәжнүннің» бір қайнауы ішінде. Осы кемшілік режиссерге сахнада бар мүмкіндігін көрсетуіне кедергі бола бергендей сезілді. Онысын режиссердің өзі де қойылым жанрын айқындағанда анық аңғартып қояды. Яғни, спектакльді трагедия немесе драма емес, поэма деп көрсетеді. Демек, әдеби поэмада драмалық қайшылықтың солғын түсіп жатуы қалыпты жайт. Жанр талаптары тұрғысындағы аталған кемшілік қойылым динамикасы мен темпоритмін барынша баяулатып, бірсарындылыққа алып келгендей. Сол үшін де суреткер жұмысында парсының көше театрлары әзілдеріне, түрлі фарстарға мақсатты түрде барады. Бірақ, өкінішке қарай, режиссер тарапынан табылған мұндай шешім қойылымның көркемдік бояуын қалыңдатты деп айта алмаймыз. Керісінше, дастандағы мәңгілік махаббат тақырыбын солғындыққа ұрындырғандай. Негізгі түсірілуі керек екпін нысанасын дөп таппаған сөйтіп. Яғни, айтпағымыз – қойылымда Каисты мәжнүн күйге түсірген алапат махаббат жоқ. Бас кейіпкер – Ләйлі мен Мәжнүннің ғазалы ғашықтық күйі көрерменін сендірмейді. Рөлге таңдалған актерлер сахнада сондай тартымды, бірақ кейіпкер мінезін мүсіндеуде жан жоқ, сәуле жоқ. Бұдан бөлек, әртістер репликасының бастан-аяқ поэтикалық диалогтермен өрілуі де қойылымды спектакль емес, композициялық жұмыс табиғатына көбірек жақындатып жібергендей әсерде қалдырған. Әрине театрдың мұндай үрдісі парсы елдеріне, әсіресе Әзербайжан мен Тәжікстан театрларына тән, қазірдің өзінде жиі ұшырасатын көркемдік тәсіл болғанымен, Қаллеки театры әртістеріне де, көрерменнің қабылдауына да біршама салмақ түсіргендей сезілді. Бірақ соған қарамастан, сахнада рөлін тамаша сараптау соқпағына түсірген Дәруіш бейнесіндегі Ержан Нұрымбеттің еңбегі атап өтуге лайық. Актер үніндегі бейнебір музыкадай құйқылжып төгілген әсерлі дауыс, қазақы құнарға бай үн палитрасы шын мәнінде сахнаның сәнін кіргізді. Мәжнүннің ата-анасын кейіптеген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев пен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынай Нөгербек арасындағы терең түсініскен шығармашылық тандем де көңілге жылылық сыйлайды. Керісінше, Ләйлінің анасы мен диуана кемпірлер бейнесінде көрінген бір типтегі бірнеше актриса ойынынан өзіне тән ерекшелік таппай қиналдық. Сахнаға шығып, дарақы айғайға басқан сахнагерлер ізденісіне әлі де өз бедері мен ерекшелік штрихтарын табу жағы жетіспей жатқанын да, орайы келгенде, атап өтуді жөн көрдік. Бәлкім, мұның барлығы тек премьера қарбаласындағы толқыныс, жан дірілі де болар. Қойылым да, актерлік ойын да дайындық, күнделікті тәжірибе, ізденістің нәтижесінде өз арна-жүйесіне түсіп, сахнадағы межелі биігін белгілер деп сенеміз.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»